Руханият

Пешенесіз пенде жоқ

Осы айдармен жарыққа шыққан алғашқы «Жерік ас жеген – жетілер» атты мақалаға оқырман назар аударғаны үшін бек қуаныштымыз. Біз дін мен дәстүрді ұштастыра білген елміз. Айтайын дегенім, асыл дінімізде ана құрсақ көтергеннен кейін, періштелер келіп, сәбидің пешенесін жазады деген ұғым бар. Бірден айталық, бұл мәселеге көпшілік келісім беріп, қос қолдап қолдамайтынын ішім сезеді. Бірақ, үлкендеріміздің дені құптайды, Раһымын растайды.

Иә, үлкендеріміз дедім ғой. Сол кісілердің «пешенеңе жазғанын көресің», «бәрі маңдайыңда жазулы» деп, Құдайдан бұрын сөйлемейтінін сіз де жақсы білесіз. Адам баласы қандай да бір қиыншылыққа душар бола қалса, «Қайтесің, пешенеңде жазулы тұрғаны ғой» деп жылы мейіріммен жұбатып жатқанын тағы байқаймыз. «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Жазмыштан озмыш жоқ» деген қазақ мақалдары да осы әңгімемізге саяды.

Енді мақаламызға аттай қалап алған облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның пікіріне көз жүгіртейік.

– Құрсақтағы шаранаға 4 ай толған кезде Алла тағала періштені жібереді. Періште баланың тағдырын жазады. Яғни, Алла тағала адам баласының қанша өмір сүретіні, қанша ризық-несібесі болатыны, қандай амал жасайды, бақытты әлде бақытсыз бола ма, бәрін әуелден жазып қойған. Сондықтан, тағдыр дегенге сенбесек, онда біздің иманымыз да кәміл болмайды, – дейді Өмірзақ Қазкенұлы.

Иә, бұл әңгімеге қатысты медицина мамандары не дер екен деген сауал да болды санада. Сөйттік те, облыстағы ана мен баланың білікті дәрігері Жеңісгүл Дінасыловаға қоңырау шалған едік.

«Медициналық тұрғыда құрсақтағы сәбидің пешенесіне тағдыры жазылады деген түсінік жоқ. Біз тек медициналық төнетін қауіптерге мән беріп, мүмкін болатын асқынулардан сақтауға жұмыс жасаймыз» деп жауап қайырды. Иә, бұл жауапты тосыннан қабылдамадық. Бірақ, маман мына мысалды келтіргенде тақырыбыма тұздық болды-ау деп қуанғанымның несін жасырайын.

Ертеде медицина ғылымының бір ғұламасы небары 54 жасында іші өтіп қайтыс болған екен. Көз жұмар алдында шәкірттері: «Сіз қанша адамды емдедіңіз, бірақ неге өзіңізді емдеп жазбайсыз?» деп сұрапты. Сонда ғұлама бір кесе су алдырып, ішіне бір түйір дәрі салыпты. Су сол бетте қатып қалыпты. Шәкірттері таңырқай қараған кейіпте «Енді осы дәріні ішпейсіз бе, жазыласыз ғой» депті.«Күніне 7-8 түйірін ішіп жатырмын, бірақ ешқандай шипа жоқ. Яғни, маған Алладан шипа болмай тұр. Алла дертіне шипа жазбаса, ауру адам ешқашан да жазылмайды» деген екен. Сол айтпақшы, жақсылық келсе шүкіршілік, жамандық келсе сабырлық қылу керек. Бұл науқас адам «Бәрі Алланың қолында», деп тек аспанға қарап жата беру керек деген сөз емес. Алла «Әр дерттің өз шипасы бар» деп айтқан.

Абайға ойыссақ. Ұлы ойшыл жиырма сегізінші қарасөзін былай түйіндепті. «Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ».

Осыдан кейін «Алла тағала адамның бүкіл өмірін алдын ала жазып қойса, бұл өмірдің сынағынан не пайда?» деген сұрақ туындайтыны кәдік. Осы тұста есімін көрсетпеуді өтінген танысымның пікірі былай:

– Қызық, адам баласы қандай қадам жасаса да, өз еркімен істемейтін болғаны ма? Артық айтсам, Алла өзі кешірсін, алайда адамның өмірінің бәрі алдын ала жазулы, кітапқа қаттаулы болса, онда бізде еріктің болмағаны ғой. Мысалы, әке-шеше ішімдікке әуес болса, оның сәбиінің денсаулығына кері әсері болады. Олардың ащы суға салынғанына, сәбидің қандай кінәсі бар? Бақытты болуға бақытсыз талпынса, бәрі бекер ғой, – дейді әлгі танысым.

Әңгіме ауанын үлкендер деп бастадық қой. Өмірден азды-көпті түйгені бар, елге сөзі өтімді Егеу ақсақалдың бір ауыз-сөзімен қорытындылап, үлкеннің сөзіне тоқтасақ деймін…

– Дінтанушы бір ғұлама ғалым «Пешене, тағдыр деген мәселенің түбін тым қазбалап, тым үңіле бермеңдер, адасып кетесіңдер» деп айтқан екен. Рас, сәбидің төрт айлығында пешенесі жазылып қойылады. Оған илану керек. Барлығы бір Аллаға ғана аян. Қазақ айтады ғой: «қол-аяғын бауырына аман алсын» деп. Сол секілді, аналар аман босанып, босағамызда тек той болсын, әумин, – деген ақсақалдың аталы сөзіне бет сипадық…

Шынын айту керек, тағдыр, пешене мәселесінің аражігін ажыратып түсіну, түсіндіру оңайға соқпады. Сіздің де осы әңгімеге қатысты айтар ойыңызды асыға күтеміз, мәртебелі оқырман.

Сөз соңы, аналарымыз жақұтты, сәбилеріміз бақытты болғай…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button