Бас тақырып

«Отанға қызмет етемін!»

Көктем келісімен ел бойынша басталатын мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны – қоғамдағы көзқарастар мен көңіл күйді айқын көрсететін маңызды кезең. Әсіресе, соңғы жылдары бұл тақырып төңірегіндегі пікірлер сан алуан сипат алып, «Әскерге бару – міндет!» деген дәстүрлі түсінік «Әскерге бару таңдау ма?» деген сауалмен қатар қойыла бастады. Бірі әскери қызметті «Азаматтық борыш!» десе, екіншісі оны жеке жоспарларға кедергі ретінде қабылдайды. Ал, ата-аналар үшін бұл – алаң көңіл мен амандық тілеген үміттің арасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзінде: «Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны» деген еді.
Осы орайда «Облыстағы көктемгі әскерге шақыру науқаны қалай жүзеге асып жатыр?», «Ресми жоспар мен нақты көрсеткіш сәйкес пе?», «Жастардың ниеті неге құбылып тұр?» деген сынды сұрақтарға дерек пен пікір негізінде жауап іздеп көрдік.

Суреттерді түсірген Думан Құрманғалиев. Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №12/02 Жарлығына сәйкес, 1 наурыздан бастап, аймақтарда шақыру комиссиялары өз жұмысын бастап та кетті.

Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұловтың мәліметінше, биылғы көктемгі шақыру науқаны жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жалпы, жоспар бойынша 1140 азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу көзделген.

Оның ішінде, нақты көрсеткіштерге тоқталсақ, бүгінгі күнге дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 90, Мемлекеттік күзет қызметіне – 11 азамат, ал, Қорғаныс министрлігінің құрлық әскеріне бөлінген 670 орынның 340-ы көктемгі кезеңге жоспарланған болса, қазіргі таңда 267 жас сарбаз әскер қатарына алынып, 79 азамат түрлі себептермен шақырылмай қалыпты.

Жоспар мен нақты нәтиже арасындағы алшақтық қоғамда жиі сұрақ тудырады. Алайда, мамандар бұл объективті жағдай екенін айтады.

– Жоспарға қарағанда шақырылуға жататындар саны әлдеқайда көп. Бірақ, нақты тапсырма тіркеудегі азаматтар санына қарай бөлінеді. Мысалы, Қарағанды қаласының өзінде 10 мыңнан астам шақырылушы тіркелген. Оның ішінде, басқа өңірлерден келіп, осында оқып жатқан студенттер көп. Олар тіркеуде тұрғанымен, оқуын жалғастырып жатыр. Сондықтан да, жоспар мен мерзімді әскери қызметке нақты баратындар арасында айырмашылық болуы – заңды құбылыс, – дейді Еркебұлан Мұстағұлов.

Бұл дерек қазіргі қоғамдағы маңызды үрдісті аңғартады. Яғни, жастардың басым бөлігі білім алуға басымдық бергісі келеді. Жоғары оқу орнына түсу, кәсіби бағыт таңдау олардың басты мақсатына айналған.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Қазір бәріміз ҰБТ-ға дайындалып жатырмыз. Әскерге бару – міндет. Бірақ, алдымен оқуға түсіп, мамандық алу маңызды деп ойлаймын. Өйткені, «Әскерге барып бір жыл уақытыңды босқа өткізесің» дегенді жиі естиміз. «Халық айтса, қалып айтпайды». Сондықтан, білім алу – басты орында, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген мектеп бітіруші.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті Ерсұлтан Нұртайдың пікірі мүлдем өзгеше. Оның айтуынша, әскерге бару – міндет қана емес, болашаққа салынған инвес­тиция.

– Әскерге барып келсем, кейін алаңсыз жұмыс істеймін. Қазір әскерге барып келгендерге артықшылық беріледі. Бастысы – өзің де өзгересің. Тәртіпке үйренесің, жауапкершілік артады. Аға буын «Әскер көрген жігіттің ойы да, көзқарасы да бөлек болады» дейді. Сол себепті, мұны уақытты босқа өткізу деп емес, өзімді шыңдайтын кезең деп қабылдаймын, – деді ол.

Ал, әскерден келген жастардың көзқарасы, әдетте, тәжірибеге негізделеді. Қарағандылық Әмір Аллабергенов бір жылдық әскери қызметтің өзіне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады.

– Алғашқы айларда тәртіпке үйрену, бөтен ортаға бейімделу оңай емес. Десе де, уақыт өте келе шыңдаласың. Әскер маған шыдамдылық пен жауапкершілікті үйретті. Қазір ойлап отырсам, бұл өмірлік тәжірибе екен. Барып келгенім дұрыс болыпты. Әскерден қашып жатқандарды түсінбеймін. Оған әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі жазбалар себеп. Дегенмен, ол жазбаның шындық екеніне көз жеткізбей тұрып, алаңдауға орын жоқ, – деп пікірімен бөлісті.

Жақында ғана азаматтық борышын өтеп келген Айбек Рахымжан әскерде әр азаматтың физикалық әрі психологиялық тұрғыдан да өсетінін айтады. Бұрын мән бермеген нәрселерге жауапкершілікпен қарай бастайтынын алға тартады.

Ата-аналар қауымы үшін бұл тақырып әрдайым – өте өзекті.

– Әрине, ана болған соң алаңдайсың. Бірақ, ұлымның ер-азамат ретінде қалыптасуына әскердің пайдасы бар. Бұл – әр ер-азамат өтуі тиіс өмірдің бір кезеңі. Қазір сарбаздарға бар жағдайды жасап жатыр деп естиміз. Ең бастысы, бала аман-есен кетіп, дін аман оралса құба-құп. Қауіпсіздік мәселесі алаңдатпаса болғаны, – дейді қала тұрғыны Айгүл Қуанышқызы.

Қала тұрғындарының көбісі жас буынды әскерге баруға қызықтыратын бағдарламаларды көбейту қажеттігін алға тартады.

Осы тұста Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындары арасында жасалған келісімнің әскери қызметтің әлеуметтік маңызын арттыруға бағытталған нақты әрі жүйелі қадам екенін айтқымыз келеді. 2023 жылдан іске қосылған бұл бастама аясында әскери борышын өтеу кезінде ерекше көзге түскен азаматтарға жоғары оқу орындарында білім гранттарын алу мүмкіндігі берілді.

– Нақты айтсақ, 50-ден астам жоғары оқу орнымен келісім жасалып, «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқылы үміткерлер іріктелуде. Мәселен, «Көктем – 2025» әскерге шақыру науқаны қорытындысы бойынша 18 мыңнан астам азамат білім грантына ие болды. Оның ішінде, Қарағанды облысынан 130-дан астам сарбаз грант иегері атанды. Бұл бастама жастар үшін үлкен мүмкіндік әрі әскери қызметтің беделін арттыратын маңызды шешім. Әскер қатарында үздік нәтиже көрсеткен азаматтарға білім алуға жол ашу – әділдік пен қолдаудың айқын көрінісі, – дейді Еркебұлан Мұстағұлов.

Жалғыз ұлы Алматыда әскери борышын өтеп жатқан көпбалалы ана Малика Абдуллаева басында уайымдағанын, тіпті, қорыққанын айтады.

– Қазір бес ай, бір күн болды. Күнделікті таңертең мейірбике тексеріп шығарып, кешке тексеріп кіргізеді екен. Уақытылы тамағын ішеді, жаттығады, демалады. Артық ештеңе жоқ. Бәрі қатаң бақылауда. Өзі жоғары оқу орнына түскен еді. Оған қарамай, азаматтық борышын өтеуге аттанды. Шені жоғары командирлерімен де, өзімен де тілдесіп тұрамыз. Ұлымыз әжептәуір есейіп қалған сияқты. Әскерден абыроймен оралса, оқуы грантқа ауыса ма деп дәмеленіп отырмыз. Жақсы жұмысқа орналасса, үйленіп, бала-шағалы болса деп армандаймыз. Денсаулығы жарап тұрып, әскердан жалтарған жігіттер Отан қорғап жарытар ма екен? – дейді көпбалалы ана Малика Абдуллаева.

Сарапшылардың айтуынша, мұнда жастардың ғана емес, тұтас қоғамның көзқарасы өзгеріп отыр­ғанын алға тартады. Соңғы жылдары осы бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Әскерге шақыру процесі цифрландырылып, ашықтық деңгейі артқан.

– Қазір шақыру процесі электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл – ашықтықты қамтамасыз етеді, адам факторының араласуын азайтады. Сонымен қатар, медициналық тексерулер де жүйеленген. Негізгі мақсат – әділ әрі түсінікті жүйе қалыптастыру, – дейді Еркебұлан Мұстағұлов.

Цифрландыру сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін төмендетіп, азаматтардың құқықтарын қорғау­ға мүмкіндік береді. Дегенмен, мамандар жаңа жүйеге бейімделу үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін айтады.

Әскерге барудан жалтару мәселесі әлі күн тәртібінен түспей тұр. Бірақ, мұны жазалау арқылы шешу мүмкін емес. Бастысы – патриоттық тәрбие. Жастарға Отан қорғаудың мәнін түсіндіру керек. Мұны педагогтер де қолдайды.

– Патриоттық тәрбие әскерге шақыру кезінде емес, мектептен, отбасынан қалыптасады. Сонда әскер жасына келгенде «Барасың ба, бармайсың ба?», – деген сұрақ туындамайды. Әскерге бармай сылтау айтуды намыс санап, қасқая жүріп, борышын өтеп келетін, келген соң да сол үйреніп келген тәжірибесі арқылы қоғамға пайдасын тигізіп, ел ағасы атанатын небір арда азаматтар бар. Солардан үлгі алу ләзім, – дейді Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы Ербұлан Мақатай.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, кейбір елдер толық кәсіби армияға көшкен. Алайда, Қазақстан үшін бұл модель әзірге толық сәйкес келмейтінін айтады сала мамандары.

– Ел қорғау – әр азаматтың парызы. Бұл – тарихи сабақтастық. Егер бәрін тек кәсіби әскерге қалдырсақ, жалпы халықтың жауапкершілігі әлсіреуі мүмкін, – дейді Еркебұлан Серікұлы.

Бүгінгі басты міндет – жұдырықтай жұмылып, «азаматтық борыш» деген қастерлі ұғымның мәнін дұрыс түсіндіру, оның беделін арттыру және қауіпсіз, әділ жүйе қалыптастыру. Сонда ғана әскерге бару мәжбүрлі қадам емес, саналы шешімге айналмақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button