Париж Олимпиадасы: жарыстың үшінші күні сәтсіз басталды
Бүгін Париж Олимпиадасының үшінші күнінде алғашқы болып өнер көрсеткен Әйгерім Сарыбай, Никита Чирюкин мен Ирина Юнусметова жұбы және Александра Ле жарыс жолынан шығып қалды. Сонымен қатар, садақ атудан Қазақстан ерлер командасы Париж Олимпиадасының 1/8 айналымынан әрі аса алмады.
Саблямен семсерлесуден турнирді 1/32 финалдан бастаған Әйгерім Сарыбай 15:9 есебімен алжирлік Чайма Бенадоуданы жеңген болатын. Өкінішке қарай, 1/16 айналымында екі дүркін Олимпиада жүлдегері, франциялық Марин Брюнеге есе жіберді.
Пневматикалық тапаншамен 10 метрге нысана көздеуден сынға түскен Никита Чирюкин мен Ирина Юнусметова іріктеу кезеңінде екеуі 575 ұпай жинап, ХІ орынға табан тіреді.
Бұл сайыста алғашқы төрттікке енген спортшылар финалға жолдама алды.
Сонымен қатар, 10 метрге пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден финалға шыққан Александра Ле жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Жарыс ережесі бойынша, төмен нәтиже көрсеткен спортшылар турнирден шыға бастайды. Отандасымыз үшінші мүмкіндіктен соң, жарысты аяқтап, жалпы есепте VI орынға тұрақтады.
Садақ атудан Қазақстан ерлер командасы ширек финалдық сайыста Италия құрамасынан 4:5 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, команда сапында Ильфат Абдуллин, Александр Еременко және Дәулеткелді Жаңбырбай өнер көрсеткен болатын.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.