Партия жұмысы – пәрменді

                Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс 29-шы конференциясы өтті.

Шараға қатысушылар қатарында аталған партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының және бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мәслихат депутаттары, партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары болды. Сөйтіп, конференция жұмысына барлығы облыс аумағынан келген 90 делегат қатысты.

Күн тәртібінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша облыстық партия ұйымы жұмысының негізгі бағыттары, облыстық мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына кандидаттар ұсыну, облыстық филиалдың Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова баяндады. Ол өз сөзінде Елбасы Жолдауын жүзеге асырудағы партияның облыстық және аумақтық филиалдарының рөлі, партия мүшелерінің алдында тұрған негізгі міндеттер туралы жеткізді.

– Қазіргі таңда партияны жаңарту жоспары жүзеге асуда. Сәйкесінше, партия филиалдары Жолдауда көрсетілген міндеттер туралы ақпараттың жұмыстың алдыңғы қатарында болып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жетілдірулері тиіс. Партия филиалдары партия комиссияларының жұмысын күшейтіп, мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген жобалардың жүзеге асуына мониторинг жасай отырып, мемлекеттік мекемелермен тығыз жұмыс жасаулары қажет. Проблемалық мәселелерді уақытында анықтап, көтеріп отырулары тиіс және оларды шешуге атсалысулары керек. Сонымен қатар, жастармен жұмыс жүргізуге баса назар аудару да сырт қалмауы тиіс. Олардың өзін-өзі танытуларына, жастар арасында патриотизмді қалыптастыруға жағдай жасау қажеттілігі туындауда, – деді Қадиша Оспанова.

Бұл ретте, мінберде сөз сөйлеген алғашқы партия ұйымдарының төрағалары, бизнестің, білім саласы мен жастардың өкілдері де Жолдау міндеттерін қолдайтынын, оны жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Мұндай азаматтардың қатарында «Recycling Company»  ЖШС-нің атқарушы директоры А.Оспан, Нұра аудандық мәслихатының депутаты, шаруа қожалығының басшысы Р.Қазтаев, «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытының бастауыш партия ұйымының төрағасы Д.Бижанова, «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті О.Калмакова болды.

Баяндамашылар мен сөз сөйлегендерді тыңдай келе, аймақ басшысы  Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жүйелі жүзеге асыруды бұдан әрі жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. Жолдау бағыттары бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін де тілге тиек етті. Президент Жолдауда «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік»  деп атап өткен еді. Бұл ретте, облыс әкімі де осы экономиканы цифрландыру мәселесіне кеңінен тоқталып, оны тұрғындарымызға түсіндіру қажеттілігін алға тартты.

Конференция  барысында облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидаттар ұсынылып, талқыланды. Шығып қалғандардың орнына депутаттарды қосымша сайлау күні барлық деңгейдегі мәслихаттарға – 2018 жылғы 25 наурыз белгіленді. Қазіргі күні облыс бойынша барлығы 9 бос орын бар. Оның ішінде облыста – 2, Жезқазғанда – 1, Приозерскіде – 1, Саранда – 1, Теміртауда – 1, Шахтинскіде – 1 және Ұлытауда – 1.

 

Суретті түсірген: Д.Кузмичев.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.