Жаңалықтар

«Сұмдықты» сұлатты

    «Пойыз қағып өткендей болды». Бұл – Геннадий ГОЛОВКИННІҢ соққыларынан кейін әрең тілге келген Ванес МАРТИРОСЯННЫҢ айтқаны. Жексенбінің таңынан қазақ жұрты теледидардың алдында тақым қыстық. Айтары сол, «Сары қазақ» «Сұмдықты» сұмдық сабады.

Жекпе-жектің екі тізгін, бір шылбыры «Сары қазақтың» қолында болары бесенеден белгілі еді. Букмекерлік кеңселердің өзі Генаның жеңісіне, көп болса, 1,2 коэффициент қойып отырды.
Бапкер Абель Санчес Генаның жеңісіне жетеріне бек сенді. Алайда, «екінші раундта құлатып тастайды» деп ойламаған шығар.
Алғашқы раундта Гена қарсыласының қауқарын бағамдап көрді. Бір-екі соққысын өткізуге мүмкіндік берді. Әбден зерттеді. Ал, екінші раундта іске көшті.
Раундтың басында оң қолымен жасаған соққысы «Сұмдыққа» ауыр тиді. Сөйтіп, армянды біраз қуалаған Гена раундтың ортасында соққылар сериясын төпелетті. Қос жұдырығын кезек тастап, «Сұмдықты» етпетінен сұлатты. Күн сайынғы жеті сағаттық жаттығу өз нәтижесін берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинді жеңісімен құттықтап, жеделхат жолдады.
Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
«Тартысты өткен жекпе-жекте сен өзіңнің спорттық шеберлігіңді тағы да дәлелдеп, чемпиондық атағыңды сенімді түрде қорғадың. Барлық қазақстандықтар сенің спорттағы зор жетістіктеріңді мақтан тұтады.
Сен өзіңнің талантың мен еңбексүйгіштігіңнің, қарапайымдылығың мен баршаға сүйкімділігіңнің арқасында бүкіл әлемдегі миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулап алдың. Осы қасиеттерің әрдайым бойыңнан табылып, жастарымыз үшін жарқын үлгі бола берсін», – делінген жеделхатта. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
Осы кездесуде Гена барын бәске тікті. Ұтылып жатса, талай жылғы еңбекпен, өлшеусіз термен келген төрт белбеуінен сөзсіз айырылар еді. Жерлесіміз мықтының мықтысы екендігін дәлелдеді. Өзінің биік деңгейін тағы бір мәрте танытып, бокс әлеміндегі беделін нығайта түсті. Белбеулерін сақтап қалғаны былай тұрсын, америкалық әйгілі боксшы Бернард Хопкинспен иық теңестірді. Орта салмақтағы WBА тұжырымы белбеуін жиырмасыншы мәрте абыроймен қорғап, Бернардтың жетістігін қайталады. Енді бір жеңістен кейін рекорд Генаның еншісіне жазылмақ. Бұйыртса, ол күнге де жетерміз.
Жекпе-жек соңында Гена жанкүйер қауымға лебізін білдірді. Қаймықпай, қарсы шыққан Мартиросянға да ризашылығын жеткізді. Қазақы шапанды жамылып тұрып, қазақ жұртына да алғысын жолдауды ұмытпады.
«Қарағанды қабыланы» алдағы қыркүйекте шаршы алаңға қайта шығуы мүмкін. Мексиканың тәуелсіздік алған күні – 16 қыркүйекте. Сол баяғы «Сауль Альвареспен қолғап түйістірсем» деген ниеті бар. Ақпаннан бастап алты айға бокстан шеттетілген Альварес қарымта кездесуге дайындалып жатқан болар.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button