Құрмет пен сенімнің нышаны

    Нұра халқын мәуліт айында үлкен қуанышқа бөлеп, имандылық ордасы жанынан бой көтерген асхана халыққа есігін айқара ашты. Салтанатты шарада аудан әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ жиналған жамағатты Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында ауданымызда көптің күшімен тұрғызылған мешіт асханасының ашылуымен құттықтады.

    Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Наурызбай қажы мен Қарағанды облысы бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы қатысты. Аудан әкімі Н.Омарханов пен аудан халқына зор алғыстарын білдірді. Аудан азаматы, асхананың салынуына зор үлес қосқан мешіт жанашыры Досбол Бекмағанбетов те жиналған қауымды қуанышпен құттықтады. Ақ әжелер шашу шашты. «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов пен Әйділда ақсақал салтанатты түрде асхананың лентасын қиды. Салтанатты шара соңы жаңа сарайдағы Мәуліт мерекесіне ұласты.

    Мәулітке жиналған көпшілік алдында Теміртау қаласы орталық мешітінің имамы Ысқақ қажы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) рухына және дүниеден өткен ата-бабаларымызға арнап құран бағыштап, мереке шымылдығын ашты. Мерекеге жиналған қала-аудандардың имамдары да мәуліт оқыды. Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, ерекше шуақ шашылғандай болды.

    Жаңа сарайдың алғашқы дастарқаны мәуліт мерекесіне жайылғанын көпшілік жақсылыққа балады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтылған салауат соңы уағызға және ән шашуға ұласты.

    Осы шарада Қарағанды облысы бойынша өкіл имам Өмірзақ қажы аудан әкімі Ниқанбай Омархановқа игілікті істе көрсеткен қолдауына ризашылығын білдірді. Елдің ертеңін ойлап, көпшілікті ізгі қасиеттерге баулып, асқақ рухын оятып, жақсылыққа шақыруды көздеген Нұра ауданы имамы Құмар Қоныскерей қажыға зор еңбегі үшін Алғыс хат табыстады.

    Жалпы асхана құрылысына жи­налған қаражат көлемі – 7 млн. 517 мың 700 теңге. Оның ішінде, 1 млн. 820 мың теңгесі – аудан шаруа­шылықтарынан, 450 мың теңге – жеке кәсіпкерлерден, 900 мың теңгесі – аудан мекемелерінен, ал, 4 млн. 347 мың 700 теңгесі аудан тұрғындарынан түскен. «Көп түкірсе, көл болар» дегендей, бұл игі іс – еліміздің бай рухани мұрасын, мәдени және діни дәстүрлерін орынды мақтан тұтып, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына ықпал еткен аудан тұрғындарының асыл ниеті болса керек. «Төртеу түгел болса төбедегі келер» деген осы болар.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.