Облыс әкіміРесми

Құрметті мәдениет және өнер қызметкерлері!

Әлемді әбігерге салған жұқпалы дерт барына қарамастан, Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітілген еді. Анығында, бұл күн шалқар шабыт пен шынайы шығармашылықтың жалауы желбіреген айтулы датаға айналды. Еліміздегі кәсіби мерекелердің қатарынан ойып тұрып орын алды. Осы күні біз таланты тас жарған тарландарды аймақ жұртының алдына шығарып, құрмет биігіне көтереміз. Бұл игі дәстүр биыл да өзінің лайықты жалғасын тауып отыр.

Қарағанды облысын тек қазба байлығы мен алқап толы алтын дәні, төрт түлік төлі ғана әйгілеп тұрған жоқ. Бұл қастерлі топырақ ең алдымен адамзат баласын таңдай қақтырған өнер иелерімен даңқты. Онда Тәттімбеттің күйінің, Бұқар жыраудың жырының үні бар. Әкенің қаны, ананың сүтімен бойға сіңген бұл ізгі қасиет бүгінгі буынның да бойынан табылады. Келер ұрпақ та кенде қалмауы тиіс. Осы мақсатта жергілікті билік тарапынан барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл санап аймағымыздағы мәдениет, клуб үйлері сынды шығармашылық шаңырақтары қалпына келтіріліп, кейбірі жаңадан тұрғызылуда. Мәдениет және өнер ошақтары кәсіби мамандармен толықтырылып, оған елімізге танымал өнер иелерін тарту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.

Мәртебелі мамандық иелері!

Арқа төсіндегі айшықты шаралардың қай-қайсысы болсын Сіздердің төккен тер, еткен еңбектеріңізсіз өткен емес. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, аймағымыздағы әр қалада, ауылдар мен аудандарда өнер мен мәдениеттің майталмандары бар. Қай-қайсыңызды болсын бөле-жармай, баршаңызды осынау кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Көзіқарақты көрермендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін. Шалқар шабыттың шырағы сөнбесін!

 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі.

Серік ӨТЕШОВ, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button