Жаңалықтар

Роман КИМ: «Шығармашылық бар жерде – мен бармын»

«SuperStar KZ» мегажобасы арқылы жалпақ жұртқа танылып, талайларды тамсандырып, тамылжыта ән салған жерлесіміз, әнші Роман КИМДІ көгілдір экраннан көрмегелі біраз жылдың жүзі болды. Ерекше дауыс иесін іздеп тауып, көрінбей кетуінің себебін сұраған едік. Тұщымды әңгімесінен оның туған елі мен жеріне деген шексіз махаббатын аңғардық…

– Роман, 2003 жылы «SuperStar KZ» мегажобасында табандылық танытып, талантыңызды мойындаттыңыз және ІІ орынға ие болдыңыз. Содан бері талай уақыт өтті. Қазір қайдасыз?

Қазіргі таңда мен республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының әртісі болып қызмет атқарамын. Сондай-ақ, өз жетекшілігіммен құрылған «Роман Кимнің «New Voice» шығармашылық дамыту орталығының» директорымын. Мемлекеттік симфониялық оркестрлік концерттерге және іс-шараларға жиі қатысамын.

– Жобадан соң, қазақстандықтардың жүрегінен орын алдыңыз. Бірақ, сізді жоғалтып алғандаймыз…

Маған осы сұрақ өте көп қойылады. Шындығында, мен ешқайда жоғалмадым. Белгілі бір себептерге байланысты елден кетуге тура келді. Әртіс ретінде жобада зор жетістіктерге жеттім, дәрежем көтерілді. Осы тұрғыдан келгенде өнер жолындағы ең жарқын сәттер мен мүмкіндіктерді жіберіп алғаным рас шығар. Алайда, әр нәрсенің қайыры бар. Мен елден кеткен соң, Испанияның Марбелья қаласында тұрдым. Ол жақта көп нәрсе үйрендім. Музыкант ретінде өнерді басқа қырынан таныдым. Өзімді автор, ән өңдеуші, композитор, орындаушы ретінде дамыттым. Яғни, жаңашылдықты таныдым, оқыдым, алдымнан қандай кедергі шықса да мойымай, жаңа нәрсені білуге ұмтылдым. Алдыңғы толқын ағалар бала күнімізде «өнердің жолы – бұралаң жол» дейтін. Өмірімнің осы бір кезеңі өз-өзімді жеке тұлға ретінде тануға, әсіресе, композитор және автор ретінде музыка саласындағы тұлға болып қалыптасуыма әсер етті. Сондықтан, бұл сәттер өте қымбат. 2009 жылы Қазақстанға қайта оралып, шығармашылық жолымды жалғастырдым. Бұған дейін кім болдым? Демек, қазір де сол адаммын.

– Мүмкін «SuperStar KZ» жобасынан соң, сізді бәзбіреулер осылай істеуге мәжбүр еткен шығар?

– Өткенді қазбалай берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, Тимур Балымбетовпен сұхбаттасқанда осы сұраққа жауап бергенмін. Мен сонда осы жайттардың мән-жайын толығырақ айттым деп ойлаймын. Қалай болғанда да өмірде жақсылықтың жарқырап алдыңнан шығатынына сенемін.

– Ал, шығармашылық шабытты, күш-жігерді қайдан аласыз?

– Шындығында, маған шабыт шартты түрде қажет емес. Себебі, мен үлкен шығармашылықтың бір бөлшегі ретінде өз ісіме тазалықпен қараймын. Мен шабытты барлығынан – мынау күннен, табиғаттан, айналамдағы керемет адамдардан, ата-анам мен балаларымнан аламын. Жалпы, осын қоршаған дүниелерден мен тез шабыттанамын. Әр адамға өз айналасынан, тіпті, қандай жағдайлардан болса да шабыт алуға болады деп ойлаймын.

Өнердегі, шоу бизнестегі әріптестеріңіз сізді «өте шыншыл адам» дейді…

Білмеймін. Әрине, әріптестеріме бұл байқалатын да шығар. Мен олармен шығармашылық төңірегінде ғана әңгімелесемін. Ал, олардың өмірдегі қандай да бір істеріне ешқашан араласып көрмеппін. Ата-анама мені осылай тәрбиелегені үшін алғыс айтамын. Менің ойымша, әр адам алдымен өз-өзіне және басқаларға адал болуы керек. Бұл тәрбиенің ең биік шыңы іспеттес көрінеді өзіме. Өйткені, қандай да бір ашкөздікке, небір сұмдықтарға, өтірік-жалаға қас болып, ұсақталмауым үшін Құдай бойыма талант дарытты. Адам ойы неғұрлым ашық мөлдір болса, шығармашылық та дәл сондай болады деп ойлаймын.

Әкеңіз бен анаңыз – Николай Ким мен Гүлнар Ким туралы оқырмандарға айтып бере аласыз ба? Ата-анаңыз үшін қандай да бір ерлікке барған сәттеріңіз болды ма?

– Ата-анам – ең жақын адамдарым. Оларды барлық жетістігімнің қайнар көзі деп білемін. Мені болашаққа деген үмітім мен өзіме деген сенімділігімді қалыптастырды. Әкем – авиатехникалық механик, ең үздік механиктердің бірі. Ал, анам – бастауыш сынып мұғалімі. Білесіз бе, мен 4 жасымда скрипкада ойнауды үйрететін музыкалық үйірмеге бардым. Бұл өз қалауым болды. Егер, мен сол кезде ата-анамның қолдауын сезінбесем, онда әдеттегі балалар сияқты айтқанға көніп, өзім қаламаған жерге барған болар едім. Шындығында, балалардың көбісі үйірмелерге өз қалауы бойынша бармайды. Бірақ, ата-анасы балаларының талап-тілегін ескермей, олардың музыкамен айналысқанын қалайды. Бірақ, мен бұл қадамға саналы түрде бардым. Маған көп адамдар «4 жасыңызда қалайша ақылды, саналы болдыңыз, ол жаста бұлар енді қалыптасып жатады ғой» деп таң қалады. Бұның да себебі бар, мен бәріне ерте жасымнан бейім болдым. 2 жасымда жазушы А.Бартоның өлеңдерін жатқа айтыппын. Ал, 3-те болғанда ата-анам менің газет оқығанымды айтады. Сондықтан, 4 жасымда музыкаға деген алғашқы қадамым – саналы түрде жасалғанын айтқым келеді. Өзіңіз де білесіз, шығармашылық жолда жүру де бір ерлік, бұл – ата-анам үшін ғана емес, мені сахнадан көргісі келетін, маған үлкен сенім артатын жанкүйерлеріме де қатысты. Маған сенетін барлық адам мені сахнада көргісі келеді, көбісі «Неге сізді теледидардан көре алмаймыз, неге шығармашылықпен айналысуды қойдыңыз?» деп сұрайды. Шығармашылықпен айналысу – әрдайым көпшіліктің көз алдында жүруді, әрдайым түсініксіз істермен айналысуды білдірмейді. Адамдар сенің өзіңді, әндеріңді аузынан тастамай айтып жүруі үшін тек шығармашылық адамы болу жеткіліксіз. Ата-анам мен үшін мұны қалайтын да шығар. Меніңше, олар маған сенім артты, бүкіл ғұмырын, махаббатын маған арнады. Мен оны күні бүгінге дейін сезінемін. Яғни, олар мені жақсы көреді, әрқашан қолдайды. Мені «адам» қылып өсіргені үшін оларға үлкен алғыс айтқым келеді.

Демек, Сіз патриотсыз?

Мен шынайы патриотпын деп айта аламын. Біз бәріміз бір қоғамда өмір сүреміз. Пандемиямен тұспа-тұс келгенде өте қиын кезеңдерді бастан кешірдік. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатысты. Қаншама адамның дүниеден өткенін көріп, естіп білгенде қабырғамыз қайысты, көңіліміз жабырқады. Білесіз бе, мен өз Отанымды, туған жерімді қатты жақсы көремін. Менің әр достарыммен араласуым әр түрлі. Дегенмен, мен осы жерде ғана жайлы өмір сүремін. Мен – қазақстандықпын деп мақтанышпен айта аламын. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанда тұратын әр этносты азаматы өзін қазақ ұлтының өкілі ретінде сезінеді. Геннадий Головкин айтқандай, біз бәріміз де – қазақпыз. Қазір елден кетуді мүлдем ойламаймын. Өз елің үшін ән айту, өз еліңнің туын көтеру – мен үшін үлкен мақтаныш және қуаныш. Өз еліңде, өз жеріңде болашақ әртістердің жаңа толқынын қалыптастыру, дамыту және оларды тәрбиелеу ел үшін жасалып жатқан ең үлкен жетістіктердің бірі деп есептеймін. Иә, мен шынайы патриотпын! Өз Отанымды, өз Мемлекетімді сүйемін!

– Теміртау туралы естігеніңізде ең бірінші ойыңызға не келеді? Туған жеріңізге қаншалықты жиі келесіз?

Теміртау десе – балалық шағым, ата-анам, туған-туыстарым, көзі тірі атам мен әжем ойыма келеді. Теміртау – менің өмірім. Бұл қала – музыкант ретінде қанатымды қатайтып, әртіс ретінде шыңдады. 9 жасымда Теміртауда концертім өтті. Шығармашылық жолым осы жерден басталды. Бұл өмірде сезінуі тиіс барлық эмоцияның алғашқы дәмін сол жерден таттым. Теміртауға жол түскенде барып тұрамын. Негізі мүмкіндік болса, көбінесе, Теміртау мен Қарағандыға тартып кеткім кеп тұрады. Бұл екі қаланы мен бір-бірінен бөле алмаймын. Екеуін де жақсы көремін. Балалық шағымның бір бөлігі Қарағандыда өтті. Мен онда мамандандырылған музыка мектеп-интернатында оқыдым. Теміртауға жұмыс бабымен болса да, немесе ешқандай себепсіз туған қалама барып тұрамын. Себебі, ол жақта туысқандарым бар. Онда барсам, балалық шағым еске түсіп, күш жинап қайтамын. Мен онда барсам, дауыл тұрғандай бәрі аяғынан тік тұрады (күлді). Туған жеріме келсем демалып қаламын. Көпшілігі менен «Туған жеріңді неге қатты жақсы көресің?» деп сұрайды. Теміртаудың әр жолы, әр көшесі, әр ағашы менің өміріммен байланысты. Туған жерім туралы айтқанда осылай толғанамын.

Сіздің «Қарағанды» туралы әніңізді естігенде жерлестеріңіз ерекше қуанады. Осы әннің шығу тарихын қысқаша айтып бере аласыз ба?

Эстрада әншісі ретінде 2004 жылы Қарағандыға шақырған болатын. Ол кезде қасымда Рахат Тұрлыханов, Парвиз Назаров және басқа да әртістер болды. Қандай концерт екені есімде жоқ, сол концерттің жабылуына жұлдыздар шақырылған еді. Қарағандыға келгенімде бәрі «Сен қарағандылық емессің бе, өз қалаңды жақсы көресің ғой, бұл қалаға айтқың келген нағыз жүрекжарды сөзіңді, музыкаңды жазшы», – деді. Содан бұл ән Алматыда жазылды. Әнге сөз таңдамадым, ол жүрегімнен шықты, туған жеріме деген махаббатымды әнмен жеткіздім деп ойлаймын. Теміртау қаласының туған күніне арнайы келіп, өзімнің туған қалама арнаған әнімнің тұсауын кестім. Мен қайда жүрсем де, туған жерімді қастерлеп, аялап өтемін.

Жақын арада Роман Кимді шоу-бизнестен көре аламыз ба?

Бұл – мен үшін салыстырмалы сұрақ. Эстрада – клип түсірумен өлшенбейді. Эстрадада жүргендердің міндетті түрде клипі болуы керек деген сөз емес. Сондай-ақ, оны әрқашан хайп деп ұғуға да болмайды. Сахнада жүрген эстрада әртісі ретінде интернетте, YouТube-та мен қатысқан концерттер өте көп. Мемлекеттік және мерекелік концерттерге жиі қатысатынымды жоғарыда айтып өттім. Мен шығармашылықтан кеткен жоқпын. Шығармашылық бар жерде – мен бармын. «Сіз неге көрінбей кеттіңіз, сіздің даусыңызды ұзақ уақыт естімедік қой?» деушілер баршылық. Жанкүйерлерім көптің арасынан мені бірден көреді, естиді. Өз өмірімді, шығармашылығымды, жұмысымды, сондай-ақ, менің күнделікті өмірімнің қалай өтіп жатқанын Instagram-ға салып, бөлісіп жүрмін. Осылайша, менің кәсіби жұмысымның үзілмей, жалғасып жатқанын халық содан білсін деймін. Шығармашылығымды бағалайтын, мен үшін уайымдайтын және мені әрқашан қолдайтын жанкүйерлеріме рақмет айтамын. Әртіс бұл – халықтың азығы болуы керек деп ойлаймын. Шығармашылық жолымда «SuperStar kz» мегажобасына дейінгі және одан кейінгі қосылған, менімен бірге болған жанкүйерлеріме және «I`m a singer» жаңа жобасында мені қолдаған жанашыр көрермендерге рахмет айтамын. Сіздерге денсаулық, қуаныш, амандық, молшылық, бақыт пен шаттық тілеймін!

Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button