Бас тақырыпРуханият

Сөнбейтін күн, өшпейтін шырақ

БАСТАУ

 Әуелі, сөз нүкте болды. Әлем келбетіндегі қара дақ қуаты шексіз артқанда, қысым күшейіп бара жатып қара ноқатты жарып шықты. Нүктеден – кеңістік пен уақыт жаралды. Сөйтіп, шежіре басталды. Алапат жарылыс ұмытылған жоқ, ол – көз алдымызда. Өсіп келе жатқан дүние екпіні ар жағында алапат жарылыс тұр.

Шын, мәнісінде, әлемді ана туды. Қанатты метафора – шындық қоймасы. Ана дегеніміз әлемді қайта туатын ұлы жаратылыс. Ілкі сөзді құдыреті күшті Жасаған Ие айтты. Содан бері, сөз қожайыны – ана.

Ұлы теория жасаған кемеңгер ғалымдар үнемі өзгеріске ұшырап отыратын ғаламды ана перзенті санайды. Бір туған дүние шексіз жаңару үстінде болады, әр жаңарудың басында ана махаббаты тұр.

ЖАРАТЫЛЫС

Өз жолында әрбір пенде адамзаттың жолын жүріп өтеді екен. Тарихи соқпақ ұзақ болса, пендауи сүрлеу – қысқа.

Ана мейірімінен нәресте, нәрестеден – адам, адамнан – кісі. Демек, нәсілдік белгілері бар индивид дүниеге келген соң, ана бауырында тұлға ретінде қалыптасады.

Анадан жаралады, анадан туады, анадан адам болады. Адам болғанша ана жүрегі астында, тұлға болғанша ана бауыры астында өмір сүреді.

ДҮНИЕ

 Бай мен кедейді теңестіретін – ана. Ана – бүкіл әлем, барлық дүние, бар қазына.

Соңғы кесім – ана сөзі. Ана – әлемнің билеушісі. Төрде отырған ана үйді жалғыз өзі толтырып тұрады, бір жаққа кеткенде, босаған орны үңірейіп қалады.

МАХАББАТ

Ана махаббаты – таусылмайтын күш. Баласына келгенде, ана – тау қопарады, тас жарады, қара суды теріс ағызады.

Ана – Тәңірдің дұғасында.

Яғни, Алла қолдайды, адамзат – бас иеді.

ГҮЛ

Біз ана образын гүлге теңейміз. Гүл тек шат сезімдерді оятады, асыл қасиеттерді сіңіреді, тарқамайтын қуанышқа бөлейді, адал мұраттарға жетелейді, биік асуларға шақырады, алапат күш-қуат береді.

Естілген ән, шырқалған ән, бітпейтін ән. Бақыт құшағында жүрген адам – анасы бар адам.

Анасын гүлге бөлеп қойса да, байлыққа көміп тастаса да, аспандағы жұлдыздарды әперіп, алақанына салып жатса да, оның екі көзі жәудіреп – өзегін жарып шыққан өз перзентінде, ауырып-сырқамаса, қайғырып-жұтамаса болғаны, анаға одан басқа бақыттың керегі жоқ.

МЕЙІРІМ

Балаға деген ана махаббатына ешкім де, ештеңе де жете алмайды, қандай құдіреті бар – ешкім білмейді, ана болмысы – ана, бұл сөздің ішіне бәрі сияды – от та, мұз да, ыстық та, суық та, қашық та, жақын да, биік те, аласа да, қысқа да ұзын да, аз да, көп те, басы да, соңы да, себебі ана – адамдардағы әлемді де, әлемдегі адамдарды да құдірет көмегі, мейірім жәрдеміне сүйеніп жаратқан.

МӘҢГІЛІК

Тегі, ана – өшпейтін шырақ, сөнбейтін Күн, өзгермейтін өмір. Бір туды – бір қалмайды, бір келді – бір қайтпайды. Гүл сипаты, күн болмысы, таң кескіні, шапағат нышаны, ән табиғаты – мәңгілік.

Демек, ана әр баласында өмір сүреді. Бар баласының бойында бар. Ана мен бала бір-бірінен бір сәт айырылмайды.

Құтты болсын!

Дидар Амантай

05.03.2019.

Басқа материалдар

Back to top button