Жаңалықтар

Құрметті облыс тұрғындары!

Бүгін біз еліміздің басты ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнін атап өтеміз!

Атаулы мереке – Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген азаматтық жауапкершілік пен ұлттық тұтастықтың нышаны.

Тәу етер Тәуелсіздігіміз – ұлы бабаларымыздың сан ғасыр бойғы мақсат-мұратының жемісі.

26 жыл бұрын, 16 желтоқсанда «ҚР Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Құжатта еліміз өзін тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде жариялады.

Содан бері күрделі жолдан өттік. Қазіргі Қазақстан – қарқынды дамушы, қуатты мемлекет.

Бүгінгі мереке – Отанымыздың еркіндігі мен ертеңге деген сенімінің нышаны. Қазақстан халқы қысқа мерзім ішінде демократиялық, құқықтық және экономикасы үдемелі дамушы мемлекет құра білді.

Осы күні Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты жас мемлекеттің орасан жетістіктерін зор мақтанышпен паш етеміз.

Еліміз Тәуелсіздік жылдарында Еуразияның беткеұстар елдерінің, әлемдік державалардың қатарынан лайықты орын алды. Халықаралық аренадағы беделін айқындады.

Сондықтан, тарихи таңда түрлене білген халқымыздың өткен жолына құрметпен қараймыз.

Қазақстанның егемендігін нығайтуға Қарағанды облысының тұрғындары да қомақты үлес қосып келеді. Өтіп бара жатқан жыл экономикамыз бен әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге толы болды. Агроөнеркәсіптік кешендегі көрсеткіштеріміз де жоғары. Баспаналар салынып, ауруханалар, білім беру ошақтары, мектепке дейінгі тәрбие беру орталықтары және өзге де әлеуметтік нысандар халық игілігіне жол тартты. Осының барлығы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында жүзеге асуда.

Алдағы уақытта да әрбір қарағандылықтың еңбегі еліміздің экономикалық қуатын және саяси беделін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалардың сәтті жүргізілуіне септігін тигізе берсін.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан – ортақ үйіміз, бір ел, бір болашақ! Яғни, біздің күшіміз – бірлікте!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт, жемісті еңбек, бейбіт әрі жарқын болашақ тілейміз. Әрбір шаңырақтан ауыз­біршілік, ырыс-береке, шаттық арылмасын. Әрбір қазақстандықтың еңбегі бақытты болашағымыздың кепілі болғай!

Ерлан ҚОШАНОВ,

Қарағанды облысының әкімі.

Серік ӨТЕШОВ,

облыстық мәслихат хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button