Руханият

Саф өнердің алтын сандығы

Қазақтың тағы бір қайталанбас шығармашылығы – қолөнер. Сан ғасыр сапырылысса да сарқылмаған саф өнер бүгінде бабалардан балаларға берілген. Қазақылықтың қаймағындай болған осынау бірегей өнерді қайта жаңғырту мақсатында һәм қолөнермен айналысатын ісмерлердің өнерін өрге домалату үшін Қарағанды қаласының Достық үйінде алғаш рет ҚХА жанынан құрылған Аналар кеңесінің қолдауымен «Ісмер» ұлттық қолөнер шеберлер клубының жетекшісі және жеке кәсіпкер Перизат Құлымбетованың ұйымдастыруымен «Қол өнері – қазақтың төл өнері» атты облыстық форум өтті.

Жылдар бойына дамып қалыптасып келе жатқан қолөнер кешегі кеңестік дәуірде келтеленгені бар. Десек те, текемет-киіз басу, ер-тұрман, қазақы бас киімдер, тоқыма бұйымдар жасау үрдісі тоқтаған жоқ. Бүгінде байырғының ізімен жүн түтіп, ұршық иірген аналарымыз, қыз-келіншектеріміз баршылық. Тек олар жасаған бұйымдарды жарнамалар арна болмағаны қынжылтады. Қаламызда алғаш өткен осынау шараға 160-тан астам қолөнерші қатысуының өзі сөзімізге дәйек.

Жалпы қазақы қолөнер арқылы біз үлкен рухани эстетикалық тәлім алып, өнер әлеміне қанат қағамыз. Өнер туындылары белгілі бір дәуірде өмір сүрген халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін тарихи жазба іспеттес. Халықтың асқақ арманын, табиғат сұлулығын, ішкі жан сезімін өнер арқылы білдірген көшпенділер. Дәл осы өнер туындылары арқылы белгілі бір халықтың тарихын білуге болады.

Аталған форумға қоғам қайраткерлері, қолөнершілер, қала тұрғындары қатысып, көрмеге қойылған бұйымдарды тамашалады. Көрмеге іріктеліп алынған 40 қатысушының қолынан шыққан бұйымдар ішінде көпшілік көңілінен шыққан: Тойбастар, қыз жасауы, топы-тақия, төсек жапқыш, шапан, кәжекей, жеңсіз, сонымен қатар, тюрбан мен қазақы бас киім түрлері және тұсаукесер киімдері. Арасында тоқыма бұйымдар да көптеп кездесті. Әрқайсының өзіне тән ерекшелігі мен қазақы белгілері бар. Бірінің ою-өрнегі қиял ғажайыпты еске салса, енді бірінде қанатты пырақ пен қошқар мүйіз оюлары бар.

– Форумның басты мақсаты – ата-бабамыздан келе жатқан мәдени мұраны жаңғырту және сақтау, заман талабына сай этностильді дамыту және жас ұрпаққа үйрете отырып тәрбие беру. Сонымен қатар, Қарағанды облысының қолөнерін республикалық, әлемдік аренаға шығару және қолөнершілерді көбейту, – дейді ҚХА жанынан құрылған Аналар кеңесінің мүшесі Күліш Төлеуханқызы.

Бұл сында бақ сынасқандар қатарында Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаровка аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Приозерск қалаларынан келген қолөнер шеберлері болды. Көрмеде ұсынылған үздік жұмыстардың 40-қа жуық авторы арнай сертификаттар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

– Қазақылықты дәріптейтін, тәрбиеге бастар біздің ұлттық құндылық осындай көне кәсіптердің дамуында деп ойлаймын. Қолдау білдірген Аналар кеңесіне оның ішіндегі «Ісмер» ұлттық қолөнер шеберлер клубына алғысымыз шексіз. Үрдісіміз енді жыл сайын өтетіндей болып жалғасып тұрса тіпті жақсы болар еді, – деп өз ойын ортаға салды көрмеге «қыз жасауын» әкелген қарағандылық шебер Ақмарал Сәбитқызы.

Сондай-ақ, қолөнер шеберлері қонақтарға мүсін, тігін, зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сабақтар өткізді.

Ал, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының өкілдері форумға қатысушылар мен жас қолөнершілер үшін бизнесті қалай бастау, пайызсыз несие алу, өз бизнесін қалай іске асыру және дамыту туралы жан-жақты түсіндірді.

Форум соңы ҚР мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызы мен ҚХА жанындағы «Ақниет» ансамблі, «Қарақат» мектеп студиясы оқушыларының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button