Жүректе қалған жарқын бейне

Ұлтымыздың мақтанышы, Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Бибігүл Төлегенова 90 жылдық мерейтойында Қарағанды өңіріндегі өнер және мәдениет қызметкерлерімен кездесуінде:
«Сіз театрда істеймін дедіңіз ғой, сіздерде 1956 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар мен студенттер фестивалінде керемет әнімен тамсандырып, лауреат атанып, күміс медаль алған әртіс болып еді», – деген еді. Мен ол кісіні жақсы білетінімді, бірге қызмет істегенімді, өкінішке қарай, ол кісінің өмірден озып кеткенін айтқанымда бетін сипап:
«Топырағы торқа болсын, жақсы әнші еді. Бір келгенімде кездескенімізде театрда істейтінін айтқан еді. Мен филармониядан бекер кеткенсіз, драма даусыңызды жеп қояды ғой деп ескерткен едім. Фестивальда Қазақстаннан барған қатысушылар бір-бірімізді қолдап, шымылдықтың сыртынан жанашыр болып, тыңдап тұрамыз. Апай Манарбек Ержановтың «Қуанамын» әнін айтқанда, ешқандай да арнайы кәсіби оқу орнын бітірмеген әншінің, Европадан, Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы елдерінің әншілерінен артық орындамаса, кем түспей шырқағанда біз шексіз қуандық. Шетелдіктер «Консерватория бітірген шығар», – деп, қазақ қызының талантын мойындап, таң қалғанын көзімізбен көрдік. «Міне, табиғи талант! Ал, консерватория бітірсе қандай болар еді?!» – деп, сол шақтағы әсерін таңқалыспен мақтана жеткізген еді.
Шіркін, шын таланттар Хантәңіріндей биік тұратыны рас екен. Өнер адамдарының арасында Бибігүл апайдың талантын айтпағанда, адамгершілік қасиеті туралы көп еститінмін. Өзінің даңқы жер жарып тұрса да, құрбысының табиғи талантының толық танылмай қалғанына өкініш білдіру тек жаны таза, өнерді шексіз сүйетін дарындардан шықса керек.
Сәйгүлік дара шаппайды, бәсекелесе, жарыса шабады!
Бибігүл апайдың іздеп, сұрастырып отырғаны сонау өнер табалдырығының қайнар бастауында әншілік өнерді бірге бастаған Одақтық фестивальдағы тұңғыш лауреат, Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Қайныкен Әлімбаева болатын.
Қайныкен Әлімбаева – 1926 жылы Арқаның алтын тәжі аталған Қарқаралы ауданының Тегісшілдік ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, бастауыш класты ауылда оқып, соғыстың қайнаған шағында тұрмыстың қиындығынан отбасымен өндірісті Қарағандыға көшіп келіп, оқуын Жамбыл Жабаев атындағы мектепте жалғастырады.
Мектепке жақын орналасқан қазақ театрына Украинаның Леси Украинка театры көшіп келіп, жұмыс жасап жатқан кез. Оқушы Қайныкен сабаққа бара жатып та, келе жатып, ашық терезеден жүрегіне жылы тиген музыканы елітіп тыңдап, талай рет, әсіресе, музыкалық спектакльдердің әндерін жаттап алып әртістерше орындап жүреді. «Қыз Жібектің» «Гәккуін» Жәмила апасы секілді бірде көңілді, бірде күңірене шырқап, кластастарын таң қалдырады. Мектеп қабырғасында өмірде ұялшақ, өте сыпайы, ерекше көзге түсер аққудың көгілдіріндей көркем болғанымен, жұрт алдында тым ұяң болатын. Бойындағы өнерін көрсетуге келгенде именіп, тек хорда ғана топпен ән салатын.
Көркем өнерпаздар үйірмесіне ұдайы қатысып жүріп, концертке шығарда халық әні «Шилі өзенді» айтатын қыз балаға майдандағы әкесінің қаза тапқаны туралы қара қағаз келіп, қатынаса алмай қалғанда орнына кластасы Қайныкенді шығарады. Бойындағы буырқанған талант қаншама қысылса да, сахнаға шыққанда көзі ашылған бұлақтың мөлдір кәусарындай жарқ етіп, тыңдармандарды, әсіресе, ұстаздары мен мектептегі кластастарын таң қалдырады. Көз жанары күлімдеп, сұлу жүзі бұрынғыдан бетер нұрлана түсті, өзі де көктем күнінің шуағына бөленіп, бойындағы асыл өнердің тиегін ағытқанына масайрап, қуанышқа кенелді. Сол шақтан бастап, мектебінің мақтанышына айналады. «Біздің Күләш, болашақ әншіміз» деп, концерттерден қалдырмай, ұдайы алдыңғы қатарда жүреді.
Мектепті бітіре сала филармонияға әнші болып, жұмысқа орналасады. Соғыстан кейінгі кеншілер қаласының ауыр өндірісін, құрылыс-экономикасын, мәдениет саласын көтеруге жан-жақтан жастар келе бастайды. Күндіз-түні қайнаған жұмысқа өнер адамдары да белсене араласады. Күндіз жұмыс орындарына: шахта, құрылыс, заводтарға барып концерт беріп, кешке клубтарда ән салып, би билеп, соғыстан кейінгі қалжыраған халықтың көңілін көтеріп, жан жарасын жеңілдетуге үздіксіз қызмет көрсетеді. Жас талант Қайныкен сахнаға шыққанда көрермендер ерекше құлшыныспен қарсы алып, сахнадан жібермей қояды. Халық әндерімен қоса сол кездің «Синий платочек», «Ах, Самара городок!», «Тос, мені тос» әндерін қайта-қайта айтқызып, шерлері тарқағанша тыңдай беретін. Қайныкен шаршамай, тыңдармандарының көңілін қимай, ән салудан жалықпайтын. Жазда колхоз-совхоздарды аралап, ток басында, егіс даласында да, түнде трактор-машина жарығымен концерт қойып, тынымсыз еңбек етеді. Соның нәтижесінде «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған.
Бірде театрда қойылған мерекелік концерттердің бірінде ән салған жас әнші Қайныкен Әлімбаеваны көрген театрдың белді әртістері Жәмила Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, Зейнолла Жақыповтар өнеріне ерекше қызығып, театрға келуге қолқа салады. Жас әнші актерлік шеберлігінің жоқ екенін, әншіліктен жастар мен студенттердің фестиваліне баратынын айтып, көнбейді. Жәмила апасы:
«Қыз Жібекті ойнайтын өзіңдей әдемі әнші қыз керек екенін, театрда да оркестр бар екенін, өзінің Жібек рөліне дайындайтынын» айтып сөзін береді. Зейнолла ағасы: «Мәскеуге жібереміз. Бізде де жақсы концертмейстер бар» деп, үгіттеп қоймайды.
Сөйтіп, енді ғана әнші әртіс болып танылып келе жатқан Қайныкен Әлімбаева 1956 жылы театр табалдырығын аттап, ұлттық сахна өнерінің төріне қадам басты. Алғашқы ойнаған Қыз Жібегімен-ақ театр сахнасына әні де, сәні де, іс-қимыл әрекеті де, ішкі жан-дүниесімен қабысқан өміршең дарын иесінің келгенін мойындатып, көрермен көзайымына айналды. Сол жылы күзде Москва қаласында өткен Одақ жастары мен студенттерінің фестивалінде күміс жүлде алып, Қарағанды театрынан шыққан тұңғыш лауреат атанып, Қазақ елінің абыройын асқақтатып, үлкен марапатпен оралды. Ұлы композитор П.Чайковский атап көрсеткендей: «Зор талант еңбек сүйгіштікті қажет етеді». Қайныкен Әлімбаева жеткен жетістігіне масаттанбай, әрі қарай өрлеуге, жаңа биіктерді бағындыруға күш салады. Еншісіне тиген жаңа кейіпкерлерді бір-біріне ұқсатпай, мінез-құлықтарын айшықтап, ішкі жан дүниесі мен ойлау қасиеттерін де жаңаша тауып, көрерменге жеткізіп отырды.
1958 жылы Қазақстан Мәдениет министрлігінің шақыруымен Алматыдағы хор капелласымен жеке дауыста ән шырқауға Москва қаласында өтетін онкүндікке шақырылады. Онкүндікте өте жоғары дәрежеде көрсеткен еңбегі үшін «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қазақ арулары Баян, Ақтоқты, Айман, Еңлік, Құртқа, Зәуреш, Шұға бейнелері Әлімбаеваның сомдауында ешкімге ұқсамайтын өзіне тән шеберлікпен театр тарихында қатталып қалды.
Театрдың 30 жылдық мерейлі тойы қарсаңында 1962 жылы сол кездегі астана Алматы қаласында өткен есеп беру сапары кезінде М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» тарихи драмасында Құртқа, Ж.Сарсеков пен З.Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар» комедиясында Рәзия, «Зәуреш» драмасында Зәуреш, Файзидің «Ғалиябану» музыкалық драмасында Ғалиябану рөлдерін сомдаған Қайныкен Әлімбаеваның шеберлігіне Алматылық көрермен ғана емес, кәсіби театр сыншылары да зор баға береді. Әсіресе, Асқар Тоқпанов, Бағыбек Құндақбаев, Қажығұмар Қуандықовтар актрисаның табиғи таланты мен шеберлігіне, әр кейіпкерді автордың ойлағанындай дәл сомдай білгендігіне ерекше мән беріп, жоғары бағалайды. Сол сапардағы еңбегі зор бағаланып, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болады.
Талантын шыңдай түскен актриса енді әр түрлі мінезді (характерный) рөлдерді сомдауға бет бұрады. Николай Гогольдың «Ревизорындағы» ұшқалақ мінезді Анна Андреевна, Александр Островскийдің «Найзағай» драмасындағы Кабаниха, Зейтін Ақышевтың «Жаяу Мұсасындағы» тәкаппар да ызғарлы Әңке, Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» драмасындағы екі жүзді, Алтынайды өз пайдасы үшін Итемген байға тоқалдыққа азғырып, көнбесе де күштеп беріп жіберетін Қара қатын образдары шын мәнінде актерлік шеберліктің биік жетістіктерінің бірі, әр актерге үйренерлік мектеп. Апайымыз ешқандай да кәсіби мамандық мектебінде оқымаса да, табиғи талантын режиссердің талабы мен шешіміне (концепциясына) сай өрбітіп, ұлы актерлердің образ сомдаудағы естеліктерін көп оқып, ізденістерінің арқасында қол жеткізді.
Жады мықты, тез жаттап алып, іс-әрекет арқылы кейіпкерінің ішкі-сыртқы бейнесін іздеп, режиссердің ескертпелерін тыңдай отырып, жеңіске жететін еңбекқор актриса. Сахнадағы өмірінде трагедия, комедия жанрындағы 120-дан астам кейіпкерді сомдап, дәйім көрерменнің көңілінен шықты. Комедиялық спектакльдерде Есенжол Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» комедиясындағы Салиха, Жұмағали Сарсеков пен Зейнолла Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар» комедиясындағы Рәзия образдары бүгінгі күннің ащы шындығын көрсететін, бір-біріне айдап салып, болмағанды болғандай етіп айтатын, ауылдағы сыпсың өсектің өкілі Салиха болса, қаладағы қоймадан танысы арқылы арзанға алған дүниелерін қымбатқа сатып, байып жүрген Рәзияларды көріп күліп отырып, терең ойға кетесің. Күнделікті өмірде сондай кейіпкерлердің көбейіп бара жатқанын байқап налисың, сақтанасың, жиіркенесің. Актерлік шеберліктің ой салған биік деңгейін көріп қуанасың.
Қайныкен апайымыз кемелденген шағында ойнаған аналар бейнесі нағыз актерлер шеберлігінің шыңы дер едім. Алтыншаш Жағанованың «Бәрі де анадан басталады» драмасында Апа, Александр Афиногеновтың «Ана жүрегі» драмасындағы Ана, әсіресе, Сәкен Жүнісовтің «Ажал мен Ажар» драмасындағы Ажар образы көп актрисаларға актерлік шеберліктің эталоны болары сөзсіз.
Мен өзім Ажардың ұлы Олжабайды бірге ойнадым. Сонда Олжабайдың ауыл балаларынан таяқ жеп, анасына келетін жері бар: «Ажар, айтшы, менің әкем бар ма?» – деп, намыстан жарыла сұрағанда: «Сенің әкең бар. Әне тұрған Бөпіш» деп, Бөпішке көзімен жалынышты кейіпте «өтірігімді шығарма» дегендей сұраулы көзімен қараған тұсы ғажап еді. Аяқ астынан көкейкесті арманы орындалғанына аң-таң болған Бөпіш (М.Әбдікәрімов) жүрек түбіндегі аңсарын Ажардың өзі айтқанына қуанып: «Иә, мен, мен сенің әкең», – деп, құшақтай алғанда, екі шебер актердің ортасында қалған мен еріксіз солардың жан дүниесі мен күйзелісіне ұйып, ағын суға аққан томардай ілесе кеттім.
Режиссер Жақып Омаровтың актерлерге көп айтатын мәтелі: «Ойсыздан өнер шықпайды» дейтін. Шындығында да мен кішкентай талантымды Қайныкен апа секілді сахна шеберлерінің ізденісін, ойынын, адал мінезін, кішіпейілдік пен инабаттылық көріп бойыма сіңіруге тырысып бақтым. Сол аға-апаларым берген ақ батасымен сахнада әлі ойнап келемін.
1972 жылы Москвада өткен кәсіподақтың XV съезіне делегат болып қатысып келген Қайныкен Әлімбаева қаншама кейіпкерлерді сомдап, жұмысбасты болып жүрсе де, театрдың қоғамдық жұмысынан тыс қалған емес, көп жылдар бойы театр кәсіподағының төрағасы болды. Ол кезде кәсіподақ ұйымы арқылы үй кезегіне тұратынбыз.
1972 жылы театр студиясын бітіріп келген жас актерлерге қазіргі Нұркен Әбдіров көшесіндегі «1000 ұсақ-түйек» ғимаратынан алты үй, келесі жылы Оңтүстік-Шығыстан төрт бөлмелі үш үй, маған Бейбітшілік гүлзарынан екі бөлмелі үй алып бергенін қалай ұмытайық. Жастарға деген қамқорлығы нағыз Ананың баласына деген қамқорлығындай еді-ау, аяулы Қайныкен апамыздың! Бүгінгі театрда жемісті еңбек етіп жүрген Нұржібек, Шайза, Зылиха, Қарлығаштардың басқа театрларға ауысып кеткен Гүлсара, Күлзия, Роза, Сапа, Қарлығаштың өнер жолындағы тағдырына алғашқы жол көрсетіп, ақылын айтып, қамқорлық жасағанына куә болдық. Зейнеткерлікке шығып, денсаулығы сыр беріп, үйде отырып қалғанда да жолдасы Ерғали ағамыз арқылы сәлем айтып, премьера уақытында телефонмен құттықтап, тіпті, туған күндерімізді де ұмытпай, ақ батасын беріп отыратын. Кішіпейілдік пен адамгершілік жағынан алдына адам салмайтын озық жан еді. Өмірден өтсе де, өнегесі әлі күнге дейін театр тарихында қаттаулы. Көзін көріп шапағатын көрген әріптестері әрдайым, сағынышпен еске аламыз. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Қарағанды өнері мен мәдениетінің елімізге танымал, көрнекті тұлғалары облысымыздың руханиятын әлемге паш етіп туған жерінде мәңгілікке қалған Қазақстанның халық әртістері Жәмила Шашкина, Қарғаш Сатаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Рамазан Баймағанбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, осы мақалаға арқау болып отырған Одақ бойынша қарағандылық тұңғыш лауреат, күміс медальдың иегері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қайныкен Әлімбаеваға көше берсе, ұлттық руханиятқа деген шексіз қамқорлықтың бірі болар еді. Жаңа Қазақстан құрып жатқан еліміздің болашақ ұрпағына үлгілі насихат болары сөзсіз.
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның Халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты



