Ауыл – ел бесігіБас тақырып

Әр балаға – бір сиыр

Ауыл кімге керек? «Бәрімізге!» деп ауыз ауыртпай-ақ қоялық. Әлбетте, сонда туып, сонда тұрып, сонда тірлік кешіп жүргенге ғана керек ауыл. Қанша күлбілтелесек те, шындық – сол. Әйдік шаһардағының шаңы шыққан ауылды сағынады дегені қазір күлкілі естіледі. Өйткені, өтірік. Содан шығар, цивилизацияның ортасындағылар ауылдың «ыңқыл-сыңқылын» ұқпайды. Ауылдың жоғын ысқырып жүріп іздейді. Ол ауылды өз жарасын өзі жалап жазатын халге жеткізді.

Содан ауыл осы күні өзіне ғана сенеді. Өзінің сондағы азаматтарына ғана. Сондықтан, сораны сүртіп, әркім ауылды сақтаудың амалын қыла бастады. Осындай мақсатта Нұра ауданы Сарыөзен ауылының азаматтары көпбалалы отбасыларды ауылға шақырып отыр. Жай шақырыс емес. Басына баспана береді. Әр балаға еншісіне бір-бір сиырдан. Сарыөзендегі «Береке» шаруа қожалығының басшысы Өмір БҮРКІТБАЕВТЫҢ айтуынша, ауылдағы 9 жылдық мектепті сақтап қалу үшін ауыл азаматтары осындай бастама көтерген. 3-4, тіпті, 5 баласы бар отбасыларға құшақтары – ашық. Бүгінде 45 оқушысы медет еткен негізгі мектепке әлі 20 бала қажет. Сонда мектеп жабылмайды…

Әлеуметтік желілерде Нұра ауданы, Сарыөзен ауылына көпбалалы отбасыларды шақырған хабарландыру жүр. «Бір хабарландыру беріп жіберейін: Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Сарыөзен ауылы көпбалалы отбасыларды қабылдайды. Үй тегін. Әр балаға бір-бір сиырдан беріледі. (Он балаңыз болса он сиыр аласыз). Көмір, ағаш, шөп тегін. Барлық жағдай жасалады. Ауыл биыл 60 жылдығын тойлайды. Мешіт салынып жатыр. 87712830198, Өмір аға».

Нұра ауданы, Сарыөзен ауылдық округі Қарағандыдан – 450, Нұра ауданы орталығынан – 315 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1961 жылы қаланғаны да рас. Тікенекті ауыл аймағында 1961 жылы Сарыөзен кеңшары құрылған. Сол кездегі шаруашылықтағы бағыттары егін, қой, қосымша жылқы өсіру болды. Округ құрамындағы Тікенек, Жүкей ауылдарында 2 мектеп, кітапхана, фельдшерлік-амбулаториялық бекет, мәдениет нысандары жұмыс істейді. Басқа елдімекендермен байланысы – көлік жолы. 2012 жылғы санақта мұндағы тұрғын саны 2 мың шамасында. Өмір Бүркітбаевтың айтуынша, қазір 500-дің үстінде. Он бес шаруа қожалығы шаруашылық құрған

«Ауылда 500-ден астам адам тұрады. Мектеп 9 жылдық. Осы күні 45 бала ғана оқиды. Мақсатымыз – мектепті жаптырмай, бала санын көбейтіп алып қалу. 3, 4, 5 балалы бірнеше отбасыны орналастырып алсақ, жақсы болар еді. Қазір 20 бала қажет мектепке. Әр баланың басына бір-бір сиырдан береміз. Үй бар. Оны да жөндеп, жағдайын жасаймыз», – дейді Өмір Бүркітбаев. Мұның барлығы ауыл азаматтарының қаражатымен. Бюджеттен бір тиын да алынбайтынын атап өткен жөн.

Өмір Бүркітбаевтың айтуынша, ауылға көпбалалы отбасылар бұдан бес жыл бұрын да келіп қоныстанған. Арнайы шақырумен. Онда да бүкіл ауыл көмектескен. «Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытқа жоспарымыз бар. Мектепті, 11 сыныптық жалпы білім беретін мектепке айналдырғымыз келеді», – дейді Өмір Бүркітбаев.

Шаруашылық басшысының айтуынша, ауылда ауыз су үйді-үйге тартылған. Интернет желісі жақсы. Қоныстанушыларды жұмыспен қамтуға да қол ұштарын беруге әзір. Бастысы – ауылды, ауылдағы мектепті сақтап қалу. Мектепте 20-ға жуық ауыл адамы еңбек етеді. Жоғарыдағы хабарландыруды оқығандардың арасынан Сарыөзенге көшуге ықылас танытушылар да аз емес деседі. Қарағанды түгілі елдің түпкір-түпкірінен хабар түсіп жатса керек.

«Түркістаннан, Тараздан, Шығыс Қазақстаннан хабарласушылар көп. Үй-жайды балалардың сабағы басталғанға дейін жөндейміз», – дейді Өмір Бүркітбаев.

Елде мұндай игі істі бұған дейін де өзге аймақтар да іске асырған. Жаңылмасақ, Ақмола облысында да осылайша ауылдарды сақтап қалғандар бар. Балалар үйінен балаларды асырап алған жағдайлар да жоқ емес. Қарапайым ауыл адамы ауылы үшін бәріне әзір. Басқалар ше?! Өзгемізге ауыл өгей ме?!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button