Ресми

Президент бағытының баяны

Америкалық көсемсөзші Уэнделл Филлипс «Саясат – қоғамның жүрек қағысы» дейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқарған сәттен бастап, ел тынысын тамыршыдай тап басып, түрлі түпкілікті реформаларды мықтап қолға алды. Бұл уақыт бірнеше сын-тегеурін қаз-қатар келген бетте дер шағында тастүйін шешім мен табанды жұмысты талап етті. Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы қорқынышты түстей құтымызды қашырған заманда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар мен бизнес саласына қолдау көрсетіп қана қоймай, едел-жедел орындағанын атап өтерлік.

Әлеуметтік реформалар әлеуеті

Қасіретті Қаңтар оқиғасы ұлттың қабырғасын қайыстырды. Шынтуайтында мемлекеттің беріктігін аты жоқ арандатушының тексерген мұңды мысалы болды. Елмен де осылай ойнау кәдуілгі жағдайға айналып кетті. Көршілес Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан геосаяси жағдайдың нашарлауы Қазақстан экономикасына әсер ететіні аян зат.

Осы арада Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың отбасылық әл-ауқатына дендеп мән берді. Пандемия сілікпесінің кезеңінде дағдарысқа қарсы шаралардың қос бірдей пакеті қабылданды. Нәтижесінде 4,5 миллионнан астам тұрғын 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Мұнымен қоса, тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешіп алу үшін табысы жеткіліксіз азаматтарды әлеуметтік қолдауға 390 миллиард теңге бөлінген «5-10-25» бағдарламасы қабылданды.

Елдегі отбасылық-демографиялық жағдай үшін алаңдауға негіз бар. Мәселені шешу үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы экстракорпоральды ұрықтандыру бойынша квота саны 7 есеге артты.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін мектеп жасына дейінгі балаларға көмек, мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ, оқу құралдарымен және формамен қамтамасыз ету, медициналық көмекке ақы төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру шығындарын өтеуді қамтитын кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді.

2022 жылы Президент бала күтімі бойынша төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұлғайтуды және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдерді арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылып, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударуға мүмкіндік береді. Жинақталған сома бала 18 жасқа толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталатын болады.

Халық қорғанына қалқан

Полиция қызметкерлері жұмысының тиімділігі тұтас алғанда – Отан қауіпсіздігі. Президент тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігінің реформасына үш жыл ішінде 173 млрд. теңге жұмсалды. Бұл қаражат жалақыны көтеруге, тұрғын үйді жалға алуға, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша полицияның қазіргі заманғы фронт-офистерін құруға бағытталды. Азаматтарды табиғи құбылыстардан және техногендік апаттардан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Азаматтық қорғау қызметкерлерінің жалақысы көтерілді.

Мемлекеттік компанияларды құруға мораторий

Мемлекеттің экономикада негізсіз қатысуын қысқарту мақсатында квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий енгізу туралы шешім қабылданды. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шаралар қолға алынды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің бірлестігі тәмамдалды. Президент қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасыз екенін атап өтті. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларға басымдық беру керек.

Бизнес

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік құзыреті барысында Қазақстандағы бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шаралар қабылдады. Олардың ішінде микро және шағын бизнес компанияларын 2020 жылдан бастап үш жылға табыс салығынан босату, сондай-ақ 700 мыңнан астам кәсіпкер үшін жеңілдетілген шарттар негізінде төлемдерді кейінге қалдыру және кредиттерді қайта қаржыландыру бар.

Қосымша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық ставкасын 6%-ға дейін субсидиялау ұсынылды және шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтырудың арнайы бағдарламасы іске қосылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да тиімді болып шықты.

Туған жердің шаңы да – алтын

Президент қоғамды толғандыратын жер мәселесіне нүкте қойды. Мемлекет басшысы ретінде ол: «Біздің жеріміз шетелдіктерге сатылмайды»,– деп сендірді. 2021 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктер мен шетелдік қатысушы компанияларға сату және жалға беру мәселесіне түпкілікті нүкте қойған Заңға қол қойылды.

Жер кодексіне отандық инвесторларды ауылдық аумақтарды дамытуға қаражат салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік береді. Осы шаралардың нәтижесінде мемлекет 3 млн. гектарға жуық жерді экономикалық айналымға қайтара алды.

Білім мен медицина

2020 жылы Президент алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге арттыруды тапсырды. Педагог қызметкерлердің жалақысы 2021 жылғы қаңтардан бастап, 25%-ға өсті. Өсім болашақта да жалғаспақ. Осы мақсаттарға үш жыл ішінде қосымша 1,2 трлн. теңге бөлінді.

Әрбір қазақстандық оқушының оқу және жан-жақты даму үшін лайықты жағдай болуы тиіс. «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы дәл осы мақсатқа бағытталған. 2025 жылға дейін заманауи талаптарға жауап беретін 800 мың оқушы орны құрылады. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.

Екі жыл ішінде медициналық мекемелері жоқ 650 ауылда медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылатын болады. Осылайша, Мемлекет миллионнан астам азаматқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрылатын болады. Бұл 4 миллионнан астам азамат үшін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қордан қолға жеткен игілік

2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алды. Бұл қадам әрбір қазақстандық өзін осы қаражаттың иесі ретінде сезінген кезде зейнетақы жүйесі мен қор активтеріне деген көзқарасын біршама өзгертті.

Жемқорлық – жегі құрт

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар үшін шетел банктерінде шоттарды иеленуге, қолма-қол ақша қаражаты мен құндылықтарды сақтауға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді. Мұндай жасырын жинақ мемлекеттік қызметшілерде немесе қос азаматтығы бар квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларында анықталған жағдайда олар атқаратын лауазымдарынан босатылуға жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтан алынған қаражат бұдан былай әлеуметтік нысандарды, ең алдымен мектептерді салуға жұмсалады.

Саяси жаңғыру және адам құқықтарын қорғау

Кезең-кезеңмен саяси жаңғырту – мемлекетіміздің стратегиялық бағытының басты міндеттерінің бірі. Митингілерді өткізудің хабарлама қағидатын бекіткен жаңа Заң қабылданды; партиялардың Мәжіліске өту шегі 5%-ға дейін төмендетілді; сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» бағаны қосылды.

Ең маңызды қадам ауыл әкімдерінің тікелей сайлануын енгізу болды. Бұл шешім ауыл тұрғындарының, яғни қазақстандықтардың 40%-дан астамының мүдделерін тікелей қорғайды. 2024 жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлауға мүмкіндік алады. Сайлау барысында үміткерлер тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы норманы енгізу партияларды белсенді жұмыс істеуге, өз қатарларын жасартуға, жаңа тұлғаларды іздеуге итермеледі.

Бұл, ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу туралы. Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндеті заңнамалық түрде ресімделді.

Мәжіліске заң қабылдау құқығы беріледі. Мәжілістің депутаттық корпусы жаңа схема бойынша 70% пропорционалды негізде және 30% мажоритарлық негізде қалыптастырылады. Партияларды тіркеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетілген. Тіркеу шегі төрт есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Үш жаңа облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау құрылды. Өлім жазасын жоюға бағытталған хаттама ратификацияланды.

Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл шара миллионнан астам адамға, ал жанама түрде барлық жұмысшыларға тікелей әсер етті. 2022 жылы Президент ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етті.

Байлам

Күрмеулі мәселенің түйіні қарап отырса, өздігінен шешілмесі аян. Бір елдің қай күнгі мұң-мұқтажым алсақ та, қырық атанға жүк екендігі белгілі. Осы орайда сындарлы сәттерде бұқпантайлақ секілді бұлтартпай әр ұйғарымын Заңға айналдыра ілген Президент пәрменін бір шолып шыққанды құп көрдік. Егемен елдің екі тізгін, бір шылбырын өзгеге қаратпай мықтап ұстап, ел бастауы көзі барға бір айғақ. Біздікі тек осыны баса белгілей кету уазипасы тақылеттес.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button