АқтоғайДенсаулық

Құрамы жаңарған аурухана

Ақтоғай ауданына қарасты халыққа қажетті ең маңызды әлеуметтік сала – денсаулық сақтау саласы. Ол заңдылық та. «Бірінші байлық – денсаулық» екенін атам қазақ бекерден бекер айтпаса керек. Ал, сол денсаулық саласының бүгінгі жәй-күйі қалай? Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде аудандық аурухана тығырықтан қалай шықты? Халыққа медициналық көмекті қай деңгейде көрсетіп отыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп, аудандық ауруханаға ат басын бұрған едік…

(Сурет интернеттен алынды)

Өткен жылы аудандық орталық аурухананың бірінші, екінші қабаты мен жертөлесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бюджеттен 230 млн. теңге қаржы бөлініп, аурухана ғимаратының екі қабатының сырты арнайы материалмен қапталған екен. Жөндеу жұмыстары биылғы жылы жертөлесінде жалғасып жатқанын көріп көз қуанды.

Жаһанды дүрліктірген пандемия кезінде аудан бойынша 92 тұрғын дертке шалдыққан. Ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегінің арқасында барлығы толығымен айығып шығыпты. Биылғы жылы короновирусқа 72 адам шалдығып, ем алып, отбасыларына оралыпты. Пандемия кезінде індеттің алдын алу, емдеу мақсатында үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетілген. Соның арқасында аурухана құны 11 млн. 103 мың теңге тұратын 3 өкпені жасанды желдету аппараты мен ИВЛ-ға қол жеткізіп отыр. 230 килловаттық электрлі трансформатор сатып алынып, инфекциялық және соматикалық бөлімшелерге 20 тонналық газды оттегін тарату жүйесі орнатылған. Екі орындық мәйітке арналған тоңазытқыш, 2 жедел жәрдем көлігі, 5 млн. 652 мың теңгеге 9 бірлік функционалды төсек, 8 млн. 600 мың тұратын 2 санитарлық “Нива” көлігі, 5 млн. 222 мың теңгеге науқастарға арналған 3 дана төсек мониторлары, 877 000 теңгеге электрокардиографиялық жүйе сатып алынған екен.

Сонымен қатар, «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы бойынша Ақтоғай орталық ауруханасында қызмет істейтін жас мамандарға арналған үйдің жөндеуіне 21 миллион теңге бөлініп, оған 3 дәрігер маман орналастырылған. Осы бағдарлама аясында 41 млн. теңге қаржы қаралып, Шашубай кентіндегі емхана сыртына жөндеу жұмыстары жасалыпты. Және бір айрықша атап айта кетерлігі пандемия кезінде жанашыр жандардың қаржылық қолдауымен 3 990 000 теңгеге 38 кислородтық концентраторлар, 50 фонендоскоп пен тонометрлер, 50 қызу өлшеуге арналған градусниктер, 12 кварц сәулелендіргіштер, 50 пульсоксиметрлер, 700 000 теңгеге дәрі-дәрмектер, 2,5 млн теңге сомасында дизельді электро-генератор алынған.

– Бүгінгі таңда аурухана қызметкерлерінің 70-80 пайызы жас мамандар. Бірер жыл бұрын алыс ауылдар мен шалғай елді мекендердің сұранысы бойынша жылжымалы дәріхана берілген. Қазір жылжымалы дәріхана айына бір рет ауылдарды аралап, дәрі-дәрмек таратады. Сондай-ақ, әлеуметтік дәріханада 600-700 дәрі-дәрмек түрлері бар. Әлеуметтік дәрі-дәрмек облыстық денсаулық сақтау басқармасының үнемі қатаң бақылауында тұр – дейді, аудандық орталық аурухананың директоры Елдос Жұмажанов. Иә, қазіргі аудандық орталық аурухана халықтың денсаулығын бақылауда ұстауға қажетті озық технологиялық медицина жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Науқастардың стационарлық ем алуына да барлық жағдай жасалған. Медицина қызметкерлері толығымен жаңарған. Жас мамандардың білігі артып, денсаулық саласының түлеуіне сүбелі үлесін қоса береді деген ойдамыз. Ал, халықтың денсаулығы қашанда мемлекеттің қамқорлығында.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button