Руханият

Отанды сүю – отбасынан

Отбасы, ошақ қасы дейтін дала даналығы жетімін жылатып, жесірін қаңғыртқан жоқ. Қияға қанат қаққан балапанның ұяда көргенін ілетінін ілгеріден пайымдаған ұлтымыз ұрпағын ұжданды етуге ұмтылыпты. Сол қасиет қанға сіңіп, қазір де жоғалмауы тиіс.

«Отбасындағы басты құндылық – тәрбие. Негізгі қайнар көз – ұлттық тәлім. Соның арқасында бүгінгідей күнге жеттік», – дейді отасқандарына 50 жыл толған Ахметовтер отбасы. Отағасы Нұрабай Ахметов – құрылысшы, отанасы Бикен Ахметова – Қазақстанның Құрметті журналисі. Халықаралық отбасы күнінде «Мерейлі отбасы» байқауының басталғандығы жария етілген шарада ізгі тілектерін білдірген алтын той иелері бүгінде 3 бала тәрбиелеп, 5 немере сүйіп отыр.

Жыл сайын 15 мамырда БҰҰ Бас Ассамблеясы 1993 жылы бекіткен Халықаралық отбасы күні мерекеленеді. Осылайша, біздің мемлекет те елдің тұрақтылығы мен әл-ауқатының кепілі – отбасы институтына зор қолдау көрсетеді. Бұл орайда ел Президенті «Мықты және бақытты отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, кешенді отбасылық саясат жүргізетін болады» деген еді.

Отбасы күні кеншілер мекенінде де атаусыз қалмады. Бұл күні Қарағандыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы сөре сызығын кесті. Ел ықыласын иеленген байқау он жылдан бері отбасының қоғамдағы орнын айғақтап келеді. Дәстүрге айналған ұлттық байқауда аудан-қалалардағы өнегелі отбасылар шаңырақтың шаттығын паш етпек.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– «Отан – отбасынан басталады». Сол себепті бұл – ерекше мереке. Себебі, барлығының бастауында отбасы тұр. Адамның жақсы адам болуы отбасынан. Барша жақсылықтың қайнар көзі – отбасы. Отбасы арқылы дүниені танимыз. Осыдан отыз жыл бұрын Халықаралық отбасы күні жарияланғаны белгілі. Біз жыл сайын осы мерекеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын бастаймыз, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Халықаралық отбасы күнінде кеше ғана шаңырақ көтерген жас жұбайларға, алтын той иелеріне, 8 бала тәрбиелеп отырған (оның алтауы патронатты тәрбиедегі балалар) отбасыларына құрмет көрсетілді. Әрқайсына 100 мың теңге көлемінде сыйлықты түрлі қоғамдық ұйымдар табыс етті.

Үйленгендеріне небәрі бір апта ғана болған Нұршуақ Алпыс пен Әсел Өмірзақ екі жыл бұрын танысып, отау құруға сөз байласыпты. Нұршуақ – полиция инспекторы. Әсел – психолог. Жас жұбайлардың алға қойған мақсаттары айқын. Босағасы берік, шаңырағы биік ордалы отбасы атану. Ұрпақ өрбітіп, ұлтқа пайдасы тиер ұрпақ өсіру.

– Біздің үйленгенімізге бір апта ғана. Оған дейін танысып, білісіп, содан соң барып, осындай жауапты шешім қабылдадық. Өйткені, «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» екені анық. Отбасылық ғұмыр – өмірдегі ең маңызды қадам. Сондықтан жар таңдауда адам шатаспауы тиіс, – дейді Нұршуақ.

Ерлі-зайыпты Еркебұлан Катаев пен Айзат Қалымжанова көпбалалы отбасы. Олар өздерінің екі перзентімен бірге, патронатты тәрбиеге 6 баланы алған. Бұл күні қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, 8 баланы мәпелеп келеді.

– Бізде сегіз бала бар. Үлкендері Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған спорт мектебінде оқиды. Екеуі спорт шеберіне кандидат. Кенжелеріміз – мектепте. 2020 жылы патронатқа алған балалардың анасы қайтыс болған. Әкесі жоқ. Балалардың бәрі бір отбасынан.

Рас, басында жүрексіндік. Өз балаларымыз біздің шешімімізге түсіністік танытты. Шүкір, қазір бәрі тату, – дейді Айзат Қалымжанова.

Қарағанды облысында 15 мамырдан «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық және қалалық кезеңдеріне қатысуға өтініштер қабылдау басталды. Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button