Руханият

Сұхбаттың сынын кетірдік

Сұхбат – журналистиканың қиын да күрделі, мәртебесі биік жанры. Аталмыш жанр сан қырлылығымен әр тұлғаның болмысын ашып қана қоймай, аз уақыт ішінде мол ақпарат беруді мақсат тұтатындығы мәлім. Бүгінде осы жанр өз биігінен төмендеп барады.

Ең бірінші кінәрат сұхбат алушыдан басталып тұр. Екі тізгін, бір шылбырды тең ұстай алмауында. Әңгімелесетін адамын толық зерттемей, анкеталық сұрақпен шектеліп жүр. Әсіресе, індет келіп, бүйірімізден қысқанда сұхбаттың сынын кетірдік десек, артық айтқандығымыз емес. Журналистика мамандығынан мақұрым, турасын айтқанда, мұрнына иісі бармайтын, желіде өзін журналист санайтындар көбейді.

Ойына келген сұрақтарын қойып, қойыртпақтап, желіде желпініп отырады. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін сұхбатты ермегіне айналдырды. Кейбіреуі сұхбат берушіден көп сөйлеп көпіріп, мақтауын асырып лепіреді. Жүйелілік жоқ, диалог жайына қалады. Сұрақтың түсініксіздігі, негізгі тақырыптан ауытқуы сұхбаттың маңыздылығын, құнын жоғалтып, құнарсыз дүниеге айналары сөзсіз. Ой жүйесін, сөз киесін ұқпағандар сырлы сұхбатты су татыған мылжыңдардың әңгімесіне айналдырғаны аянышты. Осы күйінде сұхбат әркімнің ермегі бола берсе, керім жанрдың кері кетіп, құндылығынан айрылары анық. Оны көзіқарақты оқырман, көреген көрермен пайымдап отыр.

Қазақ журналистикасының қара нары, ұстазымыз марқұм Мағаш аға (Мағауия Сембай), «Журналист сұхбат алатын адамын терең зерттеп, жақсылап дайындалуы тиіс. Ол жайлы мәліметтер жинап, мінезін, әдетін, ортасы мен отбасы мүшелері туралы да біліп барсаң артық болмайды. Әңгімелесушіге сұрақ қою барысында оқырмандардың, көкейіндегі дүниені жеткізу басты шеберлік» деп жиі айтушы еді. Сонымен қатар, қойылатын сұрақ қызықты болуына мән беретін.

Бүгінгі сұхбаттың көрінісі журналистика мәдениетін жылы жауып қойған жайы бар. «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояпты» демекші, тікелей эфирде түрлі құйтырқы саяси сұрақтар қойып, бірді-бірге соғып, белгілі тұлғаларды шағыстырып, ортасына от тастайтындарды көзіміз көрді. Тіпті, қымсынбастан «Қазір қалтаңызда қанша ақша бар?» дейді әлгілер. Біреудің қалтасындағы ақшасын санап жүргендерге, журналист этикасының жоқтығын айтып ауыз ауыртып жүргендер бар. Бірақ, оны құлақ асып тыңдаған әріптестер аз болып тұр.

Айтпағымыз, журналистің дайындықсыз сұхбат жүргізуіне құқығы жоқ. Сұхбат алу – өнер. Бүгінде сол өнерді өлермендік құртып барады. Сырты сұлу сылдыр сөздерге бармай, оқырманға ордалы ой, сүбелі сөз ұсынғанға не жетсін?!

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button