Жаңалықтар

Сүйемін

Сүйемін

Күлдей күңгірт шашы бар,

Тоқсан бесте жасы бар,

Көз дегенің – сұп-сұр көр.

Тасбиқ санап бүгіліп,

Жерге қарап үңіліп,

Көрше ауыр күрсінер,

Менің бір қарт анам бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол анамды сүйемін!

 

Көзінде көк нұры жоқ,

Аузында жұмақ жыры жоқ,

Жалынсыз, усыз құшағы,

Иірілмейді жыландай,

Сөзі де жоқ құрандай,

Білгені – қазан-ошағы.

Жабайы ғана жарым бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол жарымды сүйемін!

Ұйқы басқан қабағын,

Бастыра киген тымағын,

Жалқаулықты жар көрген.

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен,

Бірге жусап, бірге өрген,

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол елімді сүйемін!

 

Сағымы сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс – ақ кебін, жаз – сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы.

Сарыарқа деген жерім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол Арқамды сүйемін!

Шәкірт ойы

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда, кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кірермін!

Еңбек, бейнет тарауы

Рақатқа сарқылар.

Қыздырып күннің қарауы

Надандық теңізі тартылар.

Орны отайып көгерер,

Қызығын жайлап ел көрер.

Тұрмыс, тағдыр – бірі де

Бұл мақсаттан бұра алмас.

Қаһарман, Рүстем, Әлі де

Бұрам деп жолда тұра алмас.

Сыланған жардың күлісі,

Алдандырмас бірісі.

РЕДАКЦИЯДАН:

Биыл қос арысымыз – Мағжан мен Сұлтанмахмұттың туғанына – 125 жыл.

Алыптарымыз былтыр ғана 100 жылдығын атап өткен «Алаш» партиясының бастауында тұрды. Қазақ халқының баянды болашағы жолында қайраткерлігімен танылды.

Поэзия әлемінің қайталанбас құбылысы Мағжандай ақынның сыршыл, шыншыл өлеңдері Мәңгілік Елдің мәңгілік жырына айналды.

Өзінің сөзімен айтсақ,

«Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады…» деген заңдылықпен.

Жасын-ғұмыр иесі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да шығармашылығы – Қазақ әдебиетінің алтын қазынасы. Ақын қаламының қуаты роман жанрының, реалистік поэманың негізін қалауымен ерекшеленсе керек.

«Елімнің мен шын ұлы екеніме

Тағдырдың өзі берер куәлікті» деп жырлаған ақын – елінің ұлы, елімен бірге…

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button