Қарағанды әуежайы QarGoCity жобасымен ірі жүк хабына айналады
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағанды әуежайы ауқымды жаңғырту кезеңіне өтті. Алдағы 25 жылға арналған даму мастер-жоспар халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, негізгі басымдық ретінде мультимодальды әуе хабын қалыптастыру көзделген. Жоба аясында QarGoCity атты ірі жүк экожүйесі іске қосылмақ.

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте бастаманың келешегі талқыланды. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Сары-Арқа әуежайы халықаралық жүк тасымалдарын дамытуға толық мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазірдің өзінде мұнда еліміздегі аумағы бойынша екінші ірі карго-терминал жұмыс істейді және жүк бағыттары Еуропа, Латын Америкасы мен Оңтүстік-Шығыс Азияға жолға қойылған.
Жоба шеңберінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында логистика мен қайта өңдеуге бағытталған арнайы субаймақ құрылмақ. Сонымен қатар әуежайға тікелей теміржол тармағын тарту жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды кеңейту де қарқынды. 600 гектар аумақта жаңа карго-аймақ салынып, ірі жүк ұшақтарын қабылдайтын алаңдар дайындалуда. Отын базасы жаңартылып, әуежай екі түрлі авиаотынмен жұмыс істейтін елдегі санаулы нысандардың біріне айналмақ.
Жүк тасымалы көлемі де өсуде. Бұрын жылына 15 мың тонна болған көрсеткіш биыл 100 мың тоннаға жетпек. Ал алдағы он жылда бұл сан 1 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, тиімді географиялық орналасу мен кең инфрақұрылым Қарағандыны Еуразиядағы ірі логистикалық орталыққа айналдыруға толық мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



