Теміртау

Сұрмергендер сайысы

Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы ауласында Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұлттық ойыны асық атудан «Асығың алшысынан түссін!» атты II қалалық оқушылар турнирі өтті. Оған Теміртау қаласындағы 4 аула клубынан 40 оқушы қатысты. Алдымен олимпиадалық жүйе бойынша іріктеуден басталған жарыстың ақтық кезеңіне 16 қатысушы шығып, спорттық сайыстың шырайын кіргізді.

Сайыс басталмас бұрын асық ойынының қыр-сыры түсіндірілді. Алшы, бүк, шік, тәйке, омпы сияқты асықтың түсу қалыптары ұғындырылып, ойын шарты баяндалды. 16 қатысушы алдымен арнайы дайындалған дорбадан нөмірленген асықтарды кезекпен алып, өз реттік сандарын анықтады.

Шара өте тыңғылықты ұйымдастырылыпты. Үлкен шеңбер сызылып, көн тігетін және асық ататын жолақ мұқият белгіленген. 4 аула клубына да арнайы асық атуға ыңғайлы киімдер мен байламшалар дайындапты. Сайыс басталмас бұрын қатысушылар, ұйымдастырушылармен бірге қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаны» мың бұрала биледі. Мұның өзі шараның ұлттық бағыттағы сипатын аңғартып тұрды.

Жарыс басталар тұста Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы басшысының орынбасары Гүлжан Кударинова қатысушыларға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін жаудырды.

Аспан да шуағын аямай төгіп, шілденің жанды балқытар майда лебі есіп тұрды. Күмбірлеген домбыра үнінің астында зерек өрендер ойынды бастады. 14 жасқа дейінгі ұл балалар қатысқандықтан ойынның бестабан түрі таңдалған. Көнге бірыңғай кеней асықтар тігілді. Сақаларын сайлап келген ойыншылар, талап бойынша ұйымдастырушылардың дайындаған нөмірлі сақаларымен көздеді.

«Дельфин», «Н.Әбдіров», «Тұңғыш Президент», «Восходящая звезда» клубтары атынан қатысқан 16 мергенге нысананы екі рет көздеу мүмкіндігі берілді. Ойын басталған сәттен-ақ, сақа ойыншылар суырылып алға шықты. Екінші кезеңге 8 қатысушы өтіп, олардың ішінен ептілігін танытқан, бағы мен бабы қатар шапқан 4 жүйрік финалға қатысуға мүмкіндік алды.

Сол төртеудің ішінен құйрық тістесе, үзеңгі қағыстыра бәсекелескен қатарластарын шаң қаптырып, оқ бойы озық келген «Тұңғыш Президент» аула клубы мүшесі №10 мектептің 2-сынып оқушысы Диас Есіркеп I орынды иеленіп, турнир кубогы мен алтын медальға ие болды. Диас сайыс басталған сәттен-ақ, мергендігі һәм икемділігімен ел назарын өзіне бұрған. Іштей тілеулес болған көпшілік Диастың оза шапқанына шын қуанды. «Болайын деп тұрған бала екен» десті.

II орынға да осы клуб атынан қатысқан №10 мектептің 4-сынып оқушысы Бағлан Ахмет ие болып күмістен алқа тақса, III орынның қола жүлдесіне №5 мектептің «Восходящая звезда» клубы қатысушысы Асылбек Ерназаров қол жеткізді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталса, басқа қатысушыларға оқу құралдары сыйға беріліп, Алғыс хаттар тапсырылды.

Турнирді қалалық спорт бөлімімен бірігіп ұйымдастырдық. Мақсатымыз – жас буынның ұлттық дүниетанымын кеңейту, асық атуды насихаттау және осы ұлттық ойын арқылы оларды мергендікке, сергектікке, мәрттікке тәрбиелеу, бір-бірімен достық қарым-қатынас жасауларына жағдай туғызу, – дейді, орталық қызметкері, шараны ұйымдастырушы Қуаныш Тыныбек.

Жәлел ШАЛҚАР.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button