Қарағанды

Рухани үндестік орнатты

    Облыс орталығындағы №101 мек­теп-лицейі – білікті ұстаздар мен дарынды оқушыларға толы. Бүгінгі таңда білім ошағы – республика көлемінде ғылым мен өнер сайыстарында жоғары көрсеткішке ие. Жақында мектеп ұжымы оқушылар мен ата-аналарға арнап ұйымдастырған ұлттық спорт түрлерін өткен сайыстар – көптің көңілінен шықты. Ерекшелігі сол –ұжым ұстаздары ұлттық киім киюді өздерінен бастап, ұлттық ойындар арқылы қазақы дәстүрді насихаттады.

Бұл күні ата-аналар баласының атқа шапқанын тамашалады. Тізгінді ұстаған жас өрендер дәстүрлі ойындар сайысына аса қызығушылықпен араласты. Көкпаршылар жеңімпаз атануға асықты. Сайыстарды тамашалаған өзге ұлт өкілдері «Қыз қуу» мен «Теңге алуды» көріп, көзайым болды. Ұстаздар бақтарын сынап көрген оқушыларға қолдау көрсетіп, іс-шараның қызығын жандандыра түсті. Сондай-ақ, ұжым ұстаздары сайыстардың қызықты әрі тартымды өтуі үшін мектеп ауласына сегіз танымдық-ойын аялдамаларын орнатты. Бұл тұста әр аялдамада берілген тапсырмаларды орындау арқылы оқушылар түркі халқының тұрмыс-тіршілігімен танысты. «Ақ сүйек», «Теңге алу», «Ән-шашу қобдишасы», «Арқан тарту», «Ойлан, тап!», «Бауырсақ», «Атамекен», «Қол өнер» аялдамалары өз атауларына сай ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына тансық атқа отыру рәсімін жасаған ұлттық ойындар орталығы «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Шаризат Қазтаев жеті қазынаның бірі жылқыларын ұсынды. Оқушылар арғымақ үстінде өнер көрсетіп, ата-баба дәстүрі, тарихынан түйгенін іс жүзінде дәлелдеді. Бұл ретте ұстаздар өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі мұраны тарих кітабы арқылы оқытып қоймай, танымдық шаралармен жеткізу арқылы ой-санасын дұрыс қалыптастыруды көздеген.

Атап өткен жөн, бүгінгі таңда мектеп ішінде ұлттық спорт түрлерінің бірі – тоғызқұмалақ үйірмесі белсенді жұмыс жасайды. №101 мектеп-лицейінің дене тәрбиесі мұғалімі Сайлау Бейбітов 2012 жылдан мектеп оқушыларына сабақтан тыс тоғызқұмалақ үйірмесін ашып, дәріс береді. Жаттықтырушының айтуынша, үйірме ашылған кезде қатысатын оқушылар аз болған, қазір жылдан-жылға артып келеді. Содан бері үйірме арқылы оқушылардың ойлау қабілеті дамыған, математика пәніне қызығушылықтары артқан. Себебі, «Тоғызқұмалақ» ойыны оқушының ойлау қабілетін арттырып қоймай, әсіресе, қыз балалардың саусақтарының дұрыс иілуіне ықпал етіп, төзімділікке, көп еңбектенуге тәрбиелейтін көмекші құрал. Сондықтан, ойынның жетілген бұл түрі ежелден ойы кең, рухы биік, саналы тұлғаларды тәрбиелеудің қуатты құралы болған деседі. Мектеп ұжымы да оқушылар арасында тоғызқұмалақ ойынын насихаттап, отансүйгіштікке тәрбиелеуді басты мақсат еткен. «Құндылықтарды құр сөзбен жеткізу ғана емес, ұлттық ойындар арқылы оқушыларға үйлесімді тәрбие беріп, ойын шындау – мақсатымыз»,– дейді жаттықтырушы.

Ал, мектеп басшысы Рахат Қазтайұлы: «Қазақ халқы ұлттық ойындар арқылы – ерлікті, батылдықты, шапшандықты насихаттаған. Сол арқылы баланың бойына әділдік пен адамгершілікті ұялатқан. Мектеп болып ұлттық ойындарды насихаттау арқылы мақсатшыл әрі интеллектуалды ұрпақ қалыптастыруды көздеп отырмыз», – дейді.

Бүгінгі таңда мектеп ұжымы мемлекеттік мерекелер сайын ұлттық ойындардан сайыстар өткізуді алға қойған. Әсіресе, Денсаулық күні, Тәуелсіздік күні , Наурыз мерекелерінде ұлттық ойындар түрінен өтетін жарыстар мектеп жоспарынан тыс қалмайды. Оған қоса ұстаздары алдымен өзінен бастап ұлттық киім киіп, оқушыларға үлгі болса – мектепте рухани тәрбиелі ұрпақ өсіп келеді деген сөз. Нәтижесінде, республикалық сайыстарда үздік біріншіліктен көрініп жүр.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button