Саф сезім «Жібек сатымен» жүрекке жетті

Аstana Opera мемлекеттік опера және балет театрының труппасы Арқа жеріне ат басын тіреп, К.Станиславский атындағы мемлекеттік орыс драма театрында өнер көрсетті. Қарағанды – Eurasian Resources Group (ERG) гастрольдік туры һәм ауқымды бастамасы бағдарламасындағы үшінші қала. Бұған дейін іргелі ұжым Павлодар, Екібастұз қалаларында болған. Бағдарламада театр жас көрермендер үшін «Музыка әлемі» бағдарламасын және ересектерге арналған итальяндық композитор Джоаккино РОССИНИДІҢ «Жібек саты» атты бір актілі опера-фарсын жұрт назарына ұсынды. Қойылым ERG құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ қызметкерлері мен олардың отбасыларына арналды.

Бұл айтулы мереке біздің компанияның корпоративтік стратегиясы мен әлеуметтік бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Қарағанды қашанда үлкен мәдениеттің ошағы болған. Бұған дейін мұнда түрлі іргелі театрлар мен атақты әртістердің гастрольдері өтті. Бүгін біз бұл дәстүрді жаңарттық. Алда осындай акциялар әлі де аз емес, – деді «Шұбаркөл көмір» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті Арман Сабиганов.

Жас көрермендер «Музыка әлемі» бағдарламасын тамашалап, мәз-мейрам болды. Концертмейстер Раушан Бескемпірова концерт интерактивті түрде өткенін айрықша атап өтті. Жүргізушілер балаларды опера дауыстарының барлық түрімен – сопранодан басс-қа дейін қызықты түрде таныстырды. Оркестр әртістері оларды алыс барокко дәуіріне жетелей түсті. Балақайлар музыкалық аспаптардың тарихына еніп, сол кездегі сарай қызметкерлерінің қалай шебер билегенін көрді. Бағдарламада Луиджи Боккеринидің «Минуэт» сынды атақты шығармалары орындалды. Иоганн Штраустың «Радецкий марш», Иоганн Себастьян Бахтың «Шутка», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», Эвард Григтің «Пер Гюнт» сюитасынан «В пещере Горного короля» сынды классикалық туындылар ұсынылды. Соңында барлық солистер вокалдық дивертисмент орындап, жас көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, бағдарлама жүргізушілері қазақ ән өнерінің алыптары – Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтардың аңызға айналған әншілік өнері, қандай операларға қатысқаны туралы айтып берді, – деп атап өтті Раушан Қайдарқызы.

Мектеп оқушыларын риза қылған труппа «Жібек сатыға» да құлшына кірісті. Бір актілі опера-фарс – XVIII ғасырда өмір сүріп, 39 опера жазған атақты итальяндық композитор Джоаккино Россинидің ең үздік шығармаларының бірі.

«Жібек сатының» тұсаукесері 210 жыл бұрын – 1812 жылғы 9 мамырда Венециядағы «Сан-Моизе» театрында, «Астана Операда» – 2019 жылғы сәуірде өтті.

Бұл – жас ханым Джулияның өмірі туралы қойылым. Оның қамқоршысы Дормонт Джулияны бай-бақуат Бланзак есімді серіге күйеуге беруді жоспарлап отырады. Бірақ, Бланзак болашақ жарының Дорвильмен жасырын түрде үйленгенін білмейді. Ерлі-зайыптылар Дорвиль мен Джулияның жасырын, түнгі уақытта кездесіп жүреді. Дорвиль әр кеш сайын ғашығының бөлмесіне Жібек сатымен көтеріледі. Ал, Джулияның бөле әпкесі Лючилла болашақ күйеу Бланзакқа ғашық. Осындай қызықты сюжетке қойылған комедияда кейіпкерлер түрлі күлкілі жағдайға тап болады. Қойылымның шарықтау шегінде әркім өз ғашығына қол жеткізіп, бақытқа кенеледі. Қамқоршысы екі қыздың қалауына қарсы келмей батасын береді. Барлық партиялар түпнұсқа тілінде орындалғанына қарамастан, сахнада итальяндық құмарлықтың негізгі идеясы саф махаббат төңірегінде қайнап жатқан тартыстар, кейіпкерлердің ішкі қалауы көрерменге анық жетіп жатты. Өйткені, қойылым кезінде солистер опера арқылы әндете тілдесіп жатқанда сахнаның екі жағынан экраннан қазақ және орыс тілдерінде синхронды аударма жүріп тұрды. Бастан-аяқ барлық партия түпнұсқа италян тілінде шырқалды.

Бізді таң қалдырғаны – операның шынайылығы. Бір мезгілде оркестр жанды дауыста бірнеше партияны мүдірмей орындап отырса, солистер яғни кейіпкерлер өз партиясын өзінше бөлек дауыс ырғағымен орындап тұрды. Өнердің төресі опера осылайша көрерменді таң қалдырды. Операға алғаш келгендері тіпті риза болды. Мұндай тірі өнерді тамашалап, ләззат алу үлкен бақыт екенін айтып жатты өзара. Шындығында, біз сөзден шаршаған екенбіз. Ал, мұнда тек классикалық әуендер әлемі. Операның түрлі иірімде орындалған партиялары, жанды ойналған әуен, экрандағы синхронды аударма үш жақтап көрерменнің миын сілкілеп, күйбеңнен алшақтатып, киелі өнердің асқақ шыңына жетелеп бара жатты. Бір жарым сағат бойы әуелеп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған не деген табиғи дауыс. Ал, біз екі-үш минут тоқтамай сөйлесек, шаршап қаламыз…

Қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов қойылымның неліктен опера-фарс екеніне де түсінік беріп өтті.

Егер, Сіз либреттоны оқысаңыз, онда бәрі меркантильді мүдделерге айналатынын түсінесіз. Мұндай жағдайлар біз өмір сүріп жатқан дәуірде де өз маңызын жоймайды. Қоғам өмірінің мұндай көріністері қашанда болған. Үш ғасыр бұрын да, Джоаккино Россини кезінде һәм бүгін. Бұл тақырып өмір шындығы көрерменді бей-жай қалдырмасы анық. Екіншіден, басынан аяғына дейін біз күлкілі оқиғаның дамуын көреміз, ал шарықтау шегіне жеткенде барлығы бақытты және көңілді. Өлім де, қан да, қайғы-мұң да жоқ. Бүгін театрға келгендер өздері үшін көптеген қызықты нәрселер алып, жақсы демалғанына сенім кәміл, – деді моэстро.

Джулия бейнесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресейде өткен «Культура» телеарнасының «Үлкен опера» жобасының үшінші маусымының жеңімпазы «Астана Опера» театрының примасы Салтанат Ахметова. Дорвильді Артур Габдиев ойнаса, Лючилла бейнесін – Татьяна Вицинская сомдады. Сәтсіз күйеу Бланзакты жетекші солист Евгений Чайников ойнады. Е.Чайников қаламызға алғаш келіп отырған жоқ және оны классикалық музыканы орындаудағы шеберлігі үшін жақсы көреді. Атап өтілгендей, «Жібек саты» қойылымы – «Piccolo» камералық театры» жобасының бір бөлігі. Қойылым жинақы декорациясы һәм онда санаулы орындаушы әртіс ойнайды. Атап айтсақ, бұл қойылымда бас-аяғы 6 солист ойнады.

Бұл бізге Қазақстан бойынша еркін гастрольдік сапарға шығуға мүмкіндік береді, себебі ол көп орын алмайды және еліміздің кез келген сахнасына жайғасады. Ал, көрермендер мұндай спектакльдерді сағынған. Мұны қарағандылық көрерменнің бізді жылы қабылдауынан аңғардық, – деп атап өтті Евгений Чайников.

Осылайша, көптен күткен классикалық өнердің жауһар туындысы талғамы биік көрерменнің көңіліне мықтап орнықты. Жібек сатымен көтерілген саф махаббат жүрекке жетті һәм мәңгі өлмейтінін дәлелдеді. Иә, махаббат – мәңгілік!

Жәлел ШАЛҚАР.