Руханият

Сәнгерлер салтанаты

Теміртаулық Siluet сән агенттігінің ұйымдастыруымен қаланың мәдениет сарайында «Алтын жіп – 2024» XI республикалық сәнгерлер мен дизайнерлер байқауы өтті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Дәстүрге айналған байқауда өзінің жеке сән үлгісін Қарағанды облысы және елордадан жиналған 11 дизайнер ұсынды. Ал, сылқым сәнді дизайндегі өзгеше образдарды 3 жастан 20 жасқа дейінгі модельдер киіп, көрермен алдына шықты.

– Сән бұл қай заманда болсын қалмайтын, ескірмейтін өмір ағынының бір бөлшегі. Адам бар жерде сән де бар. Дәл осындай жобалар көптеп өтсе екен дейміз, – дейді қала тұрғыны Александра Еремеева.

Ортаға шыққан образдың барлығы дерлік көз жауын алардай. Алайда, арасында көрермендер көзайымына айналған астаналық Венера Райымқұлованың жеке топтамалары. Оның ұсынған киім үлгілері мықты, стильді және батыл әйелдерге арналған киімдер.

Қазір заманауи әйелдер әрдайым алда келеді. Кәсіпте болсын, отбасында болсын табысты. Соның нәтижесінде неге сол батыл әйелдерге арналған топтама ұсынғым келді, – деді Венера Райымқұлова.

Ал, қарағандылық сәнгер Надежда Шлотгауэр кішкене балалардың топтамасын ұсынды. Бүгінгі күні балалардың да өз киіну стилі қалыптасқан. Надежда жылы әрі спалы киімді көзге де көрнекі етуге тырысқан.

Байқау қатысушыларының ұсынған жұмыс нәтижелері қазылар алқасын таң қалдырды. Сол себепті олар сайыс жеңімпазды анықтай алмады. Осыған сай барлық қатысушыларға Гран-при табысталды.

– Әсерім өте зор. Нағыз сән мерекесі болды. Осы жолы мәдениет сарайында LED-экрандар орнатылып, көрермендер барлық коллекцияларды жақсы көре алды. Өткен жылы біз Қазақстанда және таяу шетелде сән апталығына қатыстық. Соның нәтижесі айтарлықтай көрінді. Жинаған барлық тәжірибемізді дефилемізге енгізіп жатырмыз, – деді байқаудың ұйымдастырушысы, Siluet fashion-агенттігінің басшысы Марина Миронова.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button