Бас тақырып

Сайланған әкім сенімді ақтай ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруге ерекше ден қойды. Осы саяси реформа аясында биыл бірқатар аудан, қала әкімдері пилоттық жоба ретінде тікелей сайланды. Қарағандыда екі аудан, бір қалада сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кіріскен еді. Алаш арыстарының алтын бесігі Ақтоғай өңіріне іссапарменен жол түсіп, мұндағы халық таңдауы түскен әкім Руслан Кенжебеков­пен жолығып, сайлауалды бағдарламасындағы ауданның экономикалық әлеуеті жөнінде әңгіме өрбіткенбіз.

Жасыратыны жоқ, Ақтоғай ауданына апарар жол­дың бұған дейін сыны біршама кеткен болатын. Қазір аудан орталығына дейінгі шамамен жар­ты жолды асфальттап қойыпты. Алғашқыда тағайындалған Руслан Айтыкенұлы қызметіне кі­рісе сала, тозығы жеткен тасжолдың жөндеу жұмыстарына күш салыпты. Жол мәселесі жаңа әкімнің сайлауалды бағдарламасында да алғашқы мәселелердің тізімінде көш бастап тұр екен. Келер жылы бұл жұмысты Ақсу-Аюлы ауылына дейін жеткіземіз деп отыр.

Иә, рас, Ақтоғайдағы шалғай ауылдарда ауыз су мәселесі әлі де өзекті. 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні шағын ауылдарға су тартылу жұмыстары жүруде.

– Биылғы жылы Қуаныш (409 млн.) және Үшарал ауылдарына (312 млн.) су тартылуда. Ал 364 млн. теңге қаржы қарастырылған Жалаңаш ауылында келесі жылы аяқталмақ. Бұл жұмыстарға облыстан да, республикадан да қаржы бөлінген. Келер жылы 343,6 млн. теңге бөлініп отыр. Ақтоғай 4 кезек, Қарасу, Ақжайдақ елді мекендеріне су тартамыз. Жобаны іске асыруға құжаттар толығымен әзірленген, – дейді Руслан Айтыкенұлы.

Биыл Шашубай кентіндегі 100 пәтерлік үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып қалыпты. Ақтоғай ауылында жеке инвестициялар есебінен салынған 10 пәтер 150 млн. теңгеге сатып алынды. Пәтер кезегін төмендету үшін осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты жаңа әкім.

– Аудан бойынша тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету де маңызды мәселеміз. Нысандарды «ЖезРЭК» АҚ иелігіне өткізу үшін келіссөздер жүргізіліп, арнайы жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес «ЖезРЭК» АҚ-на құжаттар тапсырылды. Бүгінгі күні нысандарды күтіп ұстау, тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, «ЖезРЭК» АҚ-ның мамандарымен бірлесе отырып электр желілерін түгендеу және құжаттарын сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні құжаттарды реттеу, өзгеріс енгізу бойынша тиісті іс-шаралар атқарылуда, – дейді сайланған әкім.

Демек, жел үп етсе, жалп етіп сөнетін жарықтың сапасы артатынына үміт бар.

Сонымен қатар, аудан басшысы биыл Қызыларай ауылында фельдшерлік-амбулаториялық пункт құрылысы басталса, келесі жылы Айыртас, Қусақ, Ақжайдақ, Ортадересін, Қуаныш, Ақтас, Үшарал, Кежек, Нұркен ауылдарынан салынатынын жеткізді.

Сарышаған кентіндегі мектеп-интернатқа және «Айгөлек» балабақшасына, Шашубай кен­тіндегі мектеп-балабақша кеше­ніне, Қ.Нұржанов атындағы мек­тепке, Ә.Ермеков атындағы мек­тепке күрделі жөндеу жұмыс­тарын жоспарлап отыр. Келер жылы «Қазақстан халқына» қоры арқылы Шашубай кентінде шамамен 250 млн. теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешені салынбақшы.

– Ауданға инвестиция тарту, тау-кен өндірісін дамыту ба­ғы­­тында ауқымды шаралар ат­қа­­рыл­ғалы тұр. Былтыр бастау алған «Ирказ Металл Корпорация­сы» ЖШС «Борлы» кен орнында катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы 9,0 млрд. теңгеге іске қосылып, 125 адам жұмыспен қамтылды. Биыл «Balqash Resources» ЖШС «Қаратас 2» кен орнында 4,3 млрд. теңгенің темір және түсті металл өңдеу өндірістік кен-байыту кешені құрылыс жұмыстарын бастады, жоба толық күшіне 2025 жылы енеді. 303 жаңа жұмыс орнын ашылып қалар деп күтіп отырмыз. «SAQ-NS» өндірістік кооперативінде заманауи неміс технологиясы бойынша қымыз өндіру цехы салынды. Өнімділігі тәулігіне – 1200 литр. Жоба құны – 82 млн. теңге. «SAQ-NS» өндірістік кооперативі тәулігіне 5 тонна ет өндіретін модулді мал сою цехын ашпақшы. Жартылай фабрикатты ет өнімдерін шығарады. «QAZAQ STEPPE SHEEP» ЖШС 9000 мал өсіретін мега-ферма құрып, жылына 420 тоннаға дейін ұсақ малдың етін өңдеуге арналған ет комбинатын салу жоспарда бар. Ал, «Global Beef Products» ЖШС 2 мың асыл тұқымды ангус ірі қара малын өсіруде. Осындай, ірі жобалар ауданымыздың экономикалық өсі­мін арттырады, – дейді әкім.

Игерілмей жатқан жайылымдық және шабындық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де белсенді жүргізілуде. Аудан бойынша биыл 192,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Жерлерін пайдаланбай отырған 18 шаруа қожалығы, яғни 73212 гектар жер теліміне мониторинг жүргізіліп, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне тексеріс жүргізу үшін жолданды.

Сайланған әкімнің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі мәселелер реті – осындай.

– Мемлекет басшысының тап­сырмасымен алғаш рет пилоттық режимде аудан мен қала әкімдерін сайлауында алғашқылардың бірі болып Ақтоғай ауданының тізгінін ұстадым. Осы сайлауда аудан тұрғындары маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Жерлестерімнің қолдауымен ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе, – деп әңгімесін түйіндеді Руслан Айтыкенұлы.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button