Жаңалықтар

Сағыныш-ғұмыр

    Шоханов-1Астананың ауа райы да ерекше ғой, түске дейін күн тас төбеңнен шақырайып ыстық ұрып тұрса, түстен кейін аспанды қорғасын түстес бұлт қаптап, сіркіреп өтеді. Ерке өскен шалдуар баланың мінезі сияқты. Сол күні Самат ертерек тұрып, Есілдің бойын жағалап, серуендеп жақсы бір әсерде қайтқан болатын. Қызметтес әріптестері есірткі тасымалдаудағы аса бір ірі топты құрықтаудың жолын іздестіріп жүрген. Самат та соның бел ортасында. Есірткі бизнесі – ғасыр дерті болып тұр. Бұған Саматтың да жан дүниесі төзбейді.

Қайтсек те құрықтау керек, есірткі халықтың арасына кеңінен тарап кетсе, қаншама адамдарды улайды, қоғамға зиян келтіреді, – деп жұдырығын түйіп, өзіне-өзі серт берген…

…Есірткі ошағын анықтау да оңай емес. Сарыарқа аудандық ІІБ-нің Криминалды полиция бөлімінің бастығы Қайрат Бекпанов бастаған жігіттер іңір түсе операцияны жедел бастауды ұйғарды. Алдын ала түскен ақпарат бойынша, ірі көлемдегі есірткі құралын сақтағандардың оңайлықпен беріле қоюы да екіталай. Сондықтан, аса сақ болу қажет. Сарыарқа аудандық ІІБ-нің жедел уәкілдері Ерлан Болшыманов, Нұркен Зейін және Самат Шоханов қылмыскерлерді құрықтаудағы ең шешуші алғы шепке кетті. Оларды сырттан қорғап, бақылап, тұратын топқа да нақты тапсыр­малар берілді. Полиция қызметкерлері есірткі ошағын қоршап, бақылауға алған-тын.

Енді, кешігуге болмайды. Операция басталып кетті. Қару-жарақпен мұздай болып қаруланған қылмыскерлер өздерінің қоршауда екенін бірден сезді, сөйтті де әрекетке көшті. Көп кешікпей жан берісіп, жан алысқан арпалыс басталды да кетті. Мұндайда қару-жарықтың қолданылатыны сөзсіз. Әккі есірткі тасымалдаушылар құтылудың жолын ойластырды. Аға лейтенант Самат Шоханов бұдан бұрын да бірнеше қылмыскерлердің ізіне түсіп, қолына кісен салып, тосқауыл қойған-тын. Тәжірибе біртіндеп жинақталып келеді. Осы жолы да әбжілдік танытты. Айлакер, есірткінің буына есіргендердің алқымынан ұстап, бір-екеуін тізеге басып үлгерді. Ту сыртынан оқ атылғандай болды. Кәдімгі соғыстағыдай шайқас. Әріптестері де қарап жатқан жоқ. Сол ту сыртынан атылған оқ Саматқа келіп қадалсын. Операция одан әрі жалғаса берді. Саматтың әріптестері операцияны сәтті аяқтап, қандықол қылмыскерлерді түгел дерлік қолға түсірді. Саматты ауруханаға жеткізді. Бір аптадай жатты, тағдырдың жазуына не шара?! 2014 жылдың 24 мамырында ауыр жарақаттан тілге келместен жас оғлан көз жұмды. Ал, ірі көлемдегі есірткі құралын сақтаған, таратқан күдіктілерді құрықтау шарасы 18 мамырда жүргізілген болатын.

***

Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан, Балқаш қаласының тумасы Самат Шохановтың қазасы бүкіл Астана ішкі істер саласы қызметкерлерінің қабырғасын қайыстырды. Ол небәрі 27 жыл ғұмыр кешті. Отан алдындағы қызметіне адалдық танытты. Елді, жерді сүю, құрметтеуде артына өшпес із қалдырды.

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Самат Болысқұлұлы Шоханов қаза тапқаннан кейін ІІ Дәрежелі Айбын орденімен марапатталды. Иә, 2014 жылдың желтоқсанында Астана қаласы ІІД бастығы Амантай Әубәкіров ІІ Дәрежелі Айбын орденін Саматтың ата-анасы Болысқұл, Салтанат Шохановтарға өз қолымен тапсырды.

***

Күні бүгінге дейін өзі қызмет еткен бөлімдегі достары Саматты еске алып, жыл сайын спорттық шараларды өткізуді дәстүрге айналдыра бастапты. Құптайтын шаруа.

Биыл да солай болды.

***

Әрине, ата-анасына, әпкесі Сәнияға Саматтың қазасы ауыр тиді. Бірақ, ол ерлікпен қаза тапты. Ешкімге ұқсамайтын тағдырына кіреуке түсірген жоқ. Биікке шықты, биікте қалды. Осы биіктік туралы айтқанда мына бір оқиға еске түседі. Қатты сыйласқан досы Арай Азылханова былай дейді:

Самат үнемі биікте жүруді аңсайтын. Біздің үй тоғызыншы қабатта тұрады. – Арай, менде дүрбі бар, үйдің төбесіне биікке шығып, қаланы көрейікші деп, бірде болмады. Шықтық, биік үйдің төбесіне, сонда ғой, дүрбімен жан-жағына қарап, ұзақ уақыт шаттанған еді. …Бала қыранға ұқсап, ғұмырын өз биігінде үзді.

Ал, бала күнінен бірге өскен досы Нұрбек Саматтың саятшылыққа жаны құштарлығын баса айтқан-тын…

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button