Жаңалықтар

Салт–дәстүр салтанаты

Береке мен бірлікті, ынтымақ пен тірлікті, кең пейіл мен көктем жылуын ала келген Наурыз Ақтоғай ауданының халқына да көл-көсір қуаныш сыйлады. Күн мен түн теңелетін, адамның аузы – аққа, малдың аузы көкке тиетін шуақты шақта тойланатын мерейлі мерекені ақтоғайлықтар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сән-салтанатымен қарсы алды.

Негізі думан дүбірі он күн бұрын жетті. Ауыл-аймақ терең талғаммен безендіріліп, барлық мектеп пен аграрлық-техникалық колледжде Наурыз мейрамы мен ұлттық салт-дәстүрге арналған тақырыптық тәрбие сағаты, концерт және спорттық сайыс өтті. Кітапханада «Ұлыстың ұлы күні», «Қош келдің, әз Наурыз!», «Наурыз-думан» атты әдеби-сазды кеш, кітап, сурет көрмесі, Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінде қазақтың ұлттық тағамын қастерлеген «Ата мұра – асыл қазынам» атты көрме ұйымдастырылды.

Ауданның барлық округінде өт­кен «Мейірім мерекесі – Наурыз!» атты қайырымдылық акция­сы аз қамтылған отбасыларды те­гіс қамтыды. 120 отбасыға түскі ас берілді. 1 тоннадан аса «Наурыз-көже», 300 келіге жуық бауырсақ тегін таратылды.

«Төрлет, Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз!» атты жалпы халықтық серуен ұйымдастырылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Аудан орталығындағы алаңда «Береке және бірлік мейрамы – әз Наурыз!» атты мерекелік шеру өтті. Тігілген әр киіз үй ауданда туған елге әйгілі тұлғалардың есімдерімен аталды. «Наурыз – достық мерекесі» тақырыбында ұлттық спорт түрлері – бәйге, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, асық ату, кір тасын көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақтан жарыс өтті.

Өз тілшімізден.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button