Ресми

Сәлеметсіз бе, Smart City!

«Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.

Сонымен бірге, отандық ІТ секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Қазір Қазақстан халқының жарымынан көбі шаһарда тұрады. Қала дегенде көз алдымызға жайлы тұрмыс елестері рас. Қолымыздағы дәйек 89 қаланың ішіндегі бесеуінде ғана тұрғындар теңгерімді түрде жайлырақ тұрмыс кешуде дейді. Ақзер әлем бүгінде smart деген бес әріпке сыйып кеткісі келіп тұр. Smart сағат, Smart көлік, Smart теледидар, Smart шаһар тағысын-тағылар. «Ақылды қала» тұжырымдамасы жаңа ғасыр басында талқыланып, назар технологиялар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған-тын. Мұнан көп ұзамай жағдайы жайлы да икемді Smart City стандарты менмұндалады. 2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының енгізілуімен іске асырыла бастаған жоба мақсаты цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, келешектің цифрлық экономикасын құру болды. Саны мен мәні шиыршық атқан smart индустрияның дамуы ел экономикасының басқа салаларына серпін береді деп күтілген. Бағдарламаны іске асырғаннан кейін бір жыл өткен соң, ақылды қалаларды салу кезінде тәсілді стандарттау үшін эталондық стандарт бекітілді.

Онда ақылды қала өмірінің басым бағыттары қауіпсіздік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау әрі қаланы оңтайлы басқару. Мақсатты межелеу барысында Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалалары анықталды. Ұлттық стандарттар әзірленіп бекітілді. Таңдалған қалалар былтыр ақылды қалалардың халықаралық рейтингтерінің біріне түседі деп жоспарланған. Алайда, тасталған тақиямыз жерге түспей тұр. Жауап іздеп көрелік.

Есеп комитетінің ресми деректері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына аудит жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша ақылды қалаларды құруға үш жыл ішінде шамамен 29,89 млрд. теңге жұмсалғанын баяндады. Ендігіде ақылды қаланы қалыптастыру жөніндегі міндет «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына көшірілді. Тұжырымдаманы іске асыру осы жылға тиесілі. Нәтижесінде Экономикалық зерттеулер институтының мәліметтері бойынша, таңдалған 25 қаланың тек үшеуі ғана өмір сүруге қолайлы жағдайларымен ерекшеленген. Статистикалық көрсеткіштер қала тұрғындарының онлайн-сауалнамасының цифрланған нәтижелерімен салыстырылды, бұл өз кезегінде алынған нәтижелердің объективтілігін арттыруға мүмкіндік берді. Астана, Атырау, Алматы қалалары 53 статистикалық көрсеткішті және социологиялық сауалнаманың 36 нәтижесін өңдеу қорытындысы бойынша рейтинг көшбасшылары атанды. Бұл ретте қалалардың ешқайсысы теориялық тұрғыдан мүмкін 10 балл жинаған жоқ, ал орташа балл шартты бес балдан төмен болды – 4,75 балл. Осылайша, зерттелетін қалалардың шамамен 70%-ы өмір сапасының интегралдық көрсеткіші орташа мәннен төмен, – деп атап өтті институт өкілдері. Рейтингтің төменгі жолдарын Жезқазған, Сәтбаев және Семей қалалары иеленіпті.

Рейтингке сәйкес, балл динамикасы бойынша 2021 жылмен салыстырғанда ең көп өсім Түркістан, Жаңаөзен, Балқаш, Екібастұз және Степногорск қалаларында байқалады. Ең үлкен теріс динамика мен баллдың төмендеуі – Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда және Талдықорған қалаларында. Осылайша, біз тіпті республикалық маңызы бар қалаларда да өмір сапасының рейтингі жылдар бойы жақсармайтынын көреміз. 2023 жылы «Ақылды қалалар» стандарты бағдарламаны тиімдірек жүргізу үшін қайта қаралады деген сенім бар.

– Әлбетте бәрі бірден болмасы анық, дегенмен қаладағы жаңа тұрғын үйлерді салу кезінде «ақылды паркинг», «ақылды аула» сынды заманауи принциптер қолданысқа енгізіліп қойды. Басты мақсат – тұрғындар қауіпсіздігі. Яғни, аулада албаты көлік қозғалысы шектелген. Ата-аналар мен бүлдіршіндер алаңсыз жүріп тұрады. Тұрғын үй әр тарабынан бейнебақылау камераларымен жарақталған. Кез келген жан мұнда тек өзіндегі чип жүйесі арқылы ғана ене алады, – дейді RJBgroup құрылыс компаниясының өкілі Данияр Қалкенов.

P.S.: Көзіңізге көлденең тартылған мәселенің әртарапты екендігін аңғартқандай. Кейінгі күндерде елдің көбі «хрущевкісін» сатып, қаланың оңтүстік-шығысындағы панорамды терезелі «жайлы пәтерлерге» үдере көшіп жатқандығы жасырын емес. Бұл фактордан халықтың жайлы тұрмысқа деген ұмтылысы аталған бағдарламаны жақын жуықта асыра орындатып тастайтыны көрінеді. Қазан қайнамай, қақпақ дірілдемейді…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button