НұраТұсаукесер

Парасаттылық – қалыптасқан ұғым

Нұра ауданындағы 32 кітапханада адалдықты алға тартқан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын «Парасат жолы» орталықтары ашылып, жоспарлы түрде іс-шаралар өткізуде.

«Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған жоба. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі арасындағы Меморандумға сәйкес еліміздің барлық жерлерінде ашылып жатқан «Парасат жолы» орталығы Нұра аудандық кітапханасында да құрылды.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне аудандық мәслихаттың депутаты Д.Алшынбаев, М.Жұмабаев атындағы мектептің директоры К.Жанқуатова, осы мектептің жаратылыстану пәнінің мұғалімі Ж.Елтай, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері М.Ақыжанов, Е.Аринов, Нұра кентінің жергілікті қауымдастық төрағасы Д.Бикенов, сонымен қатар жастар қатысты.

Жиында аудандық кітапханалар жүйесінің басшысы Сүлеймен Жұмабеков:

– ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Мемлекеттік органдар қанша тырысса да, қоғамның қолдауынсыз біз табысқа қол жеткізе алмаймыз. Азаматтарда парасаттылық идеологиясы қалыптасуы тиіс. Қазіргі уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Академиялық адалдық лигасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған волонтерлық клубы, адалдық дүңгіршегі және өз-өзіне қызмет көрсету кассасы – мұндай жобалар туралы ақпараттарды кеңінен жариялау қажет. Бұған қоса, жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің барлық майданында қоғамдық бақылауды күшейту керек» – деген еді. Осындай орталықтар арқылы парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттап, қоғамдағы мәселелерді талқыға салып отыруымыз керек, – деді.

Айта кету керек, аудан кітапханаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеологияны қалыптастыру жүйелі жолға қойылған. 2019 жылғы ақпаннан «Ауылдық кітапхана – құқықтық ақпарат орталығы» атты жоба іске асуда. Жоба арқасында ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаларға, әлеуметтік реформалар туралы ақпараттарға қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Яғни, жастар, шаруа қожалық өкілдері, кәсіпкерлер, жұмыссыздар және басқа әлеуметтік топтар жаңа ақпараттық – құқықтық құжаттармен, бағдарламалармен танысады. Бұған дейін 1370 адам жоба аясында қажетті ақпарат алған.

– Сондай-ақ, 2014 жылдан Нұра орталық кітапханалар жүйесінің Nuralib.kz сайтында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты блог жұмыс істейді. Арнайы сайтта сыбайлас жемқорлық бойынша әлеуметтік сауалнамалар жүргізіледі. Ауыл кітапханаларында осы тақырыпта қажетті әдебиет жинақталып, кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Адалдық, тазалық, парасаттылық ұғымдары қазақ даласында ежелден қалыптасқан.

Адал болса – досың жақын,

Еркелейтін немерең жақын,

Өз ұрпағын шөберең жақын,

Туып өскен – елің жақын, – деп Қазыбек би бабамыз айтпақшы, аудан тұрғындарының арасында оң бағаға ие болған «Парасат жолы» орталықтары арқылы қоғамда адалдық идеологиясын қалыптастыру – біздің ортақ міндетіміз, – дейді Сүлеймен Жұмабеков.

Әдебиет Белгібайұлы.

Нұра ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button