Үздіктер анықталды
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде ұйымдастырылған «BUKETOV LEADER – 2026» жастар сыйлығы бұл жолы өзінің дәстүрлі шеңберінен асып, мазмұны терең, тағылымы мол үлкен диалог алаңына айналды. Өйткені, мұнда үздіктер марапатталып қана қоймай, елдің ертеңін айқындайтын жалынды жастар, билік пен халық арасына алтын көпір болып жүрген халық қалаулыларымен жүздесті. Кеш қонақтары ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еркін Әбіл, Берік Бейсенғалиев және Құдайберген Бексұлтанов арнайы қатысып, жастармен ашық-жарқын әңгіме өрбітті. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Маханов әуелете ән шырқап, жастардың көңілін бір серпілтті.

Бүгінгі жас ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға болғандықтан, жастар саясаты – мемлекеттік идеологияның басты басымдығының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, аталған кездесу жастардың жетістігін дәріптей отырып, олардың бойындағы әлеуетті танып, оны дұрыс бағытқа бұруға жасалған нақты қадам болды. Жастардың білімге, ғылымға, қоғамдық белсенділікке деген құлшынысы ел дамуының басты қозғаушы күші екені тағы бір мәрте айқындалды.
Мәжіліс депутаттарының Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің түлектері ретінде жастарға бағыт-бағдар беруші, ақыл-кеңес айтушы тұлғалар ретінде арнайы шақырылғанын атап айту керек.
Депутаттар өз сөзінде ел болашағы білімді, бәсекеге қабілетті, ойы озық жастардың қолында екенін ерекше атап өтті. Олар қазіргі заман – білім мен технологияның дәуірі екенін айтып, әр студент өз саласында үздік болуға ұмтылуы тиіс екенін жеткізді. «Жастар – елдің ертеңі әрі бүгінгі күннің қозғаушы күші» деген сынды ойлар кештің негізгі идеясымен үндесіп жатты.
– Бүгінгі жас буын – еліміздің ертеңі. Қазір білім алып, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие маман болуға үкімет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Сол мүмкіндікті пайдаланып, мықты кадр болып қалыптасу керек. Жастар ғылымға, өнер-білімге үйір болып өсуі керек. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде сапалы білім алуға мүмкіндік мол. Жаңа бастамалары да баршылық. Бүгінгі шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Жастардың жігерін, талпынысын көріп толқып отырмын. Осы университеттің бұрынғы түлектері елімізге белгілі тұлғалар. Көздерінде от ойнап тұрған студенттердің арасында да аға-апалары сияқты көшбасшылар жүрген болар, мүмкін. Мен жастарға Абайдың сөзімен: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тілеймін деді, – Құдайберген Бексұлтанов.
Салтанатты шараға қатысып, үздік студенттерге қаржылай сертификат табыстағандар қатарында университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Нұрлан Дулатбеков пен облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова да болды. Олар жастардың жетістіктерін жоғары бағалап, ел болашағын қалыптастырудағы білімді ұрпақтың рөліне ерекше тоқталды.
Салтанатты кеш барысында марапатталған жастардың әрқайсысы – табандылық пен еңбектің нақты нәтижесін көрсеткен ынталы жастар. Жасанды интеллект бағытында озық жобаларымен танылған Ілияс Хасенов «Жылдың ең үздік жасанды интеллект қолданушысы» атанса, спорт саласында университет намысын абыроймен қорғап жүрген Мирас Құрақбай «Жыл спортшысы» деп танылды. Қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түскен Нұрбол Абибулла «Жыл волонтері» атанып, қайырымдылық пен адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Ол үш жылда 500-ден астам игі іске ұйытқы болып, нағыз азаматтық жауапкершілік танытқан.
Ақпараттық кеңістікте университет имиджін қалыптастырып жүрген жас контентмейкерлер Бағлан Полатбеков, Иманғали Ерланұлы және Айдана Сәтпаева да үздік деп танылды. Ал, өнер саласында жарқыраған Аңсат Сманов, Дархан Әбдіқадыр және Ерасыл Ержанов «Жыл таланты» атанып, шығармашылықтың шексіз мүмкіндігін дәлелдеді.
«BUKETOV LEADER – 2026» жобасының жеңімпаздары ретінде анықталған Сымбат Боранбай, Фатима Догдирхан және бас жүлде иегері Ерлан Құрымбай – үздік студент қана емес, нағыз көшбасшы ретінде танылды. Олар білімде озып, ғылымда дараланып, қоғамдық өмірде белсенділік таныту арқылы жан-жақты дамыған тұлға екенін дәлелдеді.
Мәжіліс депутаттары жастарға мотивация беру мақсатында ҚарҰЗУ-дың танымал түлектері Геннадий Головкин, Асхат Аймағамбетов және Серік Сәпиев сынды ел мақтаныштарын мысалға келтірді. Олар – табандылықтың, еңбектің және мақсатқа жетудің нақты дәлелі.
Тағылымды шараның соңы халық қалаулылары Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы курсанттарымен кездесуге ұласты. Бұл кездесу – жастармен ашық диалог орнатудың, олардың ой-пікірін тыңдаудың жарқын үлгісі болды.
Кездесу барысында еліміздің құқықтық жүйесіндегі өзекті өзгерістер, Конституция аясындағы жаңашылдықтар, заң жобалары мен реформалар кеңінен талқыланды. Депутаттар заңнамаларды жетілдіру бағытындағы бастамалар туралы айтып, болашақ құқық қорғау саласы мамандарының қоғамдағы орны ерекше екенін айрықша атап өтті.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



