Қауіпсіз қоғам негізі
Заңды құрметтеу – құқықтық мемлекеттің басты шарты. Қоғамда тәртіп берік орнығуы үшін әр азамат өз құқығын ғана емес, өз міндетін де білуі шарт. Әсіресе, бұл ұстаным жас буынның санасына ерте сіңгені маңызды. Өйткені, құқықтық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты да осы жауапкершілікті терең ұғынуға үндейді. Бұл қағидат тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, тұтас қоғамның өмір салтына қатысты. Заң үстемдігі бар жерде қауіпсіздік, қауіпсіздік бар жерде сенім болмақ. Ал, сенім бар жерде тұрақты даму бар. Осы мақсатта аймақта жастарға арналған «Ашық полиция» іс-шарасы өтті.

Алдын алу – жазалаудан маңызды
Қазыбек би ауданы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінің студенттері мен қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Олар Қарағанды қалалық полиция басқармасының жұмысымен танысып, құқық қорғау жүйесінің күнделікті қызметін көзбен көрді.
– Жасөспірім шақ – адамның мінезі қалыптасып, қоршаған ортаға көзқарасы орнығатын кезең. Дәл осы уақытта құқық пен жауапкершілік, еркіндік пен тәртіп, таңдау мен салдар туралы ашық әңгіме жүргізу аса маңызды. Осы іс-шарамыздың да негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция қызметіне деген сенімді нығайту. Бір қарағанда, полиция ғимаратын аралату, қызмет кабинеттерін көрсету, мамандармен кездестіру секілді қарапайым таныстыру болып көрінуі мүмкін. Десе де, оның астарында әлдеқайда салмақты мақсат жатқаны анық. Ол – жасөспірімдер мен жастардың құқықтық санасын қалыптастыру, заң бұзудың салдарын ертерек түсіндіру, қоғамда құқық бұзушылыққа бейжай қарамайтын буын тәрбиелеу. Себебі, заңды құрметтеу құрғақ насихатпен емес, оның өмірде қалай жұмыс істейтінін түсінуден басталады, – деді Қазыбек би ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлсара Керімжанова.

Гүлсара Серікқызының айтуынша, құқықтық мәдениет тек заң баптарын жаттаумен қалыптаспайды. Жас адам заңның қалай жұмыс істейтінін, полицияның қандай жағдайда әрекет ететінін, құқық бұзушылықтың қандай жауапкершілікке әкелетінін нақты көргенде ғана оның бойында ішкі тежем, азаматтық жауапкершілік пайда болады. «Мұның соңы неге апарады?», – деген сұраққа құрғақ ескертуден гөрі, көзбен көрген көрініс көбірек әсер етеді.
Цифрлық бақылау
Іс-шара барысында жастар Қарағанды қаласының полиция басқармасына барды. Қаладағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік жұмыстарын үйлестіретін орталықта қатысушылар ішкі істер органдарының күнделікті қызметімен танысып, полиция жұмысының сырт көзге көріне бермейтін қырларын көрді.
Әдетте көпшілік полиция қызметін көшедегі патруль, жолдағы инспектор немесе оқиға орнына келген тәртіп сақшысы арқылы ғана елестетеді. Ал, шын мәнінде, қоғамдық қауіпсіздіктің артында үздіксіз ақпарат қабылдау, жедел талдау, бейнебақылау, патрульдерді үйлестіру және заңды рәсімдердің тұтас жүйесі тұр.
Жастар осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін Жедел басқару орталығында көрді. Мұнда 102 операторлары тұрғындардан түскен қоңырауларды қабылдайды. Хабарламалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тіркеледі.
– Бір қарағанда, оператордың жұмысы тек телефон тұтқасын көтерумен шектелетіндей көрінуі мүмкін. Бірақ, шұғыл хабар түскен сәттен бастап, бірнеше қызмет бір мезетте қозғалысқа түседі. Мысалы, тұрғын ұрлық немесе құқық бұзушылық туралы хабар берсе, оператор ақпаратты тіркейді. Сол уақытта бейнебақылау инспекторлары оқиға болған аумақтағы камераларды тексереді. Навигаторлар GPS арқылы сол маңда жүрген патрульдік экипаждарды анықтайды. Ал, күштік құрылымдарды басқару тобы жақын маңдағы нарядты оқиға орнына бағыттайды, – дейді Жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы Асанәлі Әкімов.
Жедел басқару орталығында қаладағы хал-ахуал үлкен экрандар арқылы қадағаланады. Бейнебақылау инспекторлары көшелердегі, қоғамдық орындардағы, білім беру мекемелері маңындағы ахуалды ұдайы бақылап отырады. Мұның бәрі құқық бұзушылықтың алдын алуға, оқиға болған жағдайда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, мектептер, колледждер, балабақшалар мен жоғары оқу орындары маңындағы қауіпсіздік мәселесінде мұндай жүйенің маңызы зор.

Асанәлі Әкімов жастарға «Қорғау» бағдарламасының жұмысын да түсіндірді. Бұл жүйе іздеудегі немесе ұрланған көліктерді, сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін бұзған автокөліктерді әп-сәтте анықтауға көмектеседі. Көлік камераға түскен бойда ақпарат орталыққа жетіп, жақын маңдағы инспекторларға бағыт беріледі. Демек, заманауи полиция қызметінде адам еңбегі мен цифрлық жүйелер қатар жұмыс істейді.
– Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Полицияның әр әрекеті заң аясында жүзеге асады. Қызметкерлер азаматты біреудің ауызша сөзімен немесе негізсіз күдікпен ұстай алмайды. Кез келген іс-қимыл ресми тіркелген дерекке, арызға, нақты ақпаратқа және заң талаптарына сүйенеді, – деді Асанәлі Әкімов.
Қылмыс дәлелмен ашылады
Жедел басқару орталығынан кейін қатысушылар криминалист мамандардың жұмысымен танысты.
Жедел-криминалистикалық бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Денис Сафонов қатысушыларға қылмыстық есепке алу кабинетінің жұмысын түсіндірді. Мұнда заңда белгіленген тәртіппен күдікті ретінде ұсталған тұлғалардың саусақ іздері алынып, фотодеректері рәсімделеді, қажет болған жағдайда биологиялық үлгілер жиналады. Мұның бәрі болашақта қылмысты жедел ашуға, оқиға орнында қалған іздер арқылы тұлғаны анықтауға және тергеудің сапалы жүргізілуіне мүмкіндік береді.
– Криминалистің басты міндеті – оқиға орнындағы айғақтарды тауып, бекітіп, дұрыс сақтап, тергеу жұмысына ұсыну. Саусақ ізі, биологиялық материал, бейнежазба, басқа да заттай дәлелдер – қылмыстық істің бағыт-бағдарын айқындайды. Бір қарағанда ұсақ көрінетін іздің өзі істің ақ-қарасын ажыратуға себеп болуы мүмкін. Бүгінде қылмысты ашуда заманауи технологиялардың рөлі артып келеді. Қаладағы бейнебақылау жүйелері, цифрлық дерекқорлар, кескінді талдау мүмкіндіктері, биологиялық сараптама құралдары құқық қорғау органдарының жұмысын едәуір жеңілдетеді. Әйткенмен, қандай технология қолданылса да, оның бәрі заңмен белгіленген тәртіп аясында жүргізілуі тиіс, – деді Денис Сафонов.
Маман жастарға дактилоскопиялық құралдардың қалай қолданылатынын да көрсетті. Саусақ ізін алу, оны арнайы базаға енгізу, кейін сол іздер арқылы сәйкестендіру жүргізу – криминалистік жұмыстың негізгі кезеңдерінің бірі.
Жауапкершілік жүгі
Таныстыру жұмыстары одан әрі уақытша ұстау изоляторы мен қабылдаубөлу пунктінің қызметі туралы ақпаратпен жалғасты. Бұл нысандардың әрқайсысы құқық қорғау жүйесінде өзіндік орны бар режимдік мекемелер. Сондықтан, мұндағы түсіндіру жұмыстары белгіленген тәртіп аясында жүргізілді.
– Бұл жерде ең маңыздысы – шараның қорқытуға емес, сақтандыруға құрылуы. Прокуратураның бастамасы да осыған саяды. Жасөспірім заңды бұзбай тұрып, оның салдарын білсін. Қателік жасамай тұрып, жауапкершілікті сезінсін. Құқық қорғау органдарын тек жазалаушы құрылым емес, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ашық жүйе ретінде танысын, – деді Гүлсара Серікқызы.
Жасөспірімдер үшін мұндай әңгіменің әсері бөлек. Кейде бір сәттік қызбалық, ойланбай жасалған әрекет, орта ықпалы немесе заңды білмеу адамды күрделі жағдайға душар етуі ықтимал. Іс-шараға қатысқан Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжінің студенті Ринат Жантөре де осы ойды қуаттады.
– Осындай іс-шаралар арқылы құқықтық сауатымыз едәуір артты дей аламын. Бұған дейін кейбір жайттарға селқос қарап келген болсақ, енді бейқамдық танытуға болмайтынын түсіндік. Құқық бұзушылықтың алдын алып, танымымызды тереңдетпесек, ертең опық жеуіміз мүмкін. «Мың рет естігенше, бір рет көр» дегендей, бүгін көп нәрсені көзбен көріп, ой түйдік. Әрине, әсері ауырлау болды. Дегенмен мұндай дүниені біліп, үйренген жөн, – деді ол.
Түйін
Тәртіп бар жерде тыныштық бар. Заң үстемдік еткен жерде әділдік салтанат құратыны кәдік. Ал, құқықтық сауаты жоғары, жауапкершілігі берік жас буын қалыптасса, қоғам да қауіпсіз, мемлекет те орнықты болмақ. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, құқықтық тәрбиені құрғақ насихаттан гөрі нақты тәжірибемен ұштастырса, жас өскін жауапкершілікті тереңірек сезінеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ



