Приозерск қаласының дамуы пысықталды
Приозерск қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қаланы дамыту жоспарына назар аударды. Аймақ басшысы әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті билік алдына бірқатар міндеттер қойды.
Бірінші кезекте, аймақ басшысы кәріздік-тазарту құрылыстарын салу жобасын аяқтауды тапсырды. Бұл нысан бірнеше жылдан бері аяқталмай тұр. Құрылыстың ұзаққа созылып кету себебі девальвацияға байланысты жобаның қымбаттауымен түсіндірілуде.
– Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтадық. Жабдықтардың 60-70%-ы орнатылды. Көктемде бағаны түзетуді ескере отырып, жобалық-сметалық құжаттама дайын болады. Биыл құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбекке бірнеше нысанды жөндеу қажет екенін айтты. Мысалы, «Айналайын» балабақшасында жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Құрылыс жұмыстарына шамамен 100 млн. теңге керек. Шаһар басшысының айтуынша, облыс қолдауынсыз бұл мәселе шешілмейді. Облыс әкімі биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстарына кірісуді тапсырды.
Сонымен қатар, әкім «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығына барды. Спорттық, шығармашылық және зияткерлік үйірмелерге 1175 бала қатысады. Нысанның жақсы материалдық-техникалық базасы бар. Шешімді қажет ететін жалғыз мәселе – бассейн шатыры іске жарамсыз.
– Бұл мәселе шешіледі, шатырды ауыстыруға көмектесеміз, – деді Жеңіс Қасымбек.
Коммуналдық мәселелерге қатысты облыс әкіміне №1 қазандықты жаңғырту жоспары туралы да айтылды. Бұл жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа технологиялар енгізілмек.
Технология сапалы жылумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қазандық жылытылатын мазут шығынын үнемдеуге әкеледі.
Приозерск қаласында 13 мыңнан астам адам тұрады. Инвестициялардың өсуі байқалады. Бүгінгі күні 712 шағын және орта бизнес объектілері жұмыс істейді және олардың саны ұлғаюда. Приозерскіде кәсіпкерлер туристік салаға және саудаға қаражаттарын салғанды жөн көреді. Биыл жеті жаңа нысанның құрылысы жоспарланған. Қонақ үйлер, демалыс үйлері, дүкендер ашылуы тиіс.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.