Өркениет игілігіне ілесудің төте жолы
Егемен ел болғалы латын қарпіне көшу жайы үнемі айтылып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, республикамыздың зиялы қауым өкілдері, тілтанушы, саясаттанушы ғалымдарымыз бен ғылым-білім саласының мамандары 1990 жылдардан бері келелі әңгіменің өзегі етіп келеді. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2006 жылғы ХІІ сессиясында латын әліпбиі туралы: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстар жасауы тиіс», – деген болатын. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында латын әліпбиіне орай жұртшылық арасында қилы-қилы пікірталас өршіп, әр азамат, зиялы қауым өкілдері, түрлі маман иелері латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп жатты. Бірі қажет десе, бірі қажет емес деді. Пайдасы мен зияны жөнінде де пікірлер айтылып жатыр. Қоғамның бұл белсенділігі ұтымды ұсыныстары, пайдалы ой-пікірлері мейлінше жеткілікті жазылып осы төңіректе ойлары шатқаяқтап жүрген біраз жұртшылықтың түсінігін кеңейтуге өз септігін тигізгені сөзсіз. Ғылыми конференция материалдары, мерзімді баспасөз беттері арқылы көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өздерінің көзқарасын қалыптастыра бастады. Мұндай қызу талқылау латын әліпбиіне оралу болашақ мәдениетіміздің үлгісін анықтайтын стратегиялық маңызы бар мәселе ретінде қолдау тауып отырғанының бірден-бір көрсеткішіндей.
Ал, бүгінде уақыттың елегінен өткен тұжырымдарды салмақтай келіп, Елбасының «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деген тоқтамына бізден бұрын латын жазуына көшкен халықтардың мүлт кеткен тұстарын ескеріп, жаңа әліпбиімізге мұқият болсақ еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін тың өзгеріс болатыны игі. Алайда, латын әліпбиіне өтудің көпшілікке үрей тудырып отырған қиыншылықтары да аз болмайтындығын ғалымдарымыз айқын көрсетіп, шешу жолдарына да нұсқау жасап отыр. Жалпы, қай тілдің болмасын, ең қиын жері оның емле-ережесі болып табылады. Тілдің болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Қазақ дыбыстарының табиғатын терең зерттей отырып, Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Ендігі ретте латынға көшу не үшін қажет? – дейтін сауалға ғалымдардың дәлелдеуімен жауап беріп көрейік. Бұл сауда мен экономика саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге жақын мәселе. Себебі, шетелден келетін күнделікті тұтыну тауарларынан бастап азық-түлік өнімдеріне дейін, соның ішінде бренд өнімдерінің барлығы дерлік атауы латын графикасымен жазылған. Біз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде сағат сайын, сәт сайын осы мәселемен ұшырасамыз. Мысалы, Mersedes, Toyota, Land Cruzier деген атаулардың барлығын айна-қатесіз оқып, қиналмастан оның қандай маркалы автокөлік екендігін жазбай танимыз. Сонымен қатар, тұрмыстық техника құралдарын алатын болсақ LG, Samsung, Panasonic, Sony тағы басқаларының барлығының аты латын графикасымен жазылған. Бұл әлемдік стандарт атаулының барлығына латын графикасы тән екендігін, атаулардың барлығы латын әрібінде жасалғандығын көрсетеді. Сондай-ақ, латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз көп. Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Қазіргі жаңарған қоғам мүшелерінің – біздің азаматтарымыздың негізгі бөлігі латын жазуына көшуді қазіргі әлемнің инновациялық-технологиялық жетістіктеріне ілесудің төте жолы, дүниежүзілік өркениет игіліктеріне қосылудың, еуразиялық кеңістік әлеміне енудің бірден-бір негізгі тетігі деп біледі. Бұл өз кезегінде бүкіл иісі түркі дүниесі халықтарымен рухани-мәдени ынтымақтастық байланыс жасауды жандандыруға, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, ағылшын жазуын тез меңгеруге, шетелдерде тұратын қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатуға, заманауи электронды ақпарат құралдарын жылдамырақ үйренуге көп септігін тигізеді.
Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі зор екендігі айтылып отыр, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, халқымыз әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз оң іс болар. Әліпбиді ауыстыру – мүлде қаражат шықпайтын оңай шаруа емес. Сондықтан, латын әліпбиі жобасын қолдай отырып, көпшілік тілге жанашыр қауымның көкейіндегі ойы – халқымыз ғасырлар бойы игерген мұрасы мен рухани байлығынан сусындауына қосымша қиындық келтірмесе, осы жолда мемлекетіміздің мүмкіндігін ыждағатпен пайдаланса деген тілек бар. Латын жазуын қабылдағанда қол жетер нәтижеміз әрқайсымызға байланысты және бұл уақыт еншісінде.
Ж.КАДИНА,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.