Сәлем – әдептің әліппесі
Мемлекет басқарудың күн тәртібі бір сәт саябыр таппайды. Бір мезетте экономиканың ертеңі сараланып, ел қауіпсіздігі таразыланып, өндіріс пен білімнің, әлеуметтік саланың түйткілдері талқыланады. Осындай іргелі істердің арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның күнделікті тіршілігінде елеусіздеу көрінетін, бірақ, ұлттық мінезді айқындайтын амандасу әдебіне арнайы тоқталды. Мұның өзі мемлекеттің мерейі тек экономикалық көрсеткішпен емес, халқының мәдениетімен, жүріс-тұрысымен, бір-біріне деген құрметімен де өлшенетінін аңғартады. Өйткені, үлкен қоғамдық өзгеріс кейде заң мен бағдарламадан емес, бір ауыз сәлемнен басталса керек.

Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс бергеннен кейінгі брифингте «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Юлия Магер Президенттен жаңа мәдениет пен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жайын сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарға оралу қажет деген байламға келгенін айтты.
– Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ер-азаматтардың қолды нық қысып, жылы жүзбен амандасуын, ал, адамды көргеніне шын қуанышты болса, оң қолын кеудесіне қойып, сәлем беруін жөн көретінін жеткізді. Әсіресе, әскери формадағы азаматтар мен генералдардың көпшілік алдында құшақтасып, сүйісіп амандасуын оғаш көретінін жасырмады. Алайда, айтылған ойдың ауқымы амандасудың сыртқы қалпымен ғана шектелген жоқ. Мемлекет басшысы тазалықты көше мен ауланың тазалығымен қоса, ой-сана және жан дүние тазалығы деп түсіну қажеттігін айтты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан Президент көтерген мәселенің түп-төркінін ұлттық болмыспен сабақтастырады.
– Шын мәнінде, әр халықтың ғасырлар бойы қанымен, жанымен, өмір сүру заңдылықтарымен қалыптасқан асыл дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болады. Қазір заманның ағымы, уақыттың талабы басқаша деп халқымыздың әдеп тұрғысындағы ізгі қасиеттерін тәрк етуге әсте болмайды. Мемлекет басшысының сөздері әдеп пен ибаға қатысты ұлттық құндылықтарымыздың жақсы тұстарын дәріптеп, соған қайта оралуымыз керектігін меңзейді. Сондай-ақ, тазалық деген ұғымның ой-сана, жан дүние тазалығынан бастау алатынын орынды айтты. Осы ойлар іс жүзінде өмір сүру дағдымызға айналуы тиіс, – дейді профессор.
Президенттің бұл пайымы қоғамда кеңінен қолдау тауып, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам белсенділері амандасу әдебінің әр қырын сөз ете бастады. Бірі оны ұлттық болмысқа оралу деп бағаласа, енді бірі жеке кеңістік пен қоғамдық мәдениетті сақтаудың қажеттілігімен байланыстырды. Әлеуметтік желілерде де үлкен мен кішінің, ер мен әйелдің, алыс-жақын туыстың қалай амандасқаны жөн екені қызу талқыланып жатыр. Пікірлер әр алуан болғанымен, көпшіліктің тоғысқан тұсы біреу. Сәлемдесу – әдеттегі ишарат қана емес, адамның тәрбиесін, айналасына деген құрметі мен ішкі мәдениетін танытатын өлшем.
Жаңа қоғамдық этика туралы ұстаным бүгін ғана айтылған жоқ. Мемлекет басшысы оны Ұлттық Құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында көтеріп, ел бірлігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік, еңбекқорлық пен білімпаздықты «Адал азамат» ұғымының аясына топтастырған еді. Кейін «Таза Қазақстан» бастамасында сыртқы тазалықты қоғамдық сана мен елге жанашырлықтың өлшемі ретінде атады. Осы тұрғыдан алғанда, амандасу туралы сөз – әуелгі орамды ойдың бүгінгі заңды жалғасы.
Ұлттық әдептің ерекшелігі де осында. Жеке адамның талғамынан гөрі, ортақ ортаның жөн-жосығымен өлшенген. Кіші үлкенге, аз адам көпшілікке, атты жаяуға, сырттан келген адам үй ішіне алдымен сәлем береді. Ал, дастарқан басына жұрт жайғасып болған соң кірген адамның отырғандарды жағалап, ас үстінде жаппай қол алысуы міндет емес. Оң қолын кеудесіне қойып, баршаға бірдей сәлем беруінің өзі – құрмет. Мұның бәрі бұлжымас заңнан гөрі адамның жасын, жолын, отырған ортасын аңғаратын қазақы пайымнан туған.
Заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің естеліктерінде осы әдептің талай көрінісі сақталған. Ол ұстазы Бейсенбай Кенжебаев туралы жазбасында: «Кафедрада түрегеп сәлем бердім, көшеде қол қуысырып иба білдірдім, ешқайсысының алдын кесе-көлденең өткем жоқ», – дейді. Жазушы мұны көлгірсу емес, «жасы үлкен алдындағы әдеп» деп бағалайды. Ал, Жәнібек Кәрменов туралы естелігінде Ғарифолла Құрманғалиевтің жасы үлкен Жүсіпбек Елебековке әдейі сәлем бере келіп, иіліп тәжім ететінін айтады. Сәлемнің соңы бірер ауыз амандықпен бітпей, өнер мен ағайынның жайын сұрасқан емен-жарқын әңгімеге жалғасады. Демек, сәлем беру – қол тигізіп өте шығатын рәсім емес, қарсы алдыңдағы адамға ықылас танытып, халін білудің жолы.
Көркем әдебиетіміз де осыны айғақтайды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» амандасу көріністерін арнайы зерттеген тілтанушылар Бағдан Момынова мен Меруерт Имангазина беттен сүюдің дәстүрлі ортада талғап қолданылғанын көрсетеді. Романда ол көбіне үлкен адамның балаға деген мейірімін білдіреді. Ал, маңдайынан иіскеу – ана мен бала, әже мен немере арасындағы айрықша жақындықтың белгісі. Құшақтау, бауырына басу, арқасынан қағу секілді әрекеттер алыстан келген жолаушымен көріскенде, ұзақ сапардан кейін қауышқанда көрінеді. Күнделікті сәлемдесу болса, негізінен сөз, жылы қабақ және ізет арқылы көрініс тапқан.
Коронавирус індеті кезінде адамзат қол алысу мен бет түйістіруден уақытша бас тартып, арақашықтық сақтауға мәжбүр болғанын білеміз. Сол тұста қолды кеудеге қойып сәлем беру қайтадан жиі көрінді. Індет басылған соң ескі дағдылардың қайта оралғаны рас. Дегенмен, пандемия амандасу әдебінің денсаулық пен жеке бас шекарасына да тікелей қатысы барын аңғартып кетті.
Әлеуметтік желідегі талқы амандасудың қимылынан сөз қолданысына дейін жетті. «Армысыз!» бен «Ассаламағалейкүмді» бір-біріне қарсы қойған пікірлер де кездесті. Бұл арада академик Рәбиға Сыздықтың тілдік пайымы көп нәрсеге сәуле түсіреді. Ғалым «ар ма?», «армысыз» қолданыстарын бүгінгі моральдық «ар-ұят» ұғымымен ғана емес, көне түркі тіліндегі «арығ», «ару» – таза, есен-сау мағынасымен байланыстырады. Сонда «Армысыз?» дегеннің арғы мәні «Ауру-сырқаудан тазасыз ба, аман-есенсіз бе?» деген тілекке саяды. Ал, «Ассаламағалейкүм!» қазақ даласына исламмен бірге еніп, ғасырлар бойы тұрмысымызға сіңген бейбітшілік пен амандық тілеудің үлгісіне айналды. Екеуін таластырудың жөні жоқ секілді. Екеуінің де түбінде адамға амандық тілеу жатыр.
Таласбек Әсемқұлов қазақтың діни танымын күнделікті тұрмыс пен салттық болмысынан бөліп қарамаған. Расында, әдеп пен иба – жеке кітаптан оқып қана үйренетін қағида емес, дастарқан басында, туыстық қарым-қатынаста, үлкеннің алдын кесіп өтпеуде, бөтеннің шекарасын сыйлауда қалыптасатын өмірлік тәрбие. Қайнаға мен келіннің, жеңге мен қайынның, аға мен інінің арасындағы қашықтық та жатсынудан емес, өзара сыйластықтан туған.
Бұқар жыраудың:
«Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы», – деуі де сондықтан.
Сәлемнің сөзі мен сыртқы қалпы заманға қарай түрленуі мүмкін. Бірақ, оның арқауындағы құрмет, ұстамдылық пен кісілік өлшем жоғалмауға тиіс. Өйткені, сәлем түзелмей, адамдар арасындағы әлем де түзеле қоймайды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



