Жаңалықтар

Сайлау қорытындысы шығарылды

Өткен жексенбіде Қарағанды облысындағы мәслихаттардан шығып кеткен депутаттардың орнына жаңа депутаттар сайланған еді. Сөйтіп, дүйсенбі күні Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ қатысуымен сайлау қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Депутаттық міндетінен мерзімінен бұрын бас тартудың негізгі себебі – мекен-жай ауыстыру. Кейбір халық қалаулылары мемлекеттік қызметке ауысса, бір депутат сот үкімімен жауапкершілікке тартылған екен.

Сайлау барысында барлығы 30 үміткер ұсынылған еді. Дегенмен, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 104-бабындағы 4-тармағына сәйкес, тіркеуге қажетті құжаттар ұсынылмағандықтан, округтік сайлау комиссиясы 1 кандидатты тіркеуден бас тартты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 104-бабындағы 3-1-тармағына сәйкес, кандидаттар жария еткен кіріс және мүлік туралы мәліметтің анық еместігіне байланысты №15 Шығыс сайлау округінен ұсынылған екі үміткерді тіркеу туралы шешім өз күшін жойды, – деді Ерқара Аймағамбетов.

Сөйтіп, облыс бойынша сайлау бюллетеньдеріне барлығы 27 үміткер енгізілсе, 1 депутаттық мандатқа орташа есеппен 3 кандидат бәсекелескен екен.

Тіркеу жұмыстары аяқталған соң, биылғы 28 ақпан мен 23 наурыз аралығында үміткерлер сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл ретте, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін барлық үміткерге жалпыға бірдей жағдай жасалғанын айта кету керек. Барлық үміткер үгіт-насихат плакаттарын әзірлеп, мейлінше көп дауыс жинауға тырысты.

Өз кезегінде 10 наурыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары тиісті округтің сайлаушыларымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Яғни, сайлаушылар тізімі нақтыланып, оларға сайлау өтетін орындар айтылды.

Барлық округтер бойынша дауыс беру тізіміне барлығы 65 мыңнан астам сайлаушы енгізілді. Ал, дауыс беру күні сайлау учаскілеріне соның 46159-ы немесе 71%-ы қатынаған екен. Ең көп келгендер Приозерск қаласы мен Ұлытау ауданында тіркелді. Барлық сайлау учаскелерінде бақылаушылар мен үміткерлердің сенімді тұлғалары болды.

Нәтижесінде, шығып кеткендердің орнына облыстық мәслихатқа 2 депутат, қалалық мәслихатқа 6 депутат, аудандық мәслихатқа 1 депутат сайланды. Сөйтіп, облыстық мәслихатқа “ҚТЖ” ҰК” АҚ магистральдік желісі қарағандылық бөлімінің директоры Айдос Майқыбеков және “Қарағанды қаласының №1 қалалық ауруханасы” КМҚМ директоры Дмитрий Чернов сайланды.

Бұдан бөлек, №12 сайлау округі бойынша Жезқазған қалалық мәслихатына Бақытжан Көпбаев, №18 сайлау округі бойынша Теміртау қалалық мәслихатына Алтынбек Есмұрзаев, №7 сайлау округі бойынша Шахтинск қалалық мәслихатына Ғалымтай Қаржасов, №1 сайлау округі бойынша Приозерск қалалық мәслихатына Ұлан Алмас, №5 және №13 сайлау округтері бойынша Саран қалалық мәслихатына Нұргүл Тәжібаева мен Өміржан Баймағанбетов, №9 Қаракеңгір сайлау округі бойынша Ұлытау аудандық мәслихатына Эльмира Ершұманова сайланды.

Сайланғандар арасында екі әйел бар болса, депутаттардың орташа жасы – 48.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button