Партияның міндеті – айқын
«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік салаларды дамытуға күш салуда. Биылдың өзінде облыста жеті жобаның жұмысы жанданған. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Нұр Отан» партиясына бұрынғыдан да ауыр жүк, үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан, партия үшін жасалған істерді сараптап, жаңа экономикалық саясаттан туындайтын мақсат-міндеттерді айқындап алу аса маңызды екендігі айтылды.
– Елімізде болып жатқан барлық саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік мәселелердің ешқайсысы партия назарынан тыс қалған емес. Бүгінде облыста партияның 110 223 мүшесі бар. Өңірдегі партия қосындарын қосқанда 522 ұйым арқылы жұмыстар атқарылуда. Ал, жыл басынан бастап қазан айына дейін партия қатарына 3971 адам қабылданды. Ақпараттық бағыт бойынша 5800 шара өтті. Партия өз тарапынан 7 партиялық жобаны қолға алды. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Жемқорлықсыз өсіп-өнген мемлекет», «Жастар-Отанға», «Сәтті қадам», «Нұр Арман» жобаларына облысымызда басымдық беріліп отыр. Партия мүшелері азаматтардың өтініш-тілектеріне құлақ түріп, тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық қатынастар, жұмыспен қамту, қоғамдық көлік пен жолдар және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша құқықтық кеңес беруді және заңнама нормаларын түсіндіруді жалғастыруда, – деді «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.
Нұрдос КӘРІМ