Баған

Патриоттық тәрбие өзегі – отбасы

Әскерге барудан қашқақтайтын жастардың көбейгені туралы жиі айтылып жүр. Бұрын сарбаз атанып, Отан қорғау ер-азамат үшін абыройлы міндет еді. Ал, қазір ше? Сананы тұрмыс билеп кетті ме, әлде жастардың бойындағы туған жерге, елге деген сүйіспеншілік азайды ма? Бәлкім, дұрыс тәрбие бермей жүрген шығармыз?..


Қазіргі жастар туралы айтпас бұрын, әуелі өткенге көз жүгіртіп, ұлттық тәрбиенің ерекшелігіне тоқталып өткен жөн секілді… Қазақ ұл баланы қашанда әділдік пен қайсарлыққа тәрбиелеген. Қай халықта болсын, ер баланың тәрбиесі – әкенің мойнында. Әке баласына сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі болады. «Әке көрген оқ жонар» деген аталы сөздің де түпкі мәні осы болса керек. Әрі бұрынғы кезеңде бала тәрбиесінде ата-әже институты да зор рөл атқарған еді. Әжесінің ертегісін тыңдап, аңыз-әңгімелердегі һас батырларға еліктеп, солардай болуды армандап өскен бала сын сағатта қолына қару алып, жауға қарсы жалғыз шабудан да тайынбайды. Ал, бүгін жастар әскерге барып, Отан үшін «уақыт шығындағысы» келмейді…
Әрине, жастардың бәрі осындай деуге тағы болмайды. Әскерге баруға құлшыныс танытып, өз еріктерімен сұранып кетіп жатқан азаматтар да бар. Бірақ, әскери өмірді тосырқап, лажы болса бармай қалуды көздейтін балалардың әрекетіне көз жұма қарауға болмайды. Өйткені, оның астарында ұлттық идеология және мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі жатыр. Бүгін әскери борышын өтеуден қашқан бала, ел басына күн туғанда қандай шешім қабылдарын ойлаудың өзін қорқынышты…
Патриотизм туралы көп айтамыз ғой. Ал, оның мән-мағынасын түсіне алдық па? Әсілінде, патриот болу – әскери форма киіп, сарбаз болу емес. Патриот – Отаны үшін от пен суға түсуге дайын, елі мен жерін қашанда қорғауға, оның гүлденуіне әр кез үлес қосуға ұмтылатын азамат. Ал, бала сол деңгейге жету үшін ұлттық тәрбиеге, отбасындағы әкенің рөліне ерекше мән беруге тиіспіз. Жастардың әскерге барғысы келмеуінің де бір себебі – осында.
Ер баланың тәрбиесінде өтпелі кезеңнің маңызы зор. Мұрты тебіндеп, жігіт қатарына қосыла бастаған тұс қой бұл. Дәл осы кезеңде бала ересектерге қарап еліктейді. Солардай болуға тырысады. Кей азаматтардың темекі тартып, арақ-шарапқа жуық болып кетуі де сол өтпелі кезеңдегі еліктеудің салдары. Сондықтан да, мұндай кезеңде балаға үлгі боларлық тұлға керек.
Өкінішке қарай, қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеуде. Балалар шоумендер мен әншілерге қарап өсіп келеді. Бала болмысының нәзік болуына мұның да өз ықпалы бар. Сондықтан да, бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстаған азаматтар ел ертеңі үшін балаларға үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау жұмысын қолға алғаны құба-құп болар еді. Бізде өз өмірін қатерге тіге отырып, халық тыныштығын қорып жүрген сарбаздар мен полиция қызметкерлері, еліміздің көк байрағын әлемдік аренада көтере білген спортшылар, ғылым саласында табысты нәтиже көрсеткен ғалымдар көп қой. Осы азаматтар теледидардан жиі көрінсе, жастар тәрбиесі де жөнге түсер еді.
Десек те, бала тәрбиесінде отбасының алар орны ерекше екенін естен шығармаған абзал. Ер бала ең алдымен әкенің, содан соң ұстаздың тәрбиесін бойына сіңіреді. Үйде ертегі тыңдап, үлкенге құрмет көрсетуді үйренсе, мектепте ұстаз ұлағатына құлақ түрсе, ер жеткен соң ел азаматы атанары анық.

Ержан ЖАНЫМХАН,
алғашқы әскери дайындық
пәнінің оқытушысы

Басқа материалдар

Back to top button