Сөнбес шырақ: сөз бен саз
Облыстық мамандандырылған «Мұрагер» мектеп-интернатында ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай дара, Абай дана қазақта» атты қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында өткен «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты поэзия кешіне құрметті қонақ ретінде «Болашақ» академиясының ректоры Қ.Меңлібаев пен тілдер кафедрасының меңгерушісі Қ.Сембиев қатысты. Поэзия кешінде мектеп оқушылары түрлі тақырыптарда Абай өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады. Кеш қонақтары оқушылар өнеріне тәнті болып, жақсы көңіл күй сыйлағандары үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, әңгіме-сұхбат жүргізді.
Кеште Абай өлеңдері мен қара сөздері жатқа оқылып, әндері шырқалды. Поэзия кеші бірнеше бөлімдерден тұрды. Алғашқы бөлімде Абайдың өнер-білімге шақырған ағартушылық бағыттағы өлеңдері оқылды. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма» деген Абай атамыздың сөздерін көкейге түйген жас өрендер ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» сияқты ұзақ өлеңдерін еш жаңылыспай, жатқа мәнерлеп айтып, тыңдармандарды тебірентті.
Орысшаны өз бетінше үйреніп, 1882 жылдан бастап аудармашылықпен айналысқан Абай өз жүрегін мазалаған мұң-налаға жұбанышты Пушкин мен Лермонтов өлеңдерінен тапты. Сол кезде Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Татьяна әні қазақ даласында қазақ тілінде қалқып тұрды. Абай аудармаларын оқыған оқушылар ақынның жан-дүниесіндегі толағай толқынысты дәл басып, тереңнен толғады. Ақынның «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Жалау», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» сияқты аудармалары көрермендерге ерекше ұнады.
Абайдың ән өнеріне, өлең құдіретіне бас игені барлық шығармаларынан байқалып тұрады. «Өлең – сөздің патшасы», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Өзгеге көңілім тоярсың» сияқты ұзақ та бағалы өлеңдері жүректен жүректерге жетті.
Бұдан әрі табиғат және махаббат лирикасы жырланды. Табиғаттың тылсым сырын терең ұғынған ұлы ойшыл қазақ әдебиетіне табиғат лирикасының жаңа үлгісін әкелген еді. Қазақ даласының табиғатын ел өмірімен астастыра бейнелеген ақын қоршаған ортаның бір бөлшегі адам екенін көрсетіп берген болатын. «Ғашықтық құмарлық пен ол екі жол» деп, ұлы сезімді дұрыс тани білуге, шын махаббат пен әсіре қызығушылықты шатыстырмауды үйреткен ұлы Абайдың махаббат лирикасы тыңдармандар жүрегіне нұр құйды. Осы топтағы өлеңдер «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, қалам қас» әндерімен толықты.
Абайдың «Мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деп өзіне сұрақ қоятыны бар. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жер тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп, қазақ халқының ұлттық ерекшелігіне басты назар аударған ақын азаматтық қағидасын танытқан өлеңдерінде терең ой түйген. Оқушылар ұлы ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сегіз аяқ», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» сияқты терең мағыналы өлеңдерін оқып, ақынның азаматтық үніне құлақ түрді.
Ақынның өмір философиясын танытатын өлеңдері мен қара сөздері де оқылды. «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деген сөзі арқылы жер бетіндегі барлық адамға бақыт тілейтін ақынның өмір туралы, дүниенің жалғандығы туралы өлеңдері мен қара сөздері тыңдармандарға үлкен ой салды. Кеш соңында барлық қатысушылар Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңін бірге айтып, мектеп ішінде ұлы Абай үні, қазақ әні қалқып тұрды.
Күлзада ТӨЛЕП,
мамандандырылған «Мұрагер» мектеп-интернатының мұғалімі