Сәбидің обалы кімге?

          Қарағанды облыстық инфекциялық ауруханасында өткір ішек инфекциясы салдарынан шетінеген үш жастағы қыз баланың да, Теміртау орталық ауруханасының инфекциялық бөлімінде көз жұмған бір жарым жастағы ұл баланың да өліміне кім кінәлі? «Өткір ішек инфекциясы» деп диагноз қойылған екі сәби қыршын кетті. Бұл – дәрігерлердің салғырттығы ма, әлде улануға түрткі болған шұжық па? Не десек те, екі шаңырақ балдырғандарынан айырылып, қара жамылды.  Ал, БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ дәрігерлердің салғырттығын жоққа шығармады.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлбан Мамалинова кейінгі жылдары өткір ішек инфекциясы диагнозымен емделушілер саны көбейгенімен де, осындай диагноз салдарынан облыста науқастың қайтыс болу фактісі тіркелмегенін айтады.

«Теміртауда орын алған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүргізілуде. Тексеру қорытындысына қарай құқық қорғау органдары бұдан әрі қалай әрекет ету керектігін анықтайды» деп хабарлады Қарағанды облысы Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті басшысының орынбасары Ольга Смирнова. Оның айтуынша, департамент тексеруді бастаған. Яғни, Теміртау қаласының орталық ауруханасына баланы жеткізген жедел жәрдемді қосқанда, қайтыс болған Аслан Манасовтың барлық маршруты тексеріледі.

Денсаулық сақтау басқармасындағы брифингке сәбилердің аналары да қатысты. «Жағдайлары нашарлағанға дейін шұжық жеген балалар екі ауруханада да лайықты медициналық көмек алмады», – дейді олар. Осы орайда, базардан сатып алынған шұжыққа да сараптама жүргізілуде. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, дәрігерлердің ауысым кезеңіне тап келгендіктен, балалардың жағдайының ауырлығына уақытылы баға беріліп, лайықты көмек көрсетілмеген.  Арнайы құрылған комиссияның қолында бұны растайтын мәліметтер де бар. Басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев дәрігерлердің жетіспеушілігін де айтады.

Тергеп-тексеру объективті түрде жүргізілетініне сенімді болуы үшін денсаулық сақтау басқармасы балалардың туған-туыстарының да қатысуына рұқсат еткен. Қарама-қайшы пікірлер де көп. Балалар бөліміне әдетте тыйым салынатын шұжықтың қалай пайда болғаны да тексерілуде. Бірақ, нақты ақпарат жоқ. Тергеп-тексерудің барлық кезеңі өткеннен кейін ғана қайғылы оқиғаның салдарлары анықталып, шешім шығарылмақ.

– Қалай болғанда да, кінәлілер жазасыз қалмайды, – деп сендірді денсаулық басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.