Руханият

Періштесі қақты ма?

Түркия мен Сириядағы зілзала кейінгі жылдары орын алған табиғи апаттардың ауқымдысы болды. Ресми дерек бойынша, 40 мыңнан астам адам қаза тапқан. Қаншама жан жақынынан айырылып, қан жұтты. Оның арасында жерлестеріміз де бар. Алла рахымына алғай! Он сегіз мың ғаламды Жаратушы иеміз бәрін білуші, көруші. Біз табиғи апат орын алған жерде болмағандықтан, ғаламтордан естіген, көрген тылсым оқиғалар туралы айтпақпыз

 

Зілзала орын алған жерлерде адам сенгісіз тылсым оқиғалар да орын алуда. Бес күннен кейін қираған үйлердің бірінен құтқарылған 5 жастағы Мирай есімді қыз бала өзіне күнде ұзын бойлы ақ киімді адамдардың тамақ әкеліп беріп тұрғанын айтқан. Бүлдіршіннің «Бірі қабырғаны тіреп ұстап тұрса, бірі тамақ әкеліп, бізді ойнатып жүрді» дегені де ел аузында жүр. Естіп, таң қалдық. Құдайға сенбек түгіл туысына, досына сенбейтін заманда бұған сену қиын да шығар, мүмкін. Бірақ, мұнда бір тылсымның жатқаны анық.

Ал, тас астында жатып босанған келіншектің аман қалған сәбиі ше? Шырылдап жатқан шарана қалай аман қалды?

Көп ұзамай тағы жағамызды ұстадық.

Құлаған үйлерді аралап жүрген құтқарушылардың алдынан бір жас ана зар еңіреп шығады. «Мына дуалдың астында екі балам жатыр. Құтқара көріңіздер» деп жылап тұрып, өтінеді. Құтқарушылар дереу іске кірісіп, қабырғаны ақырындап кранмен көтерсе, шынымен астынан екі бала тірі шығады. Қуанған құтқарушылар Құдайдың құдіретіне таң қалып, анасынан сүйінші сұрамақ болып іздеп, таба алмайды. Сөйтсе, әлгі екі баланың үлкені анасының 4 жыл бұрын өмірден өткенін айтады.

Сонда көзге көрінген кім? Анасының аруағы ма? Анасының кейпіндегі құтқарушы періштелер ме? Әулиелер ме? Қыз балаға тамақ беріп, асыраған ақ киімді адамдар кімдер?

Орын алып жатқан оқиғаларды «Әсіредіншілдердің қауесеті, әсірелеуі, осы сәтті пайдаланып, дінді насихаттағысы келеді» деп дес бермей жатқандар да бар. Әркім өз ойын айтуға құқылы.

– Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Біріншіден, бұл ақпараттардың шындық екеніне көз жеткізу керек. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде «Сендердің, адам баласының әрбір естіген нәрсесін дұрыс па, бұрыс па, тексермей, жан-жаққа тарата беруі, айта беруі адамға күнә ретінде жеткілікті» деп айтқан. Екіншіден, Алла Тағаланың құдіреті шексіз. Бәрі де болуы мүмкін. Көзбен көрмеген соң кесіп айта алмаймыз. Осындай жағдайлардың өмірде орын алатыны Құран Кәрімде, Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған. Періштелердің бар екені ақиқат. Әулие кісілердің тірілерге көмектесетіні, бабалардың аруағының желеп-жебеп жүретінін қазақ баласы жақсы біледі. Кейде кішігірім дүниені елдің әсірелеп жіберетінін де білеміз. Сондықтан, көкірек көзі ашық мұсылман баласы өзі сараптап, оң қорытынды шығарса екен дегім келеді, – дейді облыстық Әнет баба мешіті шариғат және бәтуа бөлімінің маманы Юсуфбек Шұғайұлы.

Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бар. Бұл – бабалар даналығының шариғатпен ұштасып жатқанына дәлел.

Сонымен қатар, халқымыз мұндайда «Періштесі қақты» дейді. Расымен, періштесі қаққан болар…

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button