АбайАймақ

Сәрепті сүті – әр үйдің құты

Абай ауданы, Сәрепті ауылдық округіне қарасты Қоянды ауылында «ЭПҚ – Қоянды 17» сүт цехы өз жұмысын бастады. Аталған цех иелері өз қаражатына 2015 жылы ғимарат тұрғызып, барлық жабдығын дайындап қойған еді. Енді, құрылыс жұмыстары сәтімен аяқталып, биыл 21-ші ақпанда алғашқы сүт өнімдерін өндіруді бастады.

Енді Сәрепті ауылдық округінің тұрғындары сүт өткізетін жер іздеп қалаға ағылмайды. Оны аталған кәсіпорынның өзі-ақ литрін 125 теңгеден қабылдайды. Күніне 2 тоннаға дейін сүт қабылдайтынын айтады кәсіп иелері.

– Цехта құрт, ірімшік, қаймақ, сары май, айран, сыр сияқты сүт өнімдері дайындалады. Сапасы өте жақсы. Техниканың барлығы жаңадан сатып алынған. Өз ісін жетік білетін мамандар жұмыс істеуде. Әзірге 5 ауылдың 5 адамын жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта тағы 2 адамға жұмыс бермекші, – дейді Сәрепті ауылдық округінің әкімі Жамағат Мәлік.

Ал, өнімдерін кәсіп иелері Шахтинск пен Қарағанды қаласындағы дүкендерге шығарады. Сонымен қатар, тапсырыс қабылдап, басқа да тұтынушыларға таратады. Әзірге құрт, ірімшік, қаймақ, айранға сұраныс жақсы көрінеді.

Қазір нарықта қолы жүріп тұрған, «Ren-Milk», «Natige» фабрикаларының деңгейіне көтеріліп, өз орындарын табарына сеніп отыр аталған цех иелері.

Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button