Руханият

«Сүйер ұлың болса, сен сүй…»

Бекзат Қомарұлымен қызметтес болмасам да, осы қарашаңырақта қызмет еткен əріптес ретінде құрметім жоғары. Сондықтан да, көрген жерде «Бекаға» деп, азаматтың бағасын көтеріп жүремін. Уақыт өте келе, ағамыз түрлі қызметтің тізгінін ұстағанда да сыйласып жүрдік. Қазір де бір саланың қазанында қайнап, еңбек етудеміз. Бекзат ағам ердің жасы 50-ге келгенде қалам тербемей қала алмадым. Азаматты ардақтап, өзім қызмет ететін шаңырақта алғашқы еңбек жолын бастап, сұңқарға айналғанын мақтанышпен жазғым келді. Бекзат Қомарұлында тізбелеп айта берсек, атақ та, даңқ та, марапат та, шүкір, жетерлік. Ол атына заты сай, елі үшін туған Бекзада ғой.

Ауылымыздың арда азаматы, əріптесіміз Бекзат Қомарұлы Алтынбеков ел ағасы атанып, мерейлі 50 жасқа толды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Бекзат Қомарұлының өнегелі өмір жолы туралы мақалаларды баспасөз таласа жарияласа, əлеуметтік желі əлі де жаңғырта жазып жатыр. Қанша жазса да көптік етпейді дер едім.

Ғасырға жуық тарихы бар, аудандық «Aqtogai ajary» газетінің ұжымы алғашқы тырнақалды туындыларын жарыққа шығарып, қияға аттандырған азаматының ұлт мақтанышына айналғанын мақтан тұтады. «Батамен ер көгерер» демекші, қарияларымыздың батасы қабыл болып, əр кез аман жүріңіз.

Қазақта «Сұңқар жемін шашып жейді» деген сөз бар. Сіз сол алтын қанатты, кең жүректі сұңқардай, əркез қамқорлық танытып, «Атымтай жомарт» атанып, халық алдында жүрсіз. Барыңызды бөлісіп, «Алтын жүрек» азамат атандыңыз. Сол жомарттықтың бір парасы «Aqtogai ajary» ұжымында алдыңғы буын аға-апаларымыздың есімін тарихқа енгізу мақсатында 2007 жылдан бастап, екі жыл сайын дəстүрлі марапаттау өткізіп, сыйлық ұсынып келе жатқан көргендігіңіз. Смағұл Ибраев, Төлеухан Бишаев, Қасым Орынбетов, Мүбəрак Жармағанбетов, Əния Нұргелдина, Рымбек Мəмбетовтердің есімін тарихта қалдырудың жолын таба білгендігіңіз «Елім!» дейтін ұлдың перзенттік парызы. Уақыттың тығыздығына қарамастан елге келе жатқанда: «Гүлнар, ауылдағы ардагерлеріміздің басын қосып қойшы, дəм берейін, арқа-жарқа болып қалайық, мен де елдегі ағайынмен қауышып, қала тіршілігінен шаршағанымды басайын» деуіңіздің өзі бізге ерекше құрмет. Сіз сөйтіп, «Балам дейтін елі барда, жұртым дейтін ұлы бар» екендігін өнегелі ісіңізбен танытып келесіз. Қазыналы қияларға бастау болған, өмірге жол ашқан қайнар бұлақ қарашаңырағыңыз сізді əркез мақтан тұтады, қадірлейді.

Сөзімді түйіндей келе, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» – деген хəкім Абай сөзі, ауылымыздың арда азаматы Бекзат Алтынбеков секілді жандарға арналғанына тағы да көзім жетті. Отбасыңыз аман, еңбегіңіз жемісті, əр ісіңіз келісті болғай! Үнемі абырой биігінде жүргейсіз!

Гүлнар ЕЛЕУСІЗОВА,

Аудандық «Aqtogai ajary» газетінің Бас редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button