Павильоны жоқ, қоры жоқ, ауыл қайтіп күн көрер?

    Азық-түліктегі аракідік апшыны қуыратын бағаны ауыздықтау үшін тұрақтандыру қорын құра білген биліктің   үрдісіне ішіміз жылып қояды. Алда-жалда нарықтағы баға  жалына қол салдырмай туласа,  тырп еткізбей тізеге басатын бұл тәсіл  – тәуір-ақ. Сосын ішіміз жылымай қайтсін?! Тек, бір «әттеген-айы» бар. Ол – мұндай үрдістің ауылдарды айналып өткендігі. Бұл  – байдың асын байғұс қызғанғандық емес.  Қымбатшылықтың ұясы ауылда. Бес кір сабын – бір қой болған заман емес, әрине. Одан Құдай сақтасын!  Бірақ, павильоны жоқ, қоры жоқ, ауыл қайтіп күн көрер? Мұны бұған дейін де жазғанбыз. Араға жыл салып, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, қайта қозғауға мәжбүрміз. Әйтпесе, «жыламаған балаға тамақ бермейтіні»  анық емес пе? Түйе сұрасақ, бие берер деген дәме де жоқ емес. Жеке басымызға  емес, ауылдағы ағайынға алаңбыз…

Сонда ойымызға тұрақтандыру қоры оралады. Одан соң сол қордағыны  жеңілдетілген бағамен саудалайтын әлеуметтік павильондар. Өкінішке қарай, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға бағытталған  қор  аудандарда жоқ. Ал, әлеуметтік павильонның не екенін ауыл жұртшылығы мүлдем білмейді де. Өйткені, ондайды ұзын ғұмырында естіп, көрмеген. Ойлары түгілі, түстеріне де кірмеген дүние.

Рас, тұрақтандыру қоры «Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы №1280 қаулысына сәйкес,  облыстар, республикалық маңызы бар қалалар аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған астықты қоспағандағы азық-түлiк тауарларының жедел қоры болып табылады. Яғни, заң бойынша тұрақтандыру қоры облыстар, республикалық маңызы бар қалалар аумағында құрылады. Сол арқылы белгілі бір аумақта аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал  және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етпек. Атап айтайық, аумақта. Тек бір қалада ғана емес. Олай болса,  қор, біздіңше,  аймақты түгел қамтуы тиіс. Жеңілдетілген бағамен саудаға өнім шығаратын қордың әлеуметтік павильондары құрып кеткенде, бірді жарымы дәтке қуат беріп, аудандарда да орналасуы қажет-ақ. Әйтпесе, қымбатшылықтың қысымын ауылдықтардан артық білетін пенде жоқ. Бағаның негізсіз өсуінің ошағы осы ауылдарда. Алайда, қаладағы бағаға бақылау бар да, ауылдағы бағаға «қой» дейтін қожа жоқ.

Біле-білсеңіз, қаладағы азық-түлік құны ауылда екі есеге жетіп жығылады. Жасыратын несі бар, ауылдағы азық-түлік алыпсатардың қолында. Яғни, олар қаладан алып, оның үстіне өз бағасын қосады. Содан барып, ауылдықтардың қалтасына салмақ түседі. Ендеше тұрақтандандыру қорының қамқорлығы, шарапаты мен шапағаты ауылға неге жетпейді? Арзандау көкөніс, бакалеялық өнімдері бар әлеуметтік павильондар аудандарда желісін неге жалғамайды?

Тұрақтандыру қоры үшін  Қарағанды қаласының аумағындағы бірнеше сақтау қоймалары сақадай сай. Қойма халыққа ең қажетті азық-түлікке сықиып тұр. Аумалы-төкпелі бағаның толқымалы кезеңінде қалалықтардың қалтасын қағуға жол бермейтіні анық.

Қолда бар деректерге сүйенсек, бүгінде тұрақтандыру қорына 902 тонна көкөніс салынған, оның 742 тоннасы картоп, 100 тонна сәбіз және 60 тонна пияз. Бұл тауарлар әлеуметтік павильондарда тұрақты бағамен сатылмақ. Оған қоса, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен картоптың құнын тұрақтандару қоры құрылған. «Картоптың бағасын, бір келісін 90-100 теңге көлемінде бір қалыпта ұстап қалу үшін облыста тұрақтандыру қоры құрыла бастады. Ол үшін қоймаға 742 тонна картоп жеткізілген. Әлеуметтік павильондарда бұл көкөніс түрінің бір келісін 74 теңгеден сатып жатыр. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде  70 теңгеден сатылады. Бұл ауыл шаруашылығы басқармасының есептеуінше бағаны тұрақты ұстап тұруға септігін тигізеді» дейді ресми мәліметтер. «Енді, – дейді ішкі ойымыз,– қорлардың кілегейін тек Қарағанды ғана көрмей, ең құрығанда, жақын маңдардағы аудандарға бұйырса етті». Әлбетте, нарық заманында біреуге бағаны белгілеп бермек емеспіз. Бірақ, қалада бағаны тұрақтандыру үшін қарекет жасалғанда, одан ауыл неге тыс?  Көкейімізді тескен сауал – осы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

(Сурет ғаламтордан алынды).

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.