Жаңалықтар

Рух тазалығының кепілі

Ата-бабаларымыздан қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту шын мәнінде елдігімізге үлкен сын. Сол сыннан сүрінбей өту, бабалар үрдісіне адалдық таныту, рухымызды асқақтату – бүгінгі ұрпақтың парызы, азаматтық борышы деп білемін.

Тарихи деректерге сүйенсек, біз көп нәрседен ұтылғанбыз. Өткен ғасырдың өзінде-ақ, бабалардан қалған асыл мұра, баға жетпес байлығымыз – тілімізден айрылып қала жаздадық. Тіл – ұлттың болмысы. Тілің жоқ болса, қалайша ұлтпын деп айта аласың. Біз, тек, тіл арқылы ғана өзіміздің қазақ деген ұлт екенімізді, мемлекет екенімізді өзгелерге таныта аламыз. Ертеде латын әрпін қолданғанымыз белгілі. Елбасы Н.Назарбаев сол тарихты жаңғыртып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жариялады. Бұл – тіл білімінің ғалымдарына, мемлекеттік қызметкерлерге, жалпы қоғамға жүктелген міндет. Латын әліпбиінің заман үрдісіне сай бірыңғай стандарты керек. Қазірдің өзінде нақтылы графикасын қабылдауға батыл қадам жасалды. Бұл ретте ұзынсонарлыққа салуға болмайтынын Елбасы қадап айтты. Сөйтіп, 2025 жылдан бастап күнделікті өміріміздегі, қызметіміздегі іскерлік құжатнамалар, жыл сайын шығатын оқулық, мерзімді баспасөз құралдары, газет- журналдар бірыңғай латын қарпінде шығып, қалың қазақ елінің жүрегіне жетуге тиіс. Мұны уақыттың қажеттілігі деп ұққанымыз жөн. Коммуникативтік, ақпараттық технологиялар айтарлықтай дамып кетті. Біздің еліміз де осы тұрғыда латын әрпіне көшсе, әлемдік озық технологияны меңгеруге мүмкіндік алады.

Латын әліпбиі ұлттық тіліміздің халықаралық дәрежеде танылып, өркендеуіне бірден-бір себеп. Жедел дамыған интернет жүйесі латын әліпбиі арқылы әлемді мойындатып, халықаралық тұрақты ақпарат кеңістігінің нағыз кілті болып отыр. Осы дәрежеге жете алсақ, неге қуанбасқа? Өркениет қатарына ілесу осы ұлы бастамалар арқылы жүзеге асырылады. Тағы бір айтарлығы – латын әліпбиі арқылы жер бетіндегі туысқан түркі халықтарымен ортақ түсіністікке қол жеткізіп, ұғыныса аламыз. Латын әліпбиіне даңғыл жол салынды. Енді, оның тез арада жүзеге асуына баршамыз мұрындық болуға тиіспіз.

Латын әліпбиіне көшу кезеңкезеңімен жүзеге асырылады. Қазір қолданып жүрген басы артық әріптерден арылып, орфографиялық заңдылығымызды реттейтін боламыз. Біздің тілдік табиғатымыз көп теперіш көрді. Ендігі арада ата-баба өсиетіне адал болып, мұрамызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Дегенмен де күмән көп, осы уақытқа дейін кирилица әліпбиімен жазылып келген құнды дүниелерімізден айырылып қаламыз деген пікірлер айтылуда. Кирилицамен жазылған алтынға бергісіз мұраларымызды, жазба жәдігерлерімізді латын әліпбиіне көшіруде ешқандай тосқауыл болмауға тиіс.

«Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер» деген Елбасының сөзі барлығымыздың есімізде болуға тиіс.

Ендеше, осынау рухани ұлы көштің ішінде менің әріптестерім – заңгерлер де өз үлестерін қосып, қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Ел дамуының бірден-бір озық үлгісі латын әліпбиіне көшу болса керек.

Әлия ТЕЙЛЯНОВА,

Балқаш қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button