Спорт

«Qaraģandy» өнер-көкпар құрамасы ІІІ орын иегері

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Халық ақыны Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ 175 жылдығына орай Жамбыл облысы, Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында өткен көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирінде Қарағанды облысының «Qaraģandy» өнер-көкпар құрамасы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, турнирдің қола жүлдегері атанды. 

Алғашында «Qaraģandy» өнер-көкпар командасы Шымкент қаласының «Құлагер» құрамасымен бәсекеге түсіп, 2:1 есебімен жеңілді. Екінші айналымда жерлестеріміз «Әулие ата» құрамасымен ойнап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. «Әулие атаға» тиесілі бір салымды әнші Сержанов Мағжан салса, «Qaraģandy» құрамасына тиесілі үш салымның екеуін команда капитаны, асаба Ерік Тезекбаев, біреуін әнші, асаба Данияр Дүйсенбаев салды.

Ал, III орын үшін болған тартыста «Qaraģandy» құрамасы алматылықтардан басым түсті. Қос команданың ойын соңындағы нәтижесі – 4:1-ге тең болды. Жеңіс Қарағанды құрамасының қанжығасында.

«Qaraģandy» құрамасына тиесілі 4 салымның үшеуін команда капитаны, асаба Ерік Тезекбаев, біреуін әнші, асаба Данияр Дүйсенбаев салды.

Қарағанды облысы «Qaraģandy» командасының құрамы: Команда жетекшісі әнші-композитор Саят Әбдіғали ал, команда капитаны асаба Ерік Тезекбаев. Мүшелері – әнші-асаба Данияр Дүйсенбаев, әнші Бауыржан Жанатов, әнші Қуаныш Советов, асаба Дәурен Айтжанов, әнші Сұлтан Тілеубеков, күйші Асан Әбдіразақов, әнші Ерлан Сепкрай, асаба Әмірхан Беркінбаев, режиссер-блогер Айдос Садық.

Жарысты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы. Жобаның үйлестірушісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button