Әрбір өтініш әкім назарында
Сәрсенбінің сәтінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық басқармалардың басшылары Шахтинск қаласының тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-арыздарын, өтініш-тілектерін тыңдады.
Кездесу өткен денешынықтыру-сауықтыру кешенінде электронды кезек ұйымдастырылып, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша облыс әкімі мен тиісті басқарма басшыларына жолығу үшін талондар алды.
Ермағанбет Бөлекпаев қаладағы проблеманың біразымен осының алдындағы кездесулерден таныс еді. Мәселен, қаланың Абай Құнанбаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары балалар және спорт алаңдарын салуды сұраған болатын. Бұл нысандар салынуын салынғанымен, футбол алаңына әлі күнге жасанды көгал төселмеген екен. Міне, осы сұрақпен келгендердің арасынан Гүлнар Полевая өздерін облыс әкімінің мұқият тыңдап, қала әкіміне тапсырма бергенін ризашылықпен айтты.
Шахтинск аумағына кіретін Шахан кентінен келген бастамашыл топ өз кенттерінде абаттандыру, жолдарды жөндеу мен көшелерді жарықтандыру ісі жалғасып, роллердромның құрылысы аяқталуға жақындап, келер жылы кентте көпфункционалды корт салынатынына қуаныштарын жеткізді. Бірақ енді оларды мазалайтын тағы бір мәселе орталық жылыту жүйесіне қосылған көпқабатты үйлер емес, осыған қолы жетпей отырған жеке сектордың үйлері болып тұр. Оларды қосу үшін ЖСҚ-да бар көрінеді.
Бұған қоса шахандықтар емханалардың күрделі жөндеудің аяқталуы мен оған жаңа жедел жәрдем машинасын сатып алу, «Шахтинск-Шахан», «Қарағанды-Саран-Шахтинск» бағыттарындағы жолдардың да жөнделуі жайын қозғады. Осыған орай жауап берген облыс әкімі жолдардың сапалы жөнделуі мен тұрғындардың тұрақты жылумен жабдықталуы басты назарда болып, олардың шешім табатынына сендірді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск қаласы тұрғындарымен ашық та риясыз кездесу барысында әрбір өтінішке құлақ асып, оны тіркеп, тиісті органдар басшыларына тапсырмалар берді.
Ержан ИМАШ,
Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым
ШАХТИНСК