Сұлулық пен сергектік

Денің сау болу үшін не істеу қажет? Әрине, ең алдымен салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу және сегіз сағаттық ұйқының дұрыс болуы маңызды.

Спорттың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та белгілі. Дене жаттығуларынсыз әдемі мүсін де, денсаулық та болмайды. Сондықтан да, қазір арнайы спортзалдар мен фитнес клубтарына бармай-ақ, үйде де дене бітіміміздің сұлулығын сақтай аламыз. Мәселен, фитнес – адамның сыртқы сымбатын жақсарту үшін ғана емес, сергек жүруіне де үлкен көмегі бар.

Соңғы кездері көп қыз-келіншектер фитнеспен үйде айналысқанды жөн көреді. Бұл жаттығу залына баратын уақыттың жоқтығынан, ал, кейбіреуінің қалтасы көтермейді. Оның үстіне пандемия кесірінен фитнес орталықтары жабық болды. Шындығында, үйде немесе фитнес клубында жасалатын жаттығулардың айырмашылығы жоқ. Себебі, алатын әсері де, нәтижесі де бірдей. Бар болғаны шамалы талпыныс- талап және үлкен ерік-жігер, дұрыс бағыт-бағдар қажет.

Яғни, ең бірінші мақсатыңызды айқындайсыз. Қандай нәтижеге қол жеткізгіңіз келеді? Кейін жаттығатын күнді, ыңайлы уақытты таңдайсыз. Одан соң жаттығудың бағытын анықтап, қағаз бетіне түсіруді ұмытпаңыз. Денеңізді түзеткіңіз келетін тұстарына ғана арналған немесе жалпы бұлшық еттерге бағытталған жаттығулар бар. Адамның жан-жақты дамуына жаттығуды топ-топқа бөліп, дене тұлғасына әсері бойынша жасайды. Яғни, мойын, иық және қол, кеуде, аяқ және барлық бұлшық еттерге арналған жаттығулар деп бөлінеді.

Әр бағыттағы жаттығуларды дұрыс топтастыра білсе, нәтижесі де керемет болады. Жақында Германияның Гисен университетінің ғалымы іштегі майдан тез арылудың әдісін ашыпты. Айтуынша, бар болғаны «2+2+4» формуласына сүйену керек. Формулаға сәйкес, 2 күн – кардиожаттығулар жасап, тағы 2 күн күштік жаттығуларға кезек беру керек. Осы 4 күн бойы дұрыс тамақтануды да ұмытпаған дұрыс.

Бұл ретте кардиожаттығулар ретінде скандинавтық немесе нордтық жүріс, жай жүгіріс, жүзу не болмаса велосипедпен жүру ұсынылады. Күштік жаттығуларды үй жағдайында жасауға болады. Қалған 3 күнде жаттығулар мен тамақ шектеуінен бас тарта тұруға рұқсат. Ғалым өз формуласын 150 тұрғынға қолданып көрген. Нәтижесі 12 аптадан кейін анық байқалыпты. Ерлердің де, әйелдердің де бел өлшемі кемі 5 см азайған көрінеді. Азғаға ауыр соқпайтын формула сияқты. Әсіресе, ер адамдарға жасап көруге ыңғайлы екен.

Көркем ЖЕҢІС.