Құрметті жерлестер!
Сіздерді мемлекеттік мереке – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінде елордамыз дарынды жастар бас қосатын, батыл сәулеттік жобалар жүзеге асырылатын және Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды іс-шаралар өтетін орталыққа айналды. Астана – мемлекеттілігіміздің және еліміздің табысты дамуының символы.
Қазақстанның көп ғасырлық тарихында астана атанып, мемлекеттілігіміздің дамуына зор үлес қосқан бірнеше қала болды. Олардың қатарында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған, Жәнібек, Керей және Шығай хандардың ордасы болған – Созақ қаласы, ежелгі – Сығанақ, мәдени астанамыз – Түркістан, Семей, Қызылорда және Алматы қалалары бар. Олардың әрқайсысы халық өмірінде үлкен рөл атқарды. Ал, мыңжылдықтар тоғысында Тәуелсіз Қазақстан жаңа елорда – Астана қаласын таңдады.
Бүгінде Астана шаһары еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми өмірінің орталығына айналған. Астананың полиэтникалық құрамы – бүкіл Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығының белгісі іспетті. Елорданың жетістіктері Қазақстанның барлық өңірлерінің дамуына серпін береді.
Құрметті қарағандылықтар, сіздерді Астана күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілейміз!
Елордамыз – Астана қаласы гүлденіп, дами берсін!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі.
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы.