Озат студентке – Ермеков шәкіртақысы
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Артур Корбит – Әлімхан Ермеков атындағы стипендиямен марапатталды.
Артур Корбит – техникалық университетінің РЭТ (радиотехника, электроника, телекоммуникация) 22-2 тобының студенті әрі Abai team еріктілер корпусының еріктісі. Бала кезінен компьютерді, шағын тұрмыстық техниканы жөндеуді ұнататын ол сабаққа да жауапкершілікпен қарайды.
– Белсенді өмір салтын ұстана отырып, айналамыздағы адамдарға көмектескенді ұнатамын. Abai team еріктілер корпусының көптеген жобаларына қатыстым. Біз сондай-ақ, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға, қар тазалауға көмектесеміз, – дейді Артур.
Конкурстық іріктеуден өткен Артур Әлімхан Ермеков атындағы стипендияға лайық болуға тырысатынын айтады.
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, көрнекті математик және «Алаш» партиясы көшбасшыларының бірі атындағы стипендия күндізгі оқу бөліміндегі 2-4 (5) курс студенттерге тағайындалады. Атаулы стипендияны әр семестр сайын белсенді қоғамдық-саяси қызметі, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардағы жетістіктерімен көрінген студенттер иеленеді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz