Бас тақырып

Президент құттықтауын табыс етті

Қарағанды – өндірістік өңір ғана емес, мəдениет пен руханияттың ордасы. Оның жарқын дəлелі – аймақтағы айтулы өнер ордалары мен онда руханияттың шырақшысына айналған дарындар мен таланттар. Дəл сондай өнер шаңырағының бірегейі – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры. Бұл орданың жұртшылықты саф өнермен сусындатқандарына биыл жарты ғасыр. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев театр ұжымын мерейтойымен арнайы құттықтап барып, Президенттің хатын табыс етті.

– Сіздер қараша айында мерейтойларыңызды атап өттіңіздер, шын жүректен құттықтаймын! Бірақ, бүгін мен ерекше жағымды жаңалықпен келген жайым бар. Сіздерге Президенттің құттықтау хатын табыстамақпын, – деді аймақ басшысы. Президенттің құттықтау хатында өңірдің мəдениетіне зор үлес қосқан театрдың ерен еңбегі ерекше аталады.

«Құрметті достар! Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының құрылғанына 50 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздердің мерейтойларыңыз – бүкіл театр қауымдастығы үшін, өнерді бағалайтын жандар үшін мереке. Театр тарихында көптеген жарқын оқиғалар, тамаша əртістердің, солистердің, композиторлар мен музыканттардың тұтас жинағы бар.

Бүгінгі таңда талантты ұжым көрермендерді қызықты қойылымдармен қуантуды жалғастырып, белсенді гастрольдік іс-шаралар жүргізіп, халықаралық фестивальдерге қатысып, мəдени дəстүрлерді сақтауға елеулі үлес қосып отырғаны қуантады. Сіздерге шабыт, шығармашылық табыс жəне көп көрермендер тілеймін!» делінген құттықтау хатта.

– Біз де ел Президентіне, оның мəдениетке көңіл бөлгеніне алғысымызды білдіргіміз келеді. Біздің театр 50 жылдық мерейтойын атап өтті. 1973 жылы 16 қарашада өнер айдынындағы жолы басталған еді. Тарихының тамырын театр Исаак Дунаевскийдің «Еркін жел» опереттасының премьерасынан тартады.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры оперетта жəне мюзикл жанрында дамып келеді. Театрдың болашағы жəне елімізде өзінің жұлдызды шығармашылық шеруін жалғастырып, одан сайын ілгерілетіп, жас талантты кадрлармен толықтыру – менің басшы ретіндегі арманым, – дейді музыкалық комедия театрының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраев.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры – Қазақстанда оперетта мен мюзикл жанрларын кеңінен насихаттайтын жалғыз театр.

Бүгінгі таңда театр труппасында 360-тан астам адам бар. Театрды үнемі жас түлектер, əртістердің шəкірттері толықтырып келеді.

Өз тілшімізден
Суретті түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button