Жаңалықтар

Сұранысқа сай балабақша ашылды

Қарағандыда Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Дарынды бала-3» мектепке дейінгі мекемесі жанынан инклюзивті білім беретін топтар ашылды. Балабақша мүмкіндігі шектеулі балаларға басқа бүлдіршіндермен тең дәрежеде білім береді.

Мереке қарсаңында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская мектепке дейінгі білім беретін «Дарынды бала-3» жекеменшік балабақшасының жұмысымен танысты.
– Мектепке дейінгі білім беру мекемесі инклюзивті білім беру жүйесін ұсынады. Бұл балабақша мүмкіндігі шектеулі балаларға жақсы болды.
Қаламызда балабақшалар бой көтеріп, балабақша кезегін күту дерегі азайып келеді. Алдағы уақытта бала саны көп Майқұдық бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді И.Любарская.
Айта кеткен жөн, балабақшаға 2017 жылы 250 орынға арналған мемлекеттік тапсырыс енгізілген. Қазіргі таңда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар арасында инклюзивтік білім беруді бірінші болып дамытып отыр. Топтарда арнайы білімді қажет ететін балалар бар. Олармен тәжірибелі логопедтер және тәрбиешілер жұмыс жасайды. Балалар робототехника сабақтарында әлемді практикалық іс-әрекеттер арқылы таниды. Аспаз болуға үйренеді. Құрылтайшылар алдағы уақытта шағын ферманы және шағын бақшаны құруды жоспарлап отыр екен.
Балабақшаның құрылтайшысы – облыстағы Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығы филиалының директоры Айнагүл Қайырбекқызы. 2017 жылы «Алтын алқа» орденімен марапатталған жеті баланың анасы бұған дейін үш балабақша ашқан.
Айнагүл ХАМИТОВА, «Дарынды бала-3» балабақшасының басшысы:
– Қаламызда мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы азайып келеді.Қазіргі таңда ата-аналар бірнеше балабақшалардың арасынан таңдау жасай алатын болды. «Дарынды бала-3» – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жемісі болып табылады. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар балабақшаға ақысыз негізде барады. Бізде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беру дамып келеді. Ата-аналар айына 11 мың теңге яғни, азық түлік шығындарына ғана төлейді. Қалған қажеттілікті толықтай қалалық бюджет қамтамасыз етеді.
«Дарынды бала-3» балабақшасы басшысының айтуынша, ата-аналардың көбісі жастар болғандықтан, ай сайынғы төлемақы 11 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, пәтер жалдап тұратын көпбалалы ата-аналардың жағдайына да түсіністікпен қарайтынын айтады балабақша құрылтайшысы.
«Дарынды бала-3» балабақшасының қызметі Instagram сайтының «daryndy.bala» парақшасында белсенді түрде жарияланып тұрады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button